Бүгін Шәмші Қалдаяқов туған күн!

Бүгін Шәмші Қалдаяқов туған күн!

Әнім сен едің...

Әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алып, телегей теңіздей сезім сыйлаған, көңіл пернесін дөп басып, ыстық ынтызарлықтың, шексіз сүйіспеншіліктің төлқұжатындай болған әндердің авторы - Шәмші Қалдаяқовтың туған күні бүгін... Көмейіне құмыр құс ұялаған әншілердің бағын ашып, өнерге жолдама алып берген әсем әндер бүгінде әркімнің көкейінде қалықтап тұр.

Түн ұйқысын төрт бөлген абзал анамызға деген перзенттік махаббатымызды:

Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін.
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын, -

деп Шәмшіше жеткіземіз, сүйген жанға деген ыстық іңкәрлігімізді:

Әнім сен едің кешке салатын,
Содан жас жаным бақыт табатын.
Тағы келді ғой құстар ән салып,
Тұрмын оларды жалғыз қарсы алып, -

деп тағы да Шәмшінің әнімен жолдаймыз. Көңіл тебіреніп, жүрек толқыса да:

Толқысын шартарап, тасышы, тебіренші,
Ей, гитара!
Оу, жан серігім,
Төгілсін күй тарап!
Жаның тарықпасын, 
Ән шарықтасын!
Қайран басың, ғаріп басың,
Көзіңді жұмбай қамықпасын, -

деген Шәмшінің әндері көкейге кептеле қалады...

«Қайықта», «Дүнген қызы», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қуаныш вальсі», «Әнім сен едің» секілді алты алашты кезген асқақ 300-ден аса ән жазған Шәмші бүгінгі күнге дейін қазақ музыкасындағы ең тұғырлы, ең биік сазгер. Байлық пен атаққа белшесінен батпаса да, қалың қазақтың алақанында өткен аңыз адам.

Шәміл-ау! 

Шәмші қайда? 
Шәмші қайда? 
Шәмшіге айт, 
Тағы да бір таңдандырсын, 
Жындандырсын жүректі, жандандырсын! 
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер, 
Мәңілік өлмейтұғын ән қалдырсын! 

Ақиық Мұқағали Шәмшіге осылай деп өлең өрген. Шәмші артына мәңгілік өлмейтұғын қазына қалдырды да...

Өзге әннен шоқтығы биік тұрып, сыршылдығымен көңілді жаулайтын әндер жарып шыққан нәзік жүрек иесі шынайы өмірде қарапайым адам болған деседі. Шәуілдірдің жусанын иіскеп, топырағын кешіп өскен еркін ұл бар қазақтың Шәмшісі атанып, қазақ музыкасының бойтұмарына айналды.

Әнұранымыздың авторы, бүкіл қазақтың маңдайына біткен жұлдызы Шәмші Қалдаяқовтың аты қазақ барда өлмек емес... Әннің тойы құтты болсын!

Сурет: proza.ru, altaynews.kz

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза