Шерхан Мұртазаның мерейтойы дүбірлеп өтті

Шерхан Мұртазаның мерейтойы дүбірлеп өтті

Қазақ әдебиетінің, тілінің, ділінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған шерлі аға, шері аға – Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойы болады дегенде дегбірі қашып жүрген біздің өмір бір сәтке аяңдап, алды-артымызға қарауға мүмкіндік туды. Жуалы жаққа, Бауыржан Момышұлы ауылына қарай ағылып-төгілген халықтың қисабы жоқ. Әкім де, ақын да, алыс та, жақын да сонда.

Бекітілген бағдарлама бойынша, жұма күні мерейтойдың ашылу салтанаты Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласындағы облыстық қазақ драма театрының шаңырағында жазушының «Домалақ ана» спектаклінің тұсаукесерінен бастау алды. Бұдан кейін сенбіде «Баласағұн» орталық концерт залында «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және тәуелсіз ел руханияты» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда абыз жазушы шығармаларының 5 томдық жинағының таныстырылымы өтіп, насихатталды. Бұдан әрі Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Шерхан Мұртаза шығармашылығына арналған мұражай ашылды. «Халқымыздың ұлы перзенті Ш.Мұртаза 80 жаста» атты салтанатты шара, драматургиялық шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау, мерекелік концерт болатын Бауыржан Момышұлы ауылына қарай ағылдық. Тойдың қызығы палуандардың күресімен басталған сыңайлы. Намысқа тырысқан татамидегі таласты талайымыз тілерсегіміз талғанша қарадық. Жықты, жығылды, әйтсе де жеңілгендер болмады.

Бұдан әрі үлкен сахнаның маңын торуылдаған біздің басты деген шарамыз басталып кетті. Анау жақтан жұрттан бөлек, қою қара бір топ жақындап келеді екен. Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Құл-Мұхамед бастаған топ кіріп келгенде ауыл демін ішке тартқандай, жұтынып, жым бола қалғаны. Бірде шетелдік ақпарат газетінен «таулар да жүреді, мың жылда бір жер астындағы плафтормалардың қозғалуынан» деген қызықты дерек оқығанмын. Міне сізге, көз алдыңызда қатарынан таулардың тобы мысымызды баса жақындап келеді. Осындай градациялық ойлардың асты-үстінде шырмалып қалған болуымыз керек, біздің ой-қиялымызды сап тиған бір жағдай болды. Арадан 3-4 жасар балалар шыға келіп, Шерағама қолын созғаны. Тау-ағам еміреніп тұрып беттерінен шөлпілдете сүйді кеп дейсің. Бет-аузынан түгі қалмаған анау қара бала бәрімізден де бақытты болып шыға келді.

Негізгі қонақтар орынтақта орын алғаннан соң-ақ мүлгіп тұрған сахна жадырап сала берді. «1932... Халықтың басындағы қайғысын, қасіретін шерін жусын, ұлымның атын – Шерхан қойдым!». Әрмен қарайғы ғұмыры, азаматтығы, шығармашылығы, ақтаңгерлігі көрсетіліп, орынды композицияға құрылған өмірі баяндалды. Құрметті қонақтар ішінде бірінші болып Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхамед сахнаға көтеріліп, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шерхан Мұртазаға арналған құттықтау хатын оқып, тапсырды.

Мұхтар Құл-Мұхамед, Мемлекеттік хатшы:

- Осыдан бір-екі жыл бұрын дәл осы сахнада Шерағаның ардақты ағасы, ұлағатты ұстазы, қазақтың ұлы батыры Бауыржан Момышұлының тойын тойлаған едік. Ал бүгін міне, сол Бауыржанның өмірдегі, өнердегі жалғасы, қазақтың қаһарман жазушысы, халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыздың тойына жиылдық. Той құтты болсын.

 

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының фракция мүшесі:

-  Шерхан Мұртаза туралы көп дүние айтылып жатыр. Бұл мадақтау емес. Бұл соны саналы түрде бағалай білу. Мен айтар едім, Шерхан Мұртаза қазақтың сөзінің беделін көтерген адам. Шерхан қай жерде жұмыс істесе де, игілік, әділдік тұрғысынан келеді. Көптеген көркем сөз шеберлерінің өзі «Шерханның шекпенінен шықтық» деп мақтана айтады. Бұл үлкен тұлғалық. Сондықтан да өтіп жатқан тойымыз халықтың үлкен рухани мерекесі деп айтуға болады.

Жұмабай Шаштайұлы, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:

-   Шерхан Мұртаза – қазақ руханиятындағы өте тұлғалы есім. Уақыт өтіп, тарих ұмытыла бастағанда көп адамдар ұмытылады. Себебі жазылған дүниенің уақыты өтеді, ескіреді. Кешегі конференцияда Әбіш Кекілбаев тауып айтты: «Қазақ тәуелсіздігін дайындаудағы ең үлкен рөлін атқарған адам Шерхан Мұртаза» деді. Уақыт тозаңына сіңіп кететін шығармалар да болуы мүмкін ғой, бірақ дәл Шерағаның әңгімелерінде Шукшиндік шешімдер бар. Шукшинге ғана тән қырлары бар. Шераға шығармашылығының ұлттық колориті де керемет. Меніңше, бұл кісі әңгіме жанрында көгінен ешқашан жұлдыз болып түспейтін сияқты.

Азаматтығына келер болсақ, жалпы Шераға Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлылардың мектебінен шыққан. Сондай батырлық, ерлік қасиеттер дарыған адам. Қазақ қарияларының ұстанымы дәл осы Шерхан ағамызда бар. Жалпы әліге дейін ағамыз жазушылық миссиясын жақсы атқарып келеді.

Бесбай Қансейітұлы, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:

-   Шерағаңа деген құрметіміз ерекше. Кешегі сахналық қойылым да, мұражайдың ашылуы да, тойда жасалған іс-шараның барлығы да ол кісіге деген ілтипат-ниетіміздің барында. Тойдан кейін де ұлттық ат ойындары жалғасын табатын болады. Тойға жалпы төрт мыңдай адам шақырылған. Бірақ көріп отырғанымыздай, одан да көп қонақтарымыз бар. Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхамед және басқа облыстар басшылығы ат басын тіреп отыр. Бұл біз үшін мақтаныш.

Ауыл екіге жарылып отырған. Бірінде дастархан, кең алаң болса, ал бірінде сахна. Десек те, екінші ауылда да сахнадағы болып жатқан жәйттің барлығын көрсетіп тұратын үлкен теледидар қойылыпты. Ұйымдастырушылардың мұндай тапқырлығы назар аударарлықтай болған екен. «Домалақ ана» спектаклінің қойылымы қалың жұрттың көңілінен шықты.

Сөйтіп, Шерағаның тойын да өткердік. Қазақ өркениетінің белгісіндей болған бұл тойдан рухани азық алып, санамызда естелік қазығын қағып көлікке отырдық. Жолға шыққанда Әулиеата жерінің аңызға тұрарлық табиғатына көз салуымыз да бекер емес екен. Алатаудың шыңында ғана күлгін қызыл нұр тұрғандай болды. Бәлкім тойды өткізген соң, Абайшалап өз-өзіне есеп беріп отырған Шерағамның көзі де сол шыңға түсіп отырды ма екен?.. Кім білсін...

Арнайы Массагет.кз үшін: Ардақ ҚҰЛТАЙ

Л. Лига