Нобель сыйлығы – 2014: Бейбітшілікті аңсағандар

Нобель сыйлығы – 2014: Бейбітшілікті аңсағандар

Осы жылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына пәкістандық Малала Юсуфзай мен үндістандық Кайлаш Сатьяртхи есімді тұлғалар лайық деп табылды. Екеуі екі түрлі елдің азаматтары болса да, мақсаты мен мүдделері бір.

Малала Юсуфзай

 

17 жасар Малала Юсуфзай өзінің жас екеніне қарамай құқық қорғау саласында белсенді қызмет атқарып келеді. Пәкістандағы талибтер оның өміріне қастандық жасауды жоспарлаған. Дегенмен, олардың ойы іске аспай, жас қыз аман қалыпты. Талибтердің бұл ниетіне Малаланың BBC блогындағы сыни көзқарастары негізгі түрткі болған.


Малала өзі туып өскен Сват өлкесіндегі қыздардың да білім алуына мүмкіндік берілуі керектігін айтып бас көтерген еді.

Ол құпия жоспармен ұйымдастырылған шабуыл кезінде басынан терең жарақат алғанымен, аман қалады. Малала Ұлыбританияға келіп емделгеннен кейін Лондонда басып шығарған "Мен - Малала" атты автобиографиялық еңбегінде: "Мені атқан адамның кім екенін білсем де менде оған деген жеккөрушілік сезім болмады. Мен кек дегенді ойымнан шығарып тастаған адаммын", - деп жазған.

Кішкене қыздың үлкен жігері

Әлемнің белсенді БАҚ көздері оның сауығуын назардан тыс қалдырмай, бақылап отырды. Ол 16 жасқа толарында БҰҰ штаб-пәтерінде сөз сөйледі. Адамдар оған тік тұрып қошемет керсеткен. Малаланы тіпті Ұлыбританияның ханшайымы да өз кеңсесіне шақырып, сұқбаттасыпты. Осы уақыт аралығында оған бірнеше марапаттар берілді. Енді олардың ретіне Нобель сыйлығы да қосылды.

Кайлаш Сатьяртхи

  Малала Юсуфзайдың есімін Нобель сыйлығын алғанға дейін де әлем таныған болса, екінші лауреат атанған үндістандық Кайлаш Сатьяртхи туралы көпшілік бірінші рет естіп отыр. Кайлаш 30 жылдан астам уақыт бойы Үндістандағы балалардың тұрмыс жағдайын жақсартуға ат салысып келсе де, оның айналасында ешқандай шу болған емес. Сатьяртидің Нью-Делиде орналасқан Bachpan Bachao Andolan ("Балаларды құтқарамыз" қозғалысы) ұйымы осы жылдар төңірегінде 80 мыңнан астам баланы азап өмірден құтқарып, олардың білім алуына мүмкіндік сыйлаған.

1980 жылы құрылған Bachpan Bachao Andolan балаларды қорғау мақсатында жұмыс істейтін Үндістандағы жалғыз ұйым болып табылады. Ситьяртидің идеясы "қарсы күресудің үздік жолы - проблеманың шығу тегін анықтауда" екенін түсіндіреді.

Өзіндік стратегия бойынша Bachpan Bachao Andolan ұйымы ауылдардағы құлдық жұмысты жоюдың, әр баланың білім алуына мүмкіндік беру жолдарын қарастырды. Нәтижесінде, Үндістанның 11 штатының 356 ауылында өзгерістердің болуына түрткі болды. Қолдау білдірілген ауылдарда балалар 14 жасқа толған соң міндетті түрде білім алуға мектептерге баратындығы құқықтық негізбен бекітілді.

Шетелдік БАҚ-тардың хабарлауынша, Кайлаш Сатьяртхи Үндістан мен Пәкістан арасындағы саяси әрі мәдени қарым-қатынасты жақсарту мақсатында Малала Юсуфзайды бірге жұмыс істеуге шақырып үлгерген.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: dw.de

Ж. Өрісбай