- Негізгі бет
- Тұлға
- Атақты болуға асықпаған...
Атақты болуға асықпаған алыптар 2#
Ел аузындағы «Ештен кеш жақсы» деген сөздің жаны бар екенін, қалам тартуға себеп болып отырған мына алыптар тағы бір дәлелдейді. Мына дегеңіз кімдер десеңіздер? Олар – өмірден өз орындарын кеш тапқан бақыттылар. Олар – сонда да болашағынан еш үміт үзбеген арманшылдар. Олар – өмірдің сан қилы соқпағын көрсе де, сыр бермеген сабаздар. Олар – ең бастысы атақты болуға асықпаған алыптар...
Андреа Бочелли, әнші
33 жасына дейін мейрамханаларда фортепианода ойнаған.
Андреа өмір бойына опера әншісі болсам деп армандаған, бірақ 12 жасында «глаукома» деп аталатын көз ауруының әсерінен жанарынан айырылған. Арманына жетуге талпынған ол Туринге жол тартады. Туринде күндіз атақты Франко Корелли сынды әншілерден дәріс алып, даусын шыңдап, кешке оқу ақысын төлеу үшін түрлі орындарда фортепианода өнер көрсеткен. 1992 жылы Андреа итальяндық рок жұлдызы Дзуккероның тыңдау сынағында топ жарады. Сөйтіп, Андреаның дауысы жазылған таспалар ХХ ғасырдың ең танымал опера әншісі Лучано Павароттидің қолына тиеді. Осыдан бастап, Андреа Бочеллидің жұлдызы оңынан туды. Андреа Бочелли – бүгінгі таңда әлемді әнімен тербетіп жүрген опера әншісі.
Энг Ли, режиссер
36 жасқа дейін жұмыссыз болған.
Ли АҚШ-та кино өндірісін меңгеріп жүріп, студенттерге арналған фильмдер түсірген. Бірақ, бұл кәсібі өрге домаламаған соң, кино түсіруді тастап кетеді. Алты жыл жұмыссыз жүреді. Тек 1990 жылы (Ли 36 жаста еді) оның жазған екі сценарийі байқауда топ жарады, осыдан кейін, оның режиссерлік мансабы басталып кетеді. Қазір Энг Ли әлемге «Халк», «Дөңес тау» («Горбатая гора») және «Пидің өмірі» («Жизнь Пи») атты фильмдерімен танымал. «Оскар» сыйлығының лауреаты атанды.
McDonald’s-тың негізін қалаушы Рэй Крок
52 жасқа дейін қағаз стақан сатқан.
«1954 жылы мен 52-де едім. Қант диабеті және артрит ауруына шалдықтым. Дәрігерлер менің өт қабым мен қалқанша безімді алып тастаған. Бірақ, мен болашағыма сендім»,- деп, осылай Рэй Крок тағдырының күрмеулі сәтін шешкен ағайынды Макдональдтармен танысқан шағын еске алған. Науқастығына қоса, ол керең еді, аса ауқатты да емес еді. Әйтсе де, Крок белгілі іскер адам болатын, бірақ оның кәсіпорыны үнемі күйрей беретін. 1954 жылы «Макдональдсты» басқа да жерлерге тарату лицензиясын алу үшін 15 мың АҚШ доллары керек болғанда, бірде-бір банк оған несие де бермеген екен. Осыдан соң, Крок өз үйі мен сақтандыру құжатын кепілге қояды. Кейін Крок 30 жыл өмір сүріп, 600 миллион табыс тауып, беделді адамға айналған.
Урсула Бернс, Xerox компаниясының бас директоры
32 жасына дейін Xerox компаниясының кіші қызметкері болып істеген.
Урсула Манхэттонның Төменгі Ист-Сайд атты нашар ауданында туған және аз қамтылған адамдарға (кедейлерге) арналған үйде тұрған екен. Ол Нью-Йорк политехникалық институтын және Колумбия университетінің магистратурасынан білім алады. Сөйтіп, оқу практикасы кезінде Xerox компаниясына жіберіледі. Содан соң, 1980 жылы Xerox компаниясына жұмысқа орналасу үшін арнайы сынақ мерзімінен өтеді. Өзінің ептілігі мен белсенділігінің арқасында 2009 жылы Урсула Xerox компаниясының бас директоры боп сайланады. Сонымен қатар, ол – америкалық корпорацияны басқарған ең алғашқы қара нәсілді әйел.
Маной Бхаргава, 5-Hour Energy энергетикалық сусынын жасаушы
30 жасына жейін Үндістанда сопылық қызмет атқарған.
1967 жылы Маной АҚШ-қа көшіп келген. Поттстаундағы жоғарғы мектепті бітіріп, 1972 жылы Пристон университетіне бір жылдай оқиды. Кейін Үндістанға қайтып, таулы жерде 12 жыл сопылықпен айналысады. Содан соң, АҚШ-қа қайтып келіп, жұмыс іздейді. Жүргізуші, түрлі дүкендерде көмекші қызметін атқарып жүреді. 1990 жылы белгілі бір пластмасса өндіретін компанияда жұмыс істеп жүріп, қызметте көтеріліп, акция сатып алады. Соның нәтижесінде, өз кәсібін құруды жоспарлайды. 5-Hour Energy атты энергетикалық сусынын дайындайтын жеке компания ашып, өз мақсатына жетеді.
Оқи отырыңыз:
1. Атақты болуға асықпаған алыптар
2. Шетелге танылған қазақ қыздары
3. Халықтың көңілінен шыққан Леонардо Ди Каприоның БҰҰ саммитіндегі баяндамасы
4. Әлемге әйгілі суретші Леонардо да Винчидің біз білмейтін қыры
Сурет: italiangoodnews.com, extraordinaryintelligence.com, thirteen.org
Е. Жұмабайұлы