- Негізгі бет
- Тұлға
- Бейсен Құранбек: Алғыс...
Бейсен Құранбек: Алғыс айтудың аясы тарылып бара жатыр
Тележүргізуші Бейсен Құранбек бүгінгі, 1 Наурыз — Алғыс айту күніне өз ойын білдірді деп хабарлайды Baistars.kz.
Ол Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында қоғамның қазірде құрғақ «рахметпен» шектеліп жатқанына налыды және бүгінгі мереке ежелгі алғыс айту дәстүрін жаңғыртуға тамаша мүмкіндік екенін айтты.
«Негізі, бұл мерекенің мән-мағынасы басқашалау еді. Біз ақ таңды бір-бірімізге алғыс айтудан бастап кеттік. Осылай дұрыс та шығар. Мереке өміршең болсын!» — деп жазды журналист парақшасына.
Бұдан кейін қоғамдағы алғыс айтудың аясы тарылып бара жатқанын айтты: «Жалпы, біз алғыс айтуды ұмытып қалдық ғой қазір. Алғыс дегеніміз бұрында не нәрсе еді? Ол көңіл мен ниетті ғана білдіру емес, астарында болашақ пен жақсылыққа бағытталған тілеуқорлық болатын. Бүгінгі алғыстың бар сипаты: «рахмет» қана. Оның өзін кейде «үлкейтіп», кейде «кішірейтіп» айтамыз. «Көп-көп рахмет» десек, демек, аз рахмет те болып тұр ғой».
Журналист қазақта бұрын алғыс айтудың түр-түрі болғанын тізбектеді: «Рахметке қоса соңғы жылдары жиірек «Алла разы болсынды» айтамыз. Бәрі де дұрыс, бәрі де көңілдің хошынан, сөздің расынан туатын нәрсе. Бірақ… кешегі кең шапанды қазақ қалай алғыс айтушы еді? Үлкендер не деуші еді? Үлкендердің алғысы батамен пара-пар еді. «Қарғыс алма, алғыс ал» дейтіні де содан. Сондағы алғыстардың бір парасы мынадай:
-Көсегең көгерсін!
-Көрпең ұлғайсын!
-Жүз жаса!
-Жағың түспей жамандық көрме!
-Құдай қолыңа қуат берсін!
-Тұқымың өссін!
-Өркенің өссін!
-Мерейің өссін!
-Көзің ашылсын!
-Көңілің ашылсын! – т.б.
Мұны тек үлкен кісілер бата бергенде және туған күн иесіне тілек тілеуші адам ғана қолдануы керек секілді көреміз. Ал бұлар кешегі кең қазақтың күнделікті айтатын алғысы, аузынан түспейтін сөзі еді ғой. Осы дәстүрді неге қайта жаңғыртпасқа?! Неге бір-бірімізге үлкенді-кішілі «жетім рахметпен» шектелмей, шын тілеуқорлық танытпаймыз?!» — дей келе тележурналист «Айтуға оңай…» деген дәстүрлі сөзімен аяқтады.
Дереккөз: baistars.kz
Н. Үсенова