- Негізгі бет
- Тұлға
- Дина Нұрпейісова жайлы...
Дина Нұрпейісова жайлы 12 дерек
1. Дина 19 жасында тұрмысқа шыққан. Сол заманға сәйкес "отырып қалған" қыз болып есептеледі. Домбыраға қызыққаны соншалықты, тұрмысқа шығуды кеш ойлағанын өзі де айтқан.
2. Нұрпейіс – бірінші күйеуінің есімі. Нұрпейіс Мақатұлымен Дина бар-жоғы 5 жыл тұрған. Динаға төлқұжат берерде тегін жазу үшін атасының есімін сұраған. Бірақ қазақтың салт-дәстүрі бойынша, келін ата-бабасының, аталарының есімдерін дауыстап атай алмайды. Сондықтан ол: "Менің тегім не үшін керек? Міне, ұлым Жұрынбай Нұрпейісов деп жазылған. Мені де солай деп жазыңыз", - деп жауап берген.
3. Күйеуінен Дина үшінші баласына екіқабат кезінде қалған. Сондықтан ұлының атын Жұрынбай деп қойған.
4. Күйеуі өлген соң, әмеңгерлік салтымен оны күйеуінің үлкен ағасы Нұралыға (оны бәрі Шәпек деп атаған) тұрмысқа берген. Нұралыдан 10 бала тапқан, бірақ, көбі жастай шетінеп кеткен.
5. Аштық жылдары Нұралы өзінің бірінші отбасымен бірге қалып, Дина Астрахань облысына кеткен. Ол жақта жүріп құмаршық теріп, сол өсімдіктен көже жасап, балаларын аштықтан аман алып қалған.
6. Динаға домбыраны үлкен әпкелерін сүйемелдеп тұруы үшін әкесі Кенже үйреткен. Динаның әпкелері әнді жақсы айтқан.
7. Ол алғаш рет домбыраны 5 жасында қолына ұстаған, ал 9 жасында домбыраның құлағында ойнаған қыздың атағы көпке тараған.
8. 9 жасында Динаны алғаш рет Құрманғазы көріп, кішкентай қыздың өнеріне тәнті болған. 19 жасына дейін Құрманғазы Динаның шеберлігін шыңдап, оған өзінің бірнеше күйін берген. Осының арқасында Құрманғазының ойнау техникасы бізге дейін жетіп отыр.
9. Алматыға Дина 75 жасында көшіп келген. Ахмет Жұбанов Қали Жантілеуов домбырашыдан домбыраның құлағында ойнайтын кемпір жайлы естиді. Сөйтіп Динаға Смағұл Көшекбаевты жібереді, ол Динаны домбырашылар мен күйшілер слетіне келуге көндірген.
10. Ол 94 жасқа дейін өмір сүрді. Соңғы дәмі таусылғанша басындағы жаулығын өзі байлаған. Немересі Балжаннан өлер алдында домбыра әперуін сұраған. Шанақты саусағымен түртіп: "94 жыл бойы біргеміз, менің жаным мен домбырам бір-бірін қимай жатыр", - деген екен.
11. Оның бірнеше ұлы соғысқа кеткен, бірақ, бір баласын болса да жанында қалдыруды ешкімнен өтінбеген. Лауазымды тұлғаларға ешқашан өтінішін айтпаған. 1916 жылы жарлыққа сәйкес ұлы Жұрынбайды тыл жұмыстарына әкетеді. Динаның "1916 жыл" деп аталатын күйлер жинағы бар.
12. "Әсемқоңыр" атты күйі Батыс Қазақстан облысы, Жалпақтал ауылына тұрмысқа шыққан қызы Әсемқоңырға арналған. Күйді Дина қызын сағынып, зарығып отырып шығарған.
Айжан Хамиттің фейсбуктегі жеке парақшасынан аударылды