Сталиннің туфлиі немесе шұлықсыз Эйнштейн

Сталиннің туфлиі немесе шұлықсыз Эйнштейн
Фото: ukrainianwall.com

Бүгінгі әңгімеміз – та­рихтағы танымал тұлға­лардың ерекше әдеттері жайлы. 

Француз қолбасшысы Наполеон Бонапарт өте тез тамақтанатын болған. Қолбасшы бір уақытта сорпадан да, қою тамақтан да, десерттен де дәм татып, он минут өтпей-ақ үстел басынан тұрып кетеді екен. Бір қызығы, ол үнемі жалғыз тамақтанғанды ұнатыпты.

Ал суретші Сальвадор Далидің әдеті тіптен қызық. Ол түстеніп болған соң орындыққа отырған күйі бес-он минуттай көз шырымын алуды әдетке айналдырыпты. Ұйықтар алдында сол қолының сұқ саусағына жезден жасалған кілтті іліп, аяқ жағына темір тостағанды қоятын болған. Көзі ілініп бара жатқанда қолындағы кілті тостағанға түсіп, соның дауысынан оянады екен. Далидың айтуынша, мұндай бес-он минуттық ұйқы адамды тез сергітіп, шабыттандыратын көрінеді.

Эйнштейннің ешқашан шұлық кимегенін білетін бе едіңіз? Ұлы ғалым шұлықты түк қажетсінбепті. Осыны жасыру үшін салтанатты жиындарға әдейі қонышы ұзын етіктермен барған екен.

Француз жазушысы Оноре де Бальзак өз шығармаларын тек түнде жазған. Сондықтан кофені тым көп ішкен. Бальзактың қолжазбаларындағы кофенің іздері – соның айғағы болса керек. Кофенің әсерінен ол тапжылмай 48 сағат бойы жұмыс істеген. Ақыры бұл әдеті жазушының түбіне жеткен.

Саясаткер Сталин тым қарапайым киініпті. Ол бір киімді шешпестен ұзақ уақыт бойы жүре берген екен. Қайраткердің оққағары болған Алексей Рыбин былай жазған: «Оның бір ғана туфлиі болды. Аяқ киімнің терісі жалбырап, өкшесі желініп қалған. Сталин мұнымен жұмыста да, театрда да, ел алдында да еш қысылмай жүре берді. Бірде оған жаңа туфли сатып алып, кереуетінің түбіне қойдық та, ескісін алып кеттік». Алайда, олардың ойы іске аспапты. Ұйқыдан оянған Сталин өзінің бұрынғы туфлиін тез арада қайта әкеліп берулерін бұйырып, ашуланған екен.

Дереккөз: astana-akshamy.kz

Ө. Сансызбай