Джеки Чан: "Қарсыласым деп Джет Лиді ғана мойындаймын"

Джеки Чан: "Қарсыласым деп Джет Лиді ғана мойындаймын"

Осы күндері актер күнделікті екі сағаттық жаттығу жасауға міндетті. Ал сақтандыру агенттіктері өз денесімен не жасайтыны белгісіз деп, оған кепілдік беруден бас тартып отыр. Назарларыңызға Известия сайтының тілшісі алған, Джеки Чанның сұқбатын ұсынамыз.

- Сіз не себепті Голливудтен Қытайға қайтып оралдыңыз?

- Олар менің тек комедия жанрындағы боевиктерді түсіргенімді қалайды. Жақсы, мен «Жаңа полиция оқиғасы» атты фильмді түсірдім. Бірақ қашанғы бұлай жүре беруге болады? Сонда келесі жылы «Час пик 3», арғы жылы «Час пик 4», екі жылдан кейін «Час пик 5» фильмдерін түсіруім керек пе? Сондықтан Қытайға оралып, "Аңыз" атты тарихи блокбастер түсірдім. Мұны Голливудте жүргенімде еш түсіре алмас едім. Өйткені олар фильмді бизнес көреді. Көп ақша салады және 200% болып қайтқанын қалайды. Ал Азияда жүрген кезде қалаған ісіммен айналыса аламын.


- Сіздің бұл жерде жеке кино компанияңыз бар ма?

Ия, бірақ менің жолым болғыш. Фильмдеріме көп қаражат салуым керек. Жаңа жобамды ұсына салысымен, банктер қаржылай көмек көрсетуге дайын тұрады. Жүгіріп келіп: «Сізге қанша қаражат керек?» деп сұрайды. Мен болсам: «Рақмет, жеткілікті» деймін. Олар болса: «Жо-жоқ, қажет болса, тағы да алыңыз» деп айтады. Менің есімім кәсіпкерлерге жақсы әсер беретіндіктен, бұл іске көп адамды кірістіруге тырысамын. Себебі тек маған емес, оларға да пайда түскенін қалаймын.

Мен фильмдерге продюсерлік жасаймын, жас режиссерлерге менің студиямда жаңа фильм түсіруге көмектесемін. Қысқасы, продюсерлік жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өз басым адам ақшасының желге ұшқанын қаламаймын. Ал Голливуд несімен жақсы? Ол жақта бүге-шүгесіне дейін есептеліп қоятындықтан, шығын болмайды. Ал Азияда мұндай істерге мұқият болу керек. Мен жағажайдың жанында орналасқан Яхта туралы фильм түсірсем, оны ешкім көрмейді. Ал инвесторлар маған киллер жіберуі мүмкін. Бұдан өзге яхтаны жаруым да ғажап емес.

- Киномен тәулігіне 24 сағат айналысасыз ба?

- Мен бұдан басқа немен айналысамын? Қолымнан басқа еш нәрсе келмейді. Ми жасушалары да киноны ойлайды. Тіпті, жағажайда отырған кезде мына жерде жақсы фильм түсіруге болады екен деп армандап отырамын.


- Ал отбасы ше?

- Мен бұл сөздің қандай мағына беретінін баяғыда ұмытқанмын. Жеті жасымда үйден кетіп қалғанмын. Қазір әке-шешем Аустралияда тұрады. Мен үйленген кезде екі әйел өзіне қол жұмсаған екен. Ал әйелім Нью-Йоркте тығылуда. Балам Тонидің менімен шаруасы жоқ. Менің отбасым – түсіру алаңында жүрген адамдар және өзім. Маған фильм түсірген қатты ұнайды.

- Сіздің сомдап жүрген рөлдеріңіз физикалық дайындықты талап етеді. Болашақта мұндай трюктерді жасай алмай қалатыныңызға дайынсыз ба?

- Мен кез келген уақытта зейнетке шығуға дайынмын. Мен продюсер боламын. Мұнымен қатар, Қытайдан үлкен жер сатып алып, фильмдердегі трюктерді жасауға үйрететін мектеп ашқым келеді. Ал қартайған шағымда алаңсыз өмір сүру үшін Азия шекарасында жеке маркамдағы киімдерді сататын 80 дүкен, Кореяда 4 мейрамхана, Гавайда – біреу және Сиднейде тағы 2 мейрамхана аштым. Суды тазартумен айналысатын фабрика салғым келеді. Ол жердегі су бөтелкенің ішінде сатылатындардан да таза болады. Мұндай аппараттар Вьетнам, Камбоджа халықтары үшін өте маңызды. Олардың ішіп жүрген суының ластығы сонша, қанша дәрі ішсе де, өмірімен қош айтысуда. Осының салдарынан Қытайда жылына асқазан ауруынан 4000 бала қайтыс болады.

- Әдеттегі рөлдермен салыстырғанда «Аңыз» фильміндегі рөліңіздің айырмашылығы қандай?

Мен Қытай армиясының генералын сомдаймын. Ең қызығы, сол жердегі 1500 адам мені тыңдайды. «Атты әскер, алға!» десем жетіп жатыр... «Тоқта!» Осы кезде менің жанымнан аттар өте шығады. Артыма қарасам, олардың үстіндегі адамдар құлап қалған екен. Осылайша 25 адамды ауруханаға жеткіздік. Арасында комаға түскендері де бар. Аттардың адамдарды таптап өте шығатын кездері де болды.


- Қазір Қытай режиссерлері белсенді түрде соғыс өнеріне байланысты фильмдерді түсіріп жүр. Сіз оларды бақталас ретінде мойындайсыз ба?

- Мен өзімнің бақталасым ретінде Джет Лиді ғана мойындаймын. Азияда екі мықты актер бар. Бірі – Джет Ли, екіншісі – мен. Қалғандары баланың ойыны ғана. Бір нәрсені жара салып, экшн түсірдік дейді. Ал Джеки Чан – бренд. Менің есімімді естіген кезде қимыл-қозғалысы көп, арасында қалжың да бар, ешқандай да ұятсыздық пен зорлыққа жол бермейтін фильм болатынын білесіз.  

- Денеңізде сынықтан аман сүйегіңіз бар ма?

- Мүмкін бір кішкентай сүйегімнің жолы болған шығар.


– Джеки Чанның қай жері сынды?

– Барлық жері!

Танымал актер мұрнын үш рет сындырған. Ал «Полиция оқиғасы» фильмін түсіріп жатқан кезде екі омыртқасын сындырып, сал болудан аман қалған. Бір рет тамағын жарақаттап, тыныс ала алмай қалған. Ал жарылған қабағының арқасында бір көзінен айырылуы мүмкін еді. «Бронкстегі жанжал» фильміне түскен кезде тобығын сындырды. Дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, гипстелген аяғына шұлық киіп түсірілім алаңына қайта оралған. Келесі бір фильмде байқаусызда Джеки Чанның қарсыласына өткір қылыш беріліп, қолын қатты жарақаттап, ауырғаннан қатты шыңғырған екен. Оператор мұны сценарий бойынша екен деп түсірілімді жалғастыра берген. «Жаратқанның сауыт-сайманы» фильмінде сарайдың қабырғасынан секіру керек болатын. Бірінші рет секіргені өзіне ұнамай, тағы да бір дубль жасаған. Киімі бұтаққа ілініп, нәтижесінде жерге басымен құлаған екен. Бастың бір сүйегі миға тиіп, екі құлағынан қан атқылаған. Актер бұл қиындықтан да оңай құтылған. Енді актер күніне екі сағат жаттығу жасауға міндетті. Ал сақтандыру компаниялары, жоғарыда айтқанымыздай, Джеки Чаннан бойын аулақ салуда.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: zeta9.ru

Қ. Бүйенбай