- Негізгі бет
- Тұлға
- Сальвадор Далидің қанатты...
Сальвадор Далидің қанатты сөздері
Бүгін – әйгілі суретші-сюрреалист Сальвадор Далидің туған күні. Испан суретшісі, график, мүсінші, режиссёр, жазушы Сальвадор Далиді білмейтін адам кемде-кем шығар.
Дали туралы ойланғанда жазушы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы жазған естелік мақаласындағы мына көрініс еске түседі:
"..Сол жылдары Төлеген аға, аса қымбат ақшаға Сальвадор Далидің альбомын сатып алған. Сұрақ қойған қыз альбомның бір бетін ашып, Асқар ағамызға ұсынған.
– Сіздің сурет сыншысы екеніңізді де білеміз. Мына суреттің мағынасын түсінбедік.
Суретте әр жерде ілінген сағаттар бейнеленген. Сағаттардан... су сорғалап, кептіруге қойған шүберектер сияқты салақтап тұр. Асекең суретке бір қарады да, қайырып берді.
– Бұл өлген адамдардың бейнесі.
Отырғандар ду күлді.
– Қалай?
– Егер Сальвадор Далидің өзі осындай эксцентрик болмаса, мен де дұрыс пікір айтар едім. Бірақ, Далидың шығармаларына түзу пікір айту мүмкін емес. Үнемі қисық сөйлеп отыру керек.
– Мен мына суреттен ешқандай адамды көріп тұрған жоқпын, – деді отырған балалардың бірі. – Тек суы сорғалаған сағаттар.
– Ол сорғалаған су емес – уақыт, – деді Асекең кезекті шылымын тұтатып жатып. – Тірі жәндіктердің ішінде адам ғана уақытты сезіне алады деседі. Адам ғана өмірдің өтіп бара жатқанына қайғыра алады деседі. Дали өмірі таусылған адамды осылай бейнелеген. Онда не тұр? Пикассо да адамның небір схемаларын жасаған ғой.
Асекең орнынан тұрып, сәл ойланып барып тіл қатқан.
– Абай аталарыңда «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма», «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген жолдар бар..."
Олай болса, суретшінің бүгінгі туған күніне орай бір топ қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз:
* Менің атым Сальвадор – Құтқарушы. Мен қатерлі техника мен дарынсыздықтың гүлденген тұсында өнерді өлімнен құтқару үшін жаралдым.
* Мен алты жасымда аспазшы болғым келді, жеті жасымда Наполеон болсам дедім. Менің армандарым осылайша әр жас сайын өсіп отырды.
* Мен тағдырыма тек екі нәрсе үшін алғыс айтамын: испандық болғаным үшін, және мен Сальвадор Далимын.
* Дали – есірткі, олсыз өмір сүру мүмкін емес.
* Жауапкершілікпен мәлімдеймін: мен ешқашан әзілдеген емеспін, әзілдемеймін және әзілдегім де келмейді.
* Кемеңгерлік біткен кезде есалаңдықтың басталатынын психологияның өзі де түсіндіріп бере алмайды.
* Менің есалаңдықтан айырмашылығым, есалаң болмағанымда.
* Барлық данышпандар жер жастанған кезде мен тәкаппар жалғыздықпен бірге қаламын.
* Мен ылғи да өзгелер көрмегенді көрдім. Бірақ олар көргенді көре алмадым.
* Қателік – Құдайдан. Оны түзеймін деп әуре болмай-ақ қойыңыз. Керсінше, оның байыбына барып, түсінуге тырысыңыз.
* Әзір бәрі менің мұртымды әңгіме қылып жатқанда мен өз ісімді тындыра беремін.
* Қайғыру арқылы көңіл көтеремін. Бұл менің ескіден бергі әдетім.
* Мінсіздіктен қорықпаңыз. Сіз оған жете алмайсыз. Оның үстіне мінсіздікте сіз қызығатындай ештеңе жоқ.
* Көремін де – жүрегімде тұтандырып алып кенепке төгемін. Бұл – сурет. Махаббат та сол сияқты.
* Менің суреттерім – өмір және азық, қан мен тән. Бұдан ешқандай да ақыл мен сезім іздеп әуре болмаңыздар.
* Келесі ғасырда Леонардо да Винчи екеуміз бір-бірімізге қол созатын боламыз.
* Суретші суретін ойлайды.
* Пейзаж – жаныңның жай-күйі.
* Мен сюрреалист емеспін, сюрреализм – менің өзім.
* Гала менің музам, бар өмірім. Мен Галасыз ешкім емеспін.
* Қарапайымдылық - менің табиғи кемшілігім.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: genialnee.net
Ұқсас жазбалар:
Өң мен түстің ортасындағы суреттер
Өмірді шексіз сүйемін! (Салвадор Дали)
О, Муза! Ғайыптан кел де, мені демеп жібер...
Атақ не істетпейді? Бәрін де...
Н. Айдархан