Сегіз қырлы, бір сырлы тұлға – Шот-Аман Уәлихан

Сегіз қырлы, бір сырлы тұлға – Шот-Аман Уәлихан
Фото: vk.com

«Ойы бар найзағайдай жарқылдаған,
Жігер бар алып ұшып қарқындаған.
Өмірі от секілді жанған өрлеп
Жүйріктей өрге шапса алқынбаған»
                                               Ілияс Омаров

Қазақстанның мақтан тұтар зиялы азаматтарының бірі, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, «KAZGOR» жобалау академиясының Құрметті академигі, Халықаралық Шығыс елдері сәулет академиясының академигі, Қазақстан Республикасы көркемөнер академиясының академигі, Әлемдік Шыңғысхан академиясының Құрметті Президенті, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының академиялық профессоры, Халықаралық сәулет академиясының корреспондент мүшесі, профессоры, Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Мәскеу қаласы халықаралық сәулет академиясының (МХСА) академигі, Қазақстан Сәулетшілер Одағының, Суретшілер Одағының, Дизайнерлер Одағының және Жазушылар Одағының мүшесі, Көкшетау Мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры Шот-Аман Уәлихан 85 жасқа толып отыр.

Шота Ыдырысұлы (азан шақырып қойған аты Шот-Аман) 1932 жылғы  26 сәуірде қазақтың ұлы ханы Абылай ұрпағының отбасында, әйгілі Сырымбет тауының іргесінде, бір кезде сүйікті немересі Шоқанды тәрбиелеп өсірген ардақты әже Айғаным тұрған жерде (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының Сырымбет ауылында) дүниеге келген текті атаның ұрпағы. Бұл туралы арқалы ақын Ғафу Қайырбеков Шотаға арнаған өлеңінде:

«Сүйікті шын перзенті бір құдайдың,
Қазақтың тіккен туы – ұлы айбын.
Журеміз қолынды алып қасиеттеп,
Құдіретті жақсы ұрпағы Абылайдың»,– деп жазды.

Аталған мекендегі Казгородок (қазіргі Сырымбет) орта мектебін күміс медальмен тәмамдаған Шота 1950 жылы Мәскеу сәулет институтына оқуға түсіп, оны 1956 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолын Алматы қаласындағы «Казгорстройпроект» мемлекеттік жобалау институтында сәулетші болып бастады. Одан кейін КСРО сәулет және құрылыс Академиясының қазақ бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, Алматы қаласының бас сәулетшісінің орынбасары, «Казпромстрой НИИ проектің» аға ғылыми қызметкері, республикалық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, «Казграждансельпроект» жобалау бас институтында бас сәулетші болды. 1973 – 1982 жылдары үзбестен он жыл бойы Қазақстан Сәулетшілер Одағын басқарды, КСРО Сәулетшілер Одағы басқармасының хатшысы болды.

Қазақстан Сәулетшілер Одағын басқарған кезде Шота Ыдырысұлы республикамыздың ұлттық сәулетшілер кадрларының өсуіне, олардың шығармашылық еңбек етуіне көп күш жұмсады. Ол осы Одаққа келгенде бес-ақ қазақ Одаққа мүше болса, ол Одақтан ауысқан кезде 300-ден астам қазақ Одаққа мүше болған екен.

1990-1995 жылдары Ш.Ы.Уәлиханов Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының өнер және сәулет бөлімінде меңгеруші қызметін атқарды. 1995-2015 жылдары ол республикалық тарих және мәдениет ескрткіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төрағасы болды. Сонымен қатар Халықаралық Абылай хан қорының президенті қызметін де атқарды.

Ш.Ы.Уәлиханов (басқа әріптестерімен бірге) көптеген ғимараттың, монументтің және жиырмадан астам ескерткіштің авторы. Олардың қатарында Алматыдағы «Универсам» дүкені, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғимараты, «Казгипрозем» үйі, Шоқан Уәлиханов, Тоқаш Бокин, Абай, Ғани Мұратбаев, Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов, Кенесары Қасымов, т.б. ескерткіштер бар.

Шота Ыдырысұлы еліміздің бас символы Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасын жасап, мемлекет тарихының жылнамасына орасан зор үлес қосты. 1993 жылы 18 қантарда республикамыздың тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Шөкеңе мынадай құттықтау жолдады: «Құрметті Шот-Аман Ыдырысұлы! Тәуелсіз мемлекеттің Елтаңбасының авторы ретінде есіміңіз халқымыздың жүрегінде мәңгі қалады. Сізге табыс тілеймін, әрқашан деніңіз сау болсын! Н.Назарбаев, 18.01.1993 жыл».

Әсіресе Шота Ыдырысұлының басқаруымен бір топ мүсіншілер мен сәулетшілер, құрылысшылар мен инженерлер жасап шығарған Алматыдағы Тәуелсіздік монументі – шоғыр ескерткіштердің ішіндегі шоқтығы биігі болды. Ол сәулет, мүсін және инженерлік өнерді тоғыстырған сәулеттік кешен. 1996 жылы тұрғызылған бұл монумент Париждегі Эйфель мұнарасы сияқты бүкіл әлемге әйгілі ескерткіштің біріне айналды.

Ш.Ы.Уәлиханов Қазақстан Респуббликасы Президентінің байрағының, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының, Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының эмблемаларының да авторы.

2001 жылы Ш.Ы.Уәлихан Семей қаласында атом сынақтарының құрбандарына арналған «Ажалдан да күшті» атты ескерткіш кешенін жасады. Оны көрген адамдар бейжай қала алмайды.

Мамандардың бағалауынша, Ш.Ы.Уәлиханның шығармаларына салынған дүниелерге өз орталығымен үйлесімділігі, ұлттық нақышы және кәсіби сапасының биіктігі тың. «Мүсіншінің жұмысы өте күрделі өнер. Адамның бір сәттегі қимылына оның бүкіл образын сыйдыру керек. Мысалы, Алматыдағы Шоқан мүсініне оның бүкіл образын сыйдыру керек. Мысалы, Алматыдағы Шоқан мүсініне біз Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаев екеуміз ғалымның ойланып қалған сәтін алдық. Ал Көкшетаудағы мүсінде еркіндік, жастық жалын бар», - дейді сәулетші Шөкең.

Шота Ыдырысұлының сәулетші ретінде ерекше із қалдырған саласының бірі – республикамыздағы ауыл-село құрылысы. Сонымен қатар ол құрылыс тәжірибесіне жер сілкіну кезінде құламайтын монолитті (мызғымас) үйлер салуды енгізудің алғашқы авторларының бірі.

Ш.Ы.Уәлихан сәулет ісі бойынша өткізілген бірнеше ашық және жабық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, Бүкілодақтық сәулетшілер сайысында оның жолдастарымен бірге жасаған Алматы қаласына арналған «Халықтар достығы» монументі бірінші орын алды. Қазақстан Республикасының Елтаңбасына арналған конкурста ол бірінші орынды жеңіп алып, авторлық құқыққа ие болды.

Сәулетшінің халық алдындағы жауапкершілігі туралы Шот-Аман Уәлихан былай деп тебіренеді:

«Ақын жаман өлең жазса оқымай қоюға, композитор жаман музыка жазса тыңдамай қоюға болар, ал жаман сарай немесе ұсқынсыз ескерткіш салынса қарамай қоюыңыз мүмкін емес. Көзге шыққан сүйелдей кемі 100 жыл тұруы мүмкін. Мұның өзі санаға қаншама әсер етеді десеңізші. Сондықтан да сәулетшінің халық алдындағы жауапкершілігі өте жоғары деп есептеймін. Сәулетші қиялшыл ғана емес философ болуы керек».

Ш.Уәлихан бір еңбегінде сәулетшілер жасаған ескерткіштердің рөлі туралы былай деп жазыпты: «Ғасырлар өтер, цивилизация алмасар, бірақ ескерткіштер, сәулет өнерінің қолтаңбалары сақталып қалады. Кейінгілер ілгерідегілерге сол ескерткіштерге қарап баға береді».

Республикалық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төрағасы ретінде ол  ескерткіштерді қорғау жұмысына көп көңіл бөлді. Халықаралық Абылай хан қорының президенті ретінде елімізде болған ірі тарихи оқиғалар мен әйгілі тұлғаларды мәңгілік есте қалдыру жасалатын жобаларға жетекші болып, басқарып отырды.

Ш.Ы.Уәлихан сегіз қырлы, бір сырлы, жан-жақты тұлға. Бұл туралы оның әріптесі, атақты ғалым, «KAZGOR» жобалау академиясының Президенті, профессор Ә.Ш.Тәтіғұлов былай деп жазды:

«Архитектура профессоры Ш.Ы.Уәлиханов сан қырлы адам. Ол тамаша айтыскер, дүниетанымы кең. Әріптесіміздің әлемнің сәулет өнері форумдарында Қазақстанның сәулет өнерінің дамуының жанды мәселелерін көтеріп сөйлеген сөздері республикамыздың архитектурасы мен өнеріне, тарихы мен мәдениетіне арналған сараптамалық мақалалары әлі де жадымызда. Ол бірнеше драмалық туындының авторы... Осының бәрі  Ш.Ы.Уәлихановтың жарқын, шын мәнінде ренессанстық тұлғасын сипаттайды. Тіпті әрқайсымыз оны әр қырынан, біреуміз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы ретінде, енді біреуіміз Тәуелсіздік монументінің немесе атом сынақтары құрбандарына арналған монументтің авторы, тағы біріміз ақын, ғалым немесе қоғам қайраткері ретінде танысақ та, бәрібір барлығымыз оның айрықша тұлғасының, Қазақстанның қазіргі заманғы архитектурасы мен өнеріндегі халық дәстүрлерін сақтаушы тұлғасының ықпалындамыз деп ойлаймын».

Ш.Ы.Уәлихан Сәулетшілер Одағының, Суретшілер Одағының, Дизайнерлер Одағының және Жазушылар Одағының мүшесі. Қазақстан тарихын зерттеуші ғалым, көрнекті жазушы, ақын, драматург, суретші. Ол Қазақстан тарихының ашылмаған ақтаңдақ беттерін, қалың жұртқа беймәлім сырлары көп ұлы тұлғалардың тарихын зерттеуге де қомақты үлес қосқан ғалым.

Шот-Аман Уәлихан қазақтың әйгілі ханы Абылайдың тарихи тұлғасына арналған, қазақ халқының ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми еңбектері бір төбе. Сонымен бірге оның Шоқан туралы пьесалары сахнаға шықты. Ғалымның жастық шағына арналған алғашқы пьесасы «Жас Шоқан» 1962 жылы Шымкент облыстық драма театрында қойылды. Пьесаның орысша нұсқасы 1982 жылдан бері Көкшетау облыстық драма театрында бірнеше рет көрсетілді. «Кадет Шоқан», «Шоқанның ақ түні» пьесалары да сәтті шыққан туындылар. Автор Шоқан туралы «Айтылмаған әңгіме», «Шоқан туралы бірер сөз», «Достық жыршысы», «Тағылым», «Абзал аға, өнегелі інілер», «Жаны сұлу жарқын бейне», «Халқының арман мұның арқалаған», тағы басқа зерттеу еңбектерін жариялады. Ол Шормановтар әулеті туралы да бірқатар зерттеу мақалалар жазды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 1981 жылы 28 тамыздағы санында шыққан «Ескінің көзі – тарихтың өзі» атты мақаласында Ш.Ы.Уәлихан өткен тарихты зерттеудің қажеттілігі туралы былай деп жазды: «Тарихтың талай белгісіз беттері әр жерде жатыр. Бәрін ерінбей жалықпай жинастырып, зерделі зерттеуіміз қажет. Әзірге Қазақстанның алып тұлғасына лайықты, әріден келе жатқан жан-жақты, біртұтас мәдени келбетін дүние жүзіне толық көрсете алмай келеміз. Өткеннен бізге жеткен әрбір ұлы еңбек - бабаларымыздың маңдай тері, ой-сезімі, талабы мен талантынан туған асыл мұрасы. Оған ие болып, әрі байыстып, келер ұрпақтардың игілігіне асыру мұрагерлік борышымыз».

Тарихи мұраға қатысты ойларын ол мынадай өлең жолдарымен де білдіреді:

«Дүниеге не ғұлама дана өткен
Саф алтындай ойлары бізге жеткен.
Солардың мұрагері бола алсақ қой
Іс-қимылын бабаның ғибрат еткен».

Осы шағармаларды оқып отырып біз Шотаны ата-бабалар мұрагері бола алды деп айта аламыз. Ол өзі де өткен ата-бабалар мұрагері ғана емес, өз шығармаларымен кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық мол мұра жасады. Оған дәлел оның мына өлең жолдары:

«Адамдық менің құраным,
Ақынмын әрі батырмын.
Ұрпаққа қалар мұраның
Іргесін қалап жатырмын».

Сәулетші  Ш.Ы.Уәлихан Мәскеуде, Мадридте, Берлинде, Парижде, Бакуде, Ереванда, Тбилисиде, Пекинде, Мехикода, тағы басқа қалаларда өткен сәулетшілердің халықаралық кәсіби конгрестеріне жасаған баяндамаларында үнемі сәулет, қала құрылысы, ауылды жерлердегі құрылыстың өзекті мәселерін көтерді. Сол конгрестерде сөйлеген республикамыздың сәулет және өнер саласындағы жетістіктерін көрсетіп, алда тұрған проблемаларды да айтып отырды.

Ш.Ы.Уәлихан сәулет пен өнер туралы бірнеше ғылыми еңбектердің, сәулет өнері тарихы мен мәдениеті туралы жазылған көптеген қызықты мақалалардың автор. Оның 1965 жылы баспадан шыққан «Таспен жазылған симфония» атты повесін оқырман қауым жылы қабылдады.

Шөкең шабыты келгенде «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» (Абай) өлең жолдарын да мөлдіретіп ақ қағаз бетіне жазып қояды. Ол «Көгілдір Көкше» (әні Е.Хасанғалиевтікі), «Жарық жұлдыз» (әні С.Мұхамеджановтікі), «Айналдым, айналдым елімнен» (әні Н.Тілендиевтікі) сияқты әсем әуезді өлеңдердің авторы. Ақын Шота әзірлеген «Жүрегім боп соғады жердің өзі» атты жинағына енген «Беташар» деген өлеңінде өзінің жырдағы қолтаңбасы туралы:

«Өлеңім менің қырық құрау,
Қалыпқа сыйа бермейді.
Ғаламат сурет салам деп
Мың бір бояу іздейді» - деп өзінің ізденімпаз сырымен, арманмен бөліседі.

Сәулетші Ш.Ы.Уәлиханның жан-жақты шығармашылығы жоғары бағаланды. Ол «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, көптеген медальдармен Құрмет грамоталарының, Тәуелсі «Тарлан» сыйлығының иегері.

Шөкең бақытты адам. Ол өзінің серігі, сүйген жары Зинаида Кәрімқызы екеуі Гүлнат, Баян атты қыздарын тәрбиелеп өсірді. Олардың екеуі де жоғары білімді білікті мамандар. Олардан алты немере, бірнеше шөбере сүйіп қуанышқа бөленуде.

Ш.Ы.Уәлихан өмірімнің әр сағатын тиімді пайдаланып халқына қызмет етуді, шығармашылығын биікке көтеруді армандаған. Ол арманы мына өлеңінен де көрінеді:

«Қыйындатып, селдетіп, нөсерлетіп,
Күнім өтіп барады, күнім өтіп.
Етегіне бөгелмей арман таудың
Шың басына, шіркін-ай, қонсам жетіп».

Біз бүгін әйгілі сәулетші жерлесіміз, досымыз Шот-Аман Ыдырысұлын 85 жасқа келген мерейтойымен шын жүректен құттықтап, оған мықты денсаулық, отбасының амандығын, зор бақыт, шығармашылық табыс тілейміз. Зинаида Кәрімқызымен бірге балалар мен немере шөберелердің қызығын көре беріңіздер демекпіз.

Қайролла Мұқанов, зейнеткер, 
білім беру саласының ардагері

А. Оралқызы