Ахмет Байтұрсынұлының хоббиі

Ахмет Байтұрсынұлының хоббиі
Фото: jurfak.kz

XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында кино-фото өнерінің қоғамдағы орны – бүгінгі электронды технологияның мән-маңызынан бір мысқал да кем болған жоқ. Ресейде шығатын баспасөз бетінде қазақ халқының этнографиялық тұрмыс-тіршілігін алуан қырынан қамтыған жарияланымдармен қатар оқта-текте көркем фотосуреттер де басылып тұрды. Мәселен, 1988 жылы Мәскеудегі В.И. Ленин атындағы кітапхананың "Арнайы қорынан" "Тургайская газетаның" 1903 жылғы №25, 26, 28, 31, 32, 44 сандарында көшпелі қазақ тұрмысын сипаттайтын ғажайып фотосуреттерді тамашалауға болады.

Соңғы жылдары Ресейдің Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейінің қорында сақталған халқымыз өмірінің дәстүрлі мәдениетін бейнелейтін сирек кездесетін суреттер топтастырылған фотоальбом жарық көрді. Алаш зиялыларының өмірін әр қырынан танытатын тарихи суреттермен де оқырман қауым көзайым бола бастады. Сонымен қатар алаш арыстары арасында фото-кино өнерді серік етіп, зор қызығушылықпен машықтанғандар баршылық. Бұған дейін жазылғандай Шәңгерей Бөкейұлы (1847–1920) фотоға түсірумен әуестеніп, бүгінгі күнге жеткен бірсыпыра керемет суреттері сақталғаны мәлім.

Ағартушы-ұстаз, ғұлама ғалым, көсем тұлға Ахмет Байтұрсынұлы да қолына фотокамера ұстап, өз дәуірінің сан алуан қайталанбас тылсым сәтін қаз-қалпында суретке тартуды әдеттегі сүйікті ісіне айналдырды. Білімпаз жан сурет өнерімен шұғылданған қазіргі фотоаппараттың жетілмеген қарабайырлығы мен күрделілігі сондай – бірден тілін тауып, қыр-сырын тегіс меңгеріп кету оңайға соққан жоқ. Оның себебі табиғи жарық көзіне байланысты объективті дәлме-дәл есеппен ашып-жауып, суретке түсіргенде қолмен реттеу – кәсіби дағды мен аса шеберлікті талап ететін.

Қазақ даласында кең етек жая қоймаған тосын өнерді машықтанған мамандардың өте сирек кездесуі және бұл салада тәжірибенің аздығы да әсер еткені сөзсіз. Сол сияқты елді мекендер электр желісімен толық қамтылмағандықтан фотосуретті әзірлеу үдерісі негізінен білте шамның көмегімен іске асатын. Ал фотосуретті шығару барысында арнайы химиялық дәрі-дәрмектерді пайдалану нәтижесінде қажетті ертінділерді дайындай білудің де машақаты шаш етектен еді.

Мұндай қиындыққа қарамай фотоөнерді Ахмет Байтұрсынұлы кәсіби шебер игергенін бізге жеткен жалғыз суретінен анық аңғаруға болады. Ол фотобейненің бір шеті жыртылған, толық еместігін көзі тірі куәсі – асылдың сынығы Шолпан Ахметқызы мен Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова апайларымыздың өз ауыздарынан естіген едік. Енді әлгі жәдігер сурет тарихын баяндамас бұрын сәл шегініс жасап, өз топшылауымызша, Ахаңның фотоөнерді үйренуге деген қызығушылық ықыласын оятқан себепке тоқталсақ.

Ана тілін түрлеген Ахаң тұңғыш рет төл емлемізбен жарыққа шығарған ұлыттық мерзімді баспасөз “Қазақ” газетін (1913–1918) бастырып тұрған шақта басылымды фотосуретпен безендіріп, деректілігі мен эстетикалық әсерлілігін тиімді қолданатын қажетті құрал-аспаптың зәрулігі – еріксіз қолбайлау болып, шарасыздықтан талай мәрте іштей қынжылтқан еді. Шәкірттерге арналған ізашар, төлтума мектеп оқулықтарының бірнеше басылымын толықтырып, дайындау үстінде ауадай қажет ұлыттық тәлім-тәрбиелік мәні зор, бояуы қанық орындалған фотосуреттердің жетіспеуі – еңбектің көрнекілік сапасы мен ажары келісті тартымдылығына нұқсан келтірді. Сондықтан Ахаң фотоаппаратқа қолы жететін мүмкіндік туа қалса, бұл өнерді ғылым-білім саласындағы ізденісіне шығармашылық таяныш етуді көздеді.

Ол бұл мақсатына жетті. Суреткердің фотокамерасына отандық тарихымыздан орын алуға тиіс маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар, күрескер серіктерінің ұлт мүддесі жолындағы азап пен қауіп-қатерге толы тағдыр тәлкегі, талай-талай дәмдес, аралас-құралас аймаңдай жақсы мен жайсаң азаматтардың бейнесі, отбасылық өмірдегі қызықты сәттер назардан тыс қалмағаны шүбәсіз. Алты алаш ардақ тұтқан Ахаңның жеке мұрағатында сақталған ұлыттық фотошежірені мазмұндық, тақырыптық жағынан байытатын құнды суреттердің бір парасы – баспаға өткізіліп, қолды болып, көз жазып қалған “Мәдениет тарихы” іргелі зерттеуінде иллюстрация ретінде енгізілген екен.

Орны толмас рухани қазына туралы еске түскенде өзекті ащы өкініш өртеп өтеді. 1936 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Қазақстанның Орталық музейіне ұлыттық тұрмыстық заттар туралы кеңес беруші қызметіне қабылданады. Сөйтіп мұражай қорындағы орыстың қылқалам шебері Н. Хлудовтың қазақ өміріне арналған серия бейнелеу өнеріне талғампаз жан сараптамалық сын пікір жазып, реалды шындықты бұрмалаған өрескел қателігін нақты дәлелдермен талдап, түзету жасауы кескіндеме өнері саласына қосылған сүбелі үлес деп бағалауға тұрарлық. Демек, Ахмет Байтұрсынұлының фотоөнерді ұршықтай иіріп, дөңгелетіп әкетуі заңды құбылыс екен.

jurfak.kz

@. @assel_assanova