- Негізгі бет
- Тұлға
- Ая Бапани: "Менің...
Ая Бапани: "Менің музам – қазақ даласы!"
Биылғы сән апталығы «Қазақ» брэнді бар екенін мойындатты. Және оның әлемдік деңгейдегі орнын да айқындап бергендей. Түрі, түсі, матасы, дизайны ерекше әр топтама өзінше сәнді болды. Ең бастысы, барлық сәнгерлердің қолтаңбасынан қазақылық байқалды. Осы орайда, талай көздердің жауын алған, топтамасын тек ұлттық нақышта ұсынып дараланған Ая Бапаниді айтпай кету мүмкін емес. Ол қазақы сән мен көшпенділер мәдениетін қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды. Сән апталығындағы топтамасы жайында білу үшін сәнгердің өзін әңгімеге тартқан едік.
«Ая Бапани» брэндінің қалыптасуы жайында айтып берсеңіз?
Менің әкем де, анам да шығармашылық адамдары, сурет салатын. Әкемнің есімі – Әлібай, анамның аты – Сәуле. Олар гобелендер, қабырғаға паннолар жасаумен айналысатын. Мен ес білгелі олар осы іспен айналысады. Шеберханада өскен баламын десем де болады. Ата-анаммен бірге, мен де жағаласып, өзіме сөмке, бас киім тігіп алатынмын. Бір қызығы, сол жасалған бұйымдар, отбасылық көрмеде тез сатылып кетті. Сән әлеміне алғашқы аттаған қадамдарым осындай болды. Бірде әдеттегідей көрсетілімге бардым. Менімен бірге драматург Иран-Ғайып ағам да келді. Кейін бәрі біткен соң, ол «Ертең көр де тұр, әлемдік подиумда сенің атың шығады. «Ая Бапани- Қазақстанның белді дизайнері» атанасың» деп бата беріп, болашағыма мол сенім артқан болатын. Ағамның ақ батасынан кейін, Мәскеуге дизайнерлер додасына барып, бірінші орынды иеленіп келдім.
Апталықта сізге деген халықтың ықыласы сезілді. Ел көңілінен шығу қиын болды ма?
Мен өз кәсібімді жақсы білемін. Егер мен бүгін өз коллекциямдағы көйлектермен таң қалдырсам, ел ертең одан жақсы нәрсе күтеді. Мәселен, өткен коллекциямда жібек матаның орны ерекше болды. Ал бұл жолы киізден жасалатын үлгілер аз да, кестелер, оюлар көп. Және мен өз көрсетілімдерімнен шоу жасағанды ұнатамын. Алтын түстес маскалар, диадемалар, басқа тағатын бұйымдардың мен үшін маңызы зор.
Шоу жасағанды ұнатамын дедіңіз, қалайша?
Әрине, шоу жасау үшін ізденіс керек. Көрсетілім әсерлі шығу үшін жақсы әуен таңдау маңызды. «Тұран» фольклорлық тобының репертуарындағы әндер маған ұнайды. Менің топтамаммен үйлесім табатындай. Әрине, өңдетіліп, жетіспегенін қосып, артық жерлерін қысқартып отырамыз. Маған көрермендермен тікелей байланысу қиынға соғады. Суретшілер көбіне сөзге шорқақ келеді. Сондықтан мен өз туындыларым арқылы тілдесемін. Олар менің жан дүниемді ашып, мені елге таныстырады.
«Сәнді әйел» сіздің ойыңызша қандай болуы керек?
Ең әуелі, өзін «сәнді» сезінетін әйел көпшіліктің көлеңкесінде болмауы керек. Өзін көрсете білуі тиіс. Шаш үлгісі, макияж, әшекей бұйымы киіміне сай, жарасымды болса болғаны. Талғамы жоғары қазақ қыздары баршылық. Бірақ көп кездестіре бермеймін.
Сіздің топтамаңыз несімен ерекше?
Сапалы әрі көркем қолтаңба. Менің білетінім, менің дизайным тек маған тиесілі. Көшіру әрине, қиынға соғады. Себебі киіз сын көтере бермейтін материал. Ол киімді бүлдіруі де мүмкін. Менің өз технологиям, өз әдісім бар. Австралияның түтілген жүнін қолдану арқылы жұмсақ болып өңделеді. Тіпті оны жалаң теріге де кие беруге болады.
Менің музам – қазақ даласы. Мен ата-бабамның қаны тамған киелі даланың ауасын, табиғатын, киесін қастерлеймін. Бойымдағы сол сүйіспеншіліктің барлығын жасаған үлгілеріме сіңіргім келеді. Оны киген адам да сол қасиетті ұқсын деймін!
Сұқбаттасқан: Ардақ Әлімбетова
Суреттер Ая Бапанидің жеке альбомынан алынды
Ш. Талап