- Негізгі бет
- Тұлға
- Әлем таныған академикті...
Әлем таныған академикті қазақ танымайды…Жалғасы
Әлем мойындаған қазақты қазақтар онша біле бермейді екен. Оған осы мақаланы жазу барысында көзіміз жетті. «Бір айтса, осы кісі айтып қалар» дегендеріміздің өзі энциклопедиялық деректен аса алмады. Мәскеуде оқып, жұмыс істеген қазақты Мәскеуде оқығандар арасынан сұрастырдық. Сөйтіп Мұрат Әуезовке хабарластық. Мұрат ағамыз: «Мұрат туралы Мұрат жақсы білсе керек», – деп тағы бір Мұратқа сілтеді.
Мұрат Әуезов берген телефонға хабарласқанымызда: «Мұрат менің досым ғой. Ол туралы мақала жазамыз дегендеріңіз жақсы екен. Үйге келіңіз», – дегенді естіп қуандық. Уәделескен күні, уәделескен уақыттан сәл ертерек айтқан мекен-жайына бардық. Пәтерінің алдында біраз тосуға тура келді… Үй телефонына хабарлассам, қырық алтыншы нөмірлі пәтердің телефоны шыңғырып тұр…
Өміріңде көрмеген адамды көз алдыңа елестету де бір қызық дүние. Мысалы, ғалым адам қандай болады, ғалым болғанда да ол биолог болса? Көзінде үлкен көзілдірігі бар, ашаң келген, жағы суалған, қойнына үш-төрт кітап қыстырып, қолына дәу сөмке ұстап, апыл-ғұпыл басып келе жатқан адам… Көз алдымда осындай кинолента жүріп өтті. Жанымнан көзілдірігі мен кітабы жоқ демесеңіз, сондай кісі өте шықты. Тоқтатайын десем, жастау көрінді. Оның үстіне мен қарауылдап тұрған пәтерге мойын бұрып қарамады да. Ол емес. Мосқалдау бір кісі келе жатыр. Ол да емес. Бірақ, пәтерге кірер деп ойладым. Сөйтсем, «46»-ға жетпей, көрші есікке бұрылып кетті. Өстіп бір сағатқа жуық әлгі үйдің подъезінде кірген-шыққан адамдарды күтіп алып, шығарып салып тұрдым. Бір кезде жас жігіт келді. 46-пәтердің алдына қоларбаны әкеп қойды да, есікті ашты. Біреуді күткен түрі бар. Төменнен тепшек жағалап, қапсағай денелі аға көтеріліп келе жатыр екен. Ұға қойдым. Мен күткен кісі.
– Мұрат аға, бұл сіз бе?
– Иә, бағана хабарласқан журналисткасыз ғой? Мен кешіктім, айып етпеңіз… – деп қолын созып, әлгі арбасын сипаланып іздей бастады… Танысып, жағдайымызды айттық. Ол кісі де… алты жылдан бері мына жарық дүние көз алдынан бұлдырап кетіпті… Жетелеп жүрген шәкірті екен…
Бұл – биология ғылымының докторы, академик Мұрат Ғылманов еді… Бірден іске көшті. Нақ сөйлейтін адам екен. Әдетте әдебиет пен өнер саласындағы адамдармен әңгімелессең, бірінші қазаққа қандай еңбегі сіңді, оны халқы бағалап жүр ме, жоқ па, соны айтып, миыңды шірітіп жібереді көпшілігі. Ал ғалымдар басқаша. Көсіліп кетпейді. Өз саласынан басқаға бас қатыра бермейді. Мұрат Ғылмановтың әріптес досы, академик Ізбасар Рахимбаевтың да бойынан сол қасиетті аңғардым. Екеуі де өздері туралы емес, тек достары туралы ғана айтады.
Екі достың әңгімесімен дүниежүзі мойындаған қазақтың кім екенін, қандай азамат болғанын оқырманға таныстыруды жөн көрдік.
Біз әлемге әйгілі академик Мұрат Әбенұлы Айтқожиннің әлеміне бойлап көруді қанша жерден мақсат тұтсақ та, там-тұмдап қана дерек жинаған едік. Әкеммен түйдей құрдас екен. Биыл жетпіс беске келеді. Мен туылған жылы өмірден өтіпті, мүшел жасына қараған шағында… Жиырма алты жылдың ішінде ұмыта бастаған, ұмытыла бастаған…
ЛЕНИНДІК СЫЙЛЫҚТЫ НЕ ҮШІН АЛДЫ?
Сонымен, біз ол туралы не білдік? «Мұрат ҚазМУ-де биофактың 3-курсында оқып жүргенде МГУ-ға ауысыпты. Сабақ үлгерімі жақсы болған. Сонда оқып жүріп, Спирин деген әйгілі биохимикпен танысып, соның лаборатиясында протеин синтездейтін рибососмаларды зерттеуге кіріскен. Сол сала бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1969 жылы Алматыға келгенде үкімет оны қатты қолдаған. Молекулалық биология бойынша лаборатория ашып берген. Дінмұхамед Ахметұлы ғылымға ақшаны аямады. Сол кезде мұндай үлкен лаборатория салу қазақ ғылымының, оның ішінде Мұрат Әбенұлының жетістігі болды», – дейді Мұрат досы.
Ал Ізбасар Рахимбаев: «Мектепте биология деген пәнді оқыдың ба?» – деп сұрағыма қарсы сұрақ қойды. Бас шұлғыдым. Іштей «биологиядан сұрақ қоймаса екен» деп тіледім. Ол сабақтан сынып жетекшіміз берген. Шынын айтсам, біз биология сабағын өтпейтінбіз, оның орнына көбіне сынып жиналысын жасайтынбыз. Мектепте биология сабағы қалай өтетіні көз алдымнан тағы да кинолента болып жүгіріп өтті. Тыныштықты биологтың өзі бұзды. «Биологияны оқушы кезде оқысаң, аздап қана түсіндірейін. Айтқожинге қазақтың деңгейінде ғана қарай алмаймыз. Өйткені, оның ғылымға сіңірген еңбегіне дүниежүзі бей-жай қарамайды. Биология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Ғылым академиясының президенті, қайтыс боларынан 2-3 күн бұрын КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі атанған адам. Осыншама атақ-абыройға қалай жетті?» – деп бастап, екі жарым сағаттан асқан сұхбатымыздың 2 сағат 6 минутында Мұрат Айтқожиннің ғылымда ашқан жаңалығын қағазға сызып, формулалармен түсіндірді. Мектепте мандытып оқымаған сабағымның негізін 2 сағат 6 минуттық лекциясымен жеткізді. «Айтқожин молекулалық биология саласында еңбек еткен. Бұл ғылымның негізгі мақсаты – биологиялық ірі молекулалар құрылымын зерттеу. Нуклеин қышқылдарынан протеиннің (ақуыз) қалай түзілетінін бақылап, информосома бөлшегінің қызметін дәлелдеп, биология ғылымының алға жылжуына жол ашқан ғалым», – дейді Ізбасар аға. Журналымызда ол кісінің түсіндірмесін түгел берсек, көлемі көтермейді. Оның үстіне, біз ғылыми-әдістемелік мақала жазуды мақсат еткен жоқпыз. Егер биологияда информосома деген терминді кезіктірсеңіз, Мұрат Айтқожиннің еңбегі деп біліңіз. Дәл осы жаңалығы үшін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанған.
ОҚУШЫ КЕЗІНДЕ ҮЛКЕНДІГІ ЖОЗЫНЫҢ БЕТІНДЕЙ АСҚАБАҚ ӨСІРІПТІ…
«Мұрат мектепте оқығанда-ақ жай оқушы болмаған. Аядай аулаға асқабақ өсіріп, тегештей-тегештей өнім алып, елді таңғалдырған. Жаңа сорттарды өсіргісі келген. Өзінің айтуынша, оның өсірген асқабақтарының көлемі төрт адам шай ішетін үстелдің көлеміндей болған», – дейді Мұрат Ғылманов. Екінші досы Рахимбаев Айтқожиннің «Жас натуралистер» үйірмесіне барып жүргенде тары өсіріп, оның түсімі Мәскеуде халық шаруашылығы көрмесінің Бүкілодақтық слетінде көрмеге қойылғанын айтады. Бірақ, Мәскеуге Мұраттың орнына басқа бала барады. Сөйтіп, бөтен бала оның тарысын өсірген болып шығады. Мұндай әділетсіздікке Мұрат қатты ренжиді. Дегенмен, өзінің мықты екенін дәлелдеу үшін ҚазМУ-дың биофагына түседі.
МӘСКЕУДЕ ҚҰШАҚТАСҚАН ЕКІ ҚАЗАҚ
«Мәскеуде Тимирязев академиясында аспирантурада оқып жүргенімде, МГУ-да молекулалық биология тақырыбында үлкен семинар болды. Бұл 1965 жыл еді. Семинарға барсам, конференция залына ғалымдар енді жиналып жатыр екен. Ұзын дәліздің арғы басында біреу артынып-тартынып жүгіріп келе жатқан сияқты көрінді. Қарасам, өзіміздің қазақтың баласы. Аққұбаша келген, ұзын бойлы жігіт. Кекілі дудырап көзіне түсіп кетіпті. Алматыдан кетер кезде ұстазым Темірбай Дарқанбаевтың: «Мәскеуде Айтқожин деген болашақта мықты ғалым болатын қазақ бар. Сонымен танысып ал», – деген сөзі есімде. Бірден тани кеттім. Ол болса, тура қарсы алдыма келіп: «Сенде трис бар ма?» – деп сұрады (Трис дегеніміз – химиялық реактив – І.Р.). Амандасу да, танысу да жоқ. Күніге араласып, бір үйде қонып жүрген адам сияқты. Ішім жылып қоя берді. «Бар», – дедім. «Ертең маған әкеп бересің бе, әлде бүгін сенімен өзім ілесіп барайын ба?» – деді. Мен ертеңіне әкеліп беруге уәделестім. Келесі күні бір банка тристі көтеріп, Мұрат жұмыс істейтін биохимия институтына бардым. Лабораторияға кірсем: «Ол салқын бөлмеде», – дейді. Тәжірибе жүргізгенде ферменттер қалпын сақтап тұру үшін бөлме температурасы мұздатқышпен бірдей болуы керек. Мұз бөлмеге кірсем, аяғына пима, басына тымақ, қалың шалбар мен күртеше, қолына арнайы қолғап киген біреу жүр екен. Мен іздеген адам көрінбегесін, есікке қарай беттедім. «Бұл мен ғой», – деген дауысқа жалт қарағанымда, әлгі Сібірде жүргендей қабат-қабат киініп алған адамның Мұрат екенін білдім. «Мен саған реактив әкелдім», – деп едім, жүгіріп келіп құшақтап алып, балаша мәз болды. Сонда ғана бір-біріміздің атымызды айтып, қол беріп таныстық. Алғаш суық бөлмеде таныссақ та, қарым-қатынасымыз ыстық болды. Ол менің атымды ешқашан атамады, Избуша дейтін». Бұл Ізбасар Рахимбаевтың жадынан кетпейтін естелігі.
БІР КҮНГЕ БІР ҚОРАП ШӘЙ ТҮК ЕМЕС…
«Мұрат холерик болған: бір орында тұра алмайды, ішкі энергиясы тасып тұратын. Жұмысты өте жылдам және сапалы істейтін. Кешкісін жиналып шәй ішкенді тәуір көретін. Хош иісті үнді шәйі Мұраттың үйінен ғана табылатын. Сауыққой еді. Мысалы, отырыстарда орыс әндерін қазақшаға аударып, бәріміздің ішек-сілемізді қатыратын», – деп күлімдеді Мұрат досы.
Ал Ізбасар аға досының мінезі туралы біраз қызықтармен бөлісті: «Өте сыпайы адам еді… Бірақ… Біздің үйдің жанындағы орталық гастрономды көрдің ғой. Сол бұрын түнгі 11-ге дейін жұмыс істейтін. Ал қалған дүкендер кешкі 8-ге дейін жабылып қалатын. Жұмыстан кеш шығып, гастрономға келеміз. Кезек деген қарақұрым болып тұрады. Сонда Мұрат барып кезексіз шәй мен кілегей алады. Кезекте тұрған адамдар Мұратты көргенде, жымиып күліп, кассадан ың-шыңсыз өткізіп жібереді. Оның жүзінде адамды баурап алатын ерекше жылулық, сүйкімділік болды. Әйтпесе, кезекте сағаттап тұрған адамдар бізді өткізбес еді. «Ақыры келдік, кезекті күтейік» десем, «уақытым аз» дейтін. Мұрат қайта-қайта қайнатып, күніне бір қорап шәйді тауысып тастайтын. Достарының барлығы бір жерге барса, базарлыққа шәй әкеп беретін.
Бірде Алматының маңындағы бір ауылға біздің туыстарымыздың үйіне қонаққа бардық. Ол кезде Мұрат академияның президенті. Үй иесі: «Қуыс үйден құр шықпа», – деп, жейде берді қайтарда. Мұрат соған ерекше шаттанды. Өмірінде ондай жейде киіп көрмеген сияқты. Ондай көйлектің Мұратта мыңы болған шығар. Бірақ, олай қуана білуі – сәби жүректілігі».
ЛАБОРАТОРИЯҒА БІР КІРСЕ, БІР ЖҰМА ШЫҚПАЙДЫ ЕКЕН…
«Қазіргі Абай мен Алтынсариннің қиылысында Ғылым академиясының жатақханасы болды. Осы күнгі бүкіл академик, профессорлар сонда тұрдық. Мен жұмыстан кешкі сағат тоғызда келем. Ал ол болса, түнгі екі-үшке дейін жұмыстан келмейтін. Тіпті кей кезде лабораторияда қонып та қалатын. Мұрат ылғи асығып жүретін. Өзі өте жылдам қимылдайтын. Саябақта серуендеп жүрсек, демалып жүргенімізді ұмытып кетіп, аяғын жылдам басып, алдыға түсіп кететін. Кейде маған ол бәріне үлгеріп қалуға асыққан сияқты көрінеді.
Мәскеуде де қатты беріліп жұмыс істеді. Айтқожинмен бірге жұмыс істеуге көп адамдар таласқан. Негізі қазақтарды Мәскеуге барғанда менсіне бермеген. Өзіңнің білімділігіңді дәлелдесең ғана сенімен санасады», – дейді тағы Ізбасар аға. Айтқожин өзімен бірге жұмыс істеген балаларды түннің бір уағында таксилетіп үйіне жеткізіп тастайды екен. Мұны екі досы да растап отыр.
«Ол лабораторияға бір кірсе, бір жұма шықпайтын, басқа ештеңеге мойын бұрмайтын. Төзімділігі ғой. Лениндік сыйлықты алған қазақ биологы – Мұрат Әбенұлы. Ол бұл нәтижеге 5 жылдың ішінде қол жеткізген», – деп сүйсінеді Мұрат Ғылманов.
А. Оралқызы