Асылхан Әбдірайымұлы: «Фотожурналистикаға арнайы мектеп керек»

Асылхан Әбдірайымұлы: «Фотожурналистикаға арнайы мектеп керек»

Асылхан Әбдірайымұлы – фотожурналист, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Қазақ фотографиясының дамуына үлес қосып жүрген ағамыздың фотография саласына байланысты ойын, қарапайым суретке түсірудің заңдылықтарын сұрап, сұхбат түріндегі шеберлік сыныбын ұсынамыз. 

- Еліміздегі фотографтардың басын қосып, «Фотоөнер» атты бірлестік құрдыңыз. Мақсатыңыз не?

- Келесі жылы менің осы фотожурналистика саласында жүргеніме 25 жыл болады екен. Бұл салаға алғаш 1990 жылы республикалық «Атамекен» газетіне фототілші болып келген едім. Ал оның алдында фото-киноға деген қызығушылығым зор болды. Үйренсем, көрсем дейтін, түсірген суреттеріммен біреуді таңғалдырсам деген армандарым болды. Өкінішке орай, бұл салада арнайы оқытатын еңбектер болмады. Содан өзгелерден көрген-білгенімді қайталап, сұрастырып меңгеріп жүрдім. Бірақ менің алдымда өте көп кедергі болды. Оның ішінде қазақ фотографтары мен орыс фотографтарының айырмашылықтарын көрдім. Орыс фотографтарының білімі барын байқадым. Ал мен оқиын десем де, қазақ тілінде оқытатын еңбектер мен орындар болмағандықтан, қиналдым. Фотография саласының дамуы үшін өзім көрген қиыншылықтарды жойғым келді. Осында бір-екі адамға айтып, үйреткеннен гөрі, бірнеше адамның басын біріктіріп, осы саланы дамыту үшін бірлестік ашқан болатынбыз. Басты мақсат – кейінгі жастар біз көрген кедергілерге ұшырамаса, мына заманда дамып жатқан техника тілін тезірек меңгерсе екен деген ой-арман болатын. Сол үшін де бүгінде жұмыла еңбектеніп жүрміз.

Д.А.Қонаевтың үйінде белгілі журналист Иманбай Жұбаевпен 1992 ж. 

- Сіз үшін фотография не?

- Фотография мен үшін – тарихты жазу. Тарихты қолмен емес, сурет арқылы жазу. Менің ойымша, айтар ой мен мазмұн суретте қамтылуы керек. Оған артық түсініктеме мен комментариялар болмауы керек. Өз басым тарихта өткен халық қаһармандарын, белгілі өнер адамдарын, зиялы қауымды атқарып жатқан еңбектеріне сай портреттерін ашып көрсетсем, кейінгі ұрпаққа сол суреттерді тарихтың бір парағы ретінде жеткізсем деген ойдамын.

"Алаш айнасы" газетінің фототілшісі Нұрғиса Елеубековпен

- Фотографияны меңгеремін деуші жастар бірінші кезекте нені үйренуі керек? Қандай теорияны оқуы керек? Сәйкесінше тәжірибеден қалай өтуі тиіс?

- Бірінші кезекте үйренемін деуші мұның тарихынан бастау керек. Кез келген нәрсе тарихтан басталады. Қазірде қолына фотоаппарат ұстап, әртүрлі коммерциялық жолдарға баратындар көп. Ал екінші біреулері бұл іспен хобби ретінде ғана айналысады. Ал мамандық ретінде таңдаймын, болашақ жолымды осы саламен елестетемін дейтін адам оның тарихын білгені дұрыс деп ойлаймын. Бір қынжылатыным, облыстық, аудандық газет-журналдардың фототілшілері фотография деген ұғымды түсіне бермейді. Фотоаппараттың қандай бөлшектерден тұратынын, қандай құрал-саймандары бар екенін, фотоаппаратпен қалай жұмыс істейтінін білуі керек қой. Тоқетерін айтсақ, әр нені бастайтын кезде оның әліппесін білуіміз керек. Тіпті ең соңғы модельдің керемет фотоаппаратын ұстап, бірақ ішкі құрылысын білмейтіндер де бар. Әрине, оны толыққанды маман немесе фототілші деп айтуға келмейді. Ал аса басын қатырғысын келмейтін жалқаулар автоматты режимді таңдап, сонымен ғана түсіре бергенді ұнатады. Бұл жағдайда да мұндай адамды кәсібін меңгерген адам дей алмаймыз.

Белжайлау

- Фотография саласына кәсіби түрде барғысы келетіндер бар. Және бұл іспен тек әуесқойлық деңгейде айналысуға қызығушылық білдіретіндер де бар. Біріншісі мен екіншісіне фотографияда нендей білім қажет деп ойлайсыз?

- «Фотография» дегеніміз грек тілінен аударғанда «фото – жарық, графия – жазамын, сызамын» деген мағынаны білдіреді. Яғни мұндағы ең маңыздысы жарықты дұрыс пайдалану. Табиғи және жасанды жарықтар болады. Енді фотоаппараттың ішкі құрылысына тоқталайық. Диафрагма, выдержка, сезімталдық. Осы үш экспозицияны білсек, суретіміз де сапалы шығатын болады. Диафрагма – грекшеден аударғанда «қалқа» деген сөз. Диафрагма түсіретін обьектінің қашықтығына байланысты ашылып, жабылып тұратын обьективте орналасқан құрылғы. Оның негізгі мақсаты жарықты матрицаға қажетті мөлшерде өткізіп отыру. Ал выдержка дегеніміз – ұсталым. Бұл жарықтың өту уақытын бақылайтын бөлшегі. Ал сезімталдықты түсіндіру үшін мынадай мысал айтайын. Мәселен, бір адам жағажайда күнге күйетін болса оның терісі сәулені тез қабылдайды, ал екінші адамның терісі ұзақ уақыттан соң күйе бастайды. Бұл әр адамның физиологиялық ерекшелігі. Фотоаппаратта жарықты қабылдайтын матрицаның сезімталдығы әртүрлі. Сонда түсірілім сәтінде жарық диафрагма арқылы өтеді, оның қанша уақыт өткендігін ұсталым өлшейді, ал кейін сол жарықты матрица қабылдайды. Сезімталдық деңгейі қазіргі таңда жартылай кәсіби фотоаппараттарда 100-ден 6400-ге дейінгі аралықта. Егер суретке түсіру кезінде обьектіге жарық жеткілікті болса, оған ең аз мөлшерін қоямыз, тиісінше, жарық аз болса біз баптаулары арқылы сезімталдығын көтере береміз.

Ескеретін бір жағдай, егер біз сезімталдықтың мөлшерінен көп етсек, шу пайда болады, яғни сурет сапасы нашарлай түседі деген сөз. Міне, осы үш құралды біліп алсақ, кез келген суретіміз сапалы шығады.

Халық қаһарманы С.Нұрмағанбетов пен академик Салық Зиманов

- Қазір бұл баптауларды дисплейі бар фотоаппараттармен жасаймыз. Ал сонда бұрынырақтағы фотограф мамандар бұл баптауларды қалай келтіретін еді?

- Пленкалы фотоаппараттарда диафрагма мен выдержка баптауларын экспонометр деген жарық өлшейтін құралмен келтіретін едік. Бұрынырақта іс-сапарға шығып, оқиғаны түсіріп, қайта келгенше пленкасын айқындап шығарып, кептіріп, оны басып шығарып, кейін ғана редакцияға ұсынамыз деп жүргенде бірталай уақыт кететін. Бұрынғы фотоаппараттарды қолданғандар баптауларды өз тәжірибелері арқылы меңгеретін болған. Бірақ онда өте көп материалдар шығындалатын. Осындайға көп жол бермеу үшін, олар өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын. Яғни білім мен тәжірибені бірге алып жүретін.

Фотоэтюд

- Енді әуесқойларға фотографиядан қандай хабары болуы керектігі жайлы айтып өтсеңіз.

- Қарапайым адам Auto деген режимді барлық функциясында қосып, суретке түсірудің композициялық заңдылықтарын білсе жеткілікті. Сосын есте ұстайтын заңдылық – обьективті еш уақытта жарыққа қарсы түсірмеу керек. Себебі жарық әрдайым нысанға түсуі керек. Бұл тек қана суреттің сапасын нашарлатып қоймайды, сонымен қатар күннің жарығы қатты болғандықтан фотоаппараттың ішкі құрылыстарын да күйдіріп жібереді. Күнге тек қыран көзі ғана тура қарай алады екен. Ал келесі кезекте обьективке күн түсірмей, қорғап қалқалап тұратын бленда мен фильтрді бірге алу керек. Ал фотоаппарат таңдағанда, мүмкін болса сурет сапасы көңілден шығу үшін жартылай кәсіби фотоаппараттармен жұмыс істегені жөн.

Ардагерлер

- Фотография саласына байланысты терминдердің, мәселен «выдержка», «автокоррекция», «баланс белого», «композиция», «фокус» сияқты сөздердің қазақшаға аударылу мәселесіне тоқталып өтсеңіз.

- Өткен жылы фотожурналистикаға арналған оқу құралым шықты. Бұған дейін осы салаға байланысты қазақ тілінде шыққан бір ғана кітап жарық көріпті. Б.Тілекметов пен Ә.Жидебаевтың «Фотосурет түсіруді үйрен» деген еңбегі сонау 1962 жылы шығыпты. Одан кейін бірде-бір еңбек жазылмаған. Әртүрлі энциклопедияларда бірен-сараны шыққан екен. Сондықтан ағаларымыздың аударып кеткен еңбектеріне сүйене отырып және бүгінгі қолданыстағы заманауи техникаларды қоса отырып, оқу құралын жазып шықтым. Сол кітаптағы терминдерді жазуда аударма жасаудың өте күрделі екенін ұқтым. Тіпті кейде аударсақ та мән-мағынасы жоғалып кетеді. Мәселен, Қытайдағы бауырларымыздан сұрағанымызда олар  бұл мәселеге байланысты біраз қызықты дүниелер айтты. Мысалы үшін «вспышка» дегенді олар «жарқылдақ» деп аударыпты. Ал «обьективті» – «әйнеккөз» депті. Сол секілді жинастыра келе өз кітабымда «диафрагманы» –  «қалқа», «выдежканы» – «ұсталым», «ISO «чувствительность» дегенді «сезімталдық» деп, қалғандарын да толық болмаса да аударуға тырыстым. Соңында түсініктемелері де баршылық. Оны толықтай бірыңғай аудара берсек, шатасып кетуіміз де мүмкін, сондықтан құлаққа жағымды аудармалармен ғана шектелдім.

Талапкер

- Аудармаларыңызды терминком немесе тіл мамандарына ұсындыңыз ба?

- Жоқ, ұсыныс жасамадым. Бірақ мұны мен жалғыз өзім емес, әріптестеріммен ақылдаса отырып аудардым. Сосын Қытайда Пекиннің тапсырмасымен қырық жылдай уақыт бойы Тибет, Тянь-Шань тауларын түсірген, бүгінгі күні зейнеттегі Түсіпбек Сіләмқұлұлы ағамыздың еңбектеріне сүйендік. Бұл кісіге Қытайда фотография саласы бойынша профессор атағы да берілген. Ағамызды «Шалкөде – елдің жайлауы» атты фототүсірілімге арнайы шақыртып, Қарасаздағы Мұқағали Мақатаев атындағы мұражайда шеберлік сабағын тыңдадық. Сонда ағамыз өз тәжірибесімен бөлісті. Фотография саласының дамуына бей-жай қарамайтынын, қазақ фотографиясына жас мамандардың қажет екенін айтты. Бұл кісінің «Фотографияның жүз сұрағы мен жүз жауабы» атты кітабы да бар екен. Сол кітаптағы қажетті деген, қазақша анықтамалары мен түсіндірмелерін, рұқсаты бойынша пайдаландық.

Ал болашақта арнайы кітаптардың барлығы да мемлекеттік тапсырыспен шығуы керек деп ойлаймын. Тек терминдер мәселесі емес, сонымен қатар, оқыту мектептері мен курстар ашылып, оқулықтар көптеп шығуы керек. Кәсіби деңгейде фотографиямен айналысатындар бір бөлек те, ал дәл осы фотожурналистика, фоторепортерлікке арнайы мектеп керек. Алдағы мақсаттарымыз да, ойымыз да осы. Себебі фототілшілер қоғам үшін, тарих үшін жұмыс істейді.

Саятшы. Моңғолия, Баян-өлгей

- Көшедегі жарнамадан бастап, басылымдарымыздағы суреттерден қазақ физиономиясын көре алмаймыз. Көбінде славян ұлттарының адамдарын көреміз. Бұл мәселені қалай шешсек болады? Халқымыздың айнасы саналатын газеттің бетінде өз ұлтымыздың физиономиясы неге жоқ?

- Жарнамашыларымыз бен шығып жатқан басылымдарымыздың ондай олқылыққа барып жатқаны шындық. Мәселен «Бөпем» журналын көзім шалып қалды. Атауы жақсы, қағазы сапалы журнал. Бірақ жартысына жуық өзге ұлт балалары. Шынымды айтсам, бала тақырыбында кәсіби деңгейде түсіретін фотосуретшілердің жоқтығына намыстандым. Міне, осы жағдайларды көрген соң қазаққа фотография саласының керектігі байқалады. Жарнама мәселесінде де дәл осылай. Мұның басты себебі – біз тауарды сырттан алатындықтан, сырттағы өндірушілер жарнаманы да сырттан алып келеді, сондықтан олар адам образын дұрыс таңдамайды. Десе де, біздің елде де арнайы студиясы бар, жарнамамен айналысатын адамдар бар, мәселен Оңғарбек Алхаров, Жеңіс Ысқабай, Мақсат Тұрсынбай сияқты жігіттер қаладағы, көшелердегі жарнамаларға жанашырлық танытып жүр. Осындай мамандарға тапсырыстар берілсе олқылықтардың орындарын түзетер еді.

«Бүгінгі жаңалық – ертеңгі тарих» дегендей, барлық жеке фотомұрағаттағы және күнделікті түсіріліп жатқан фотосуреттерді бір орталыққа жинастырып, авторлық құқық заңдарына сүйене отырып, қаламақыларын белгілесе, бұдан ұсынушылар да, іздеушілер де ұтар еді. Онда көптеген суреттер сақталатын болады. Оның сайты арқылы әрбір басылым өзіне қажетті сурет ала алатын болады. Мәселен, АҚШ-тың Ақ үйінде фотосурет қоры 50 миллионға жуықтапты. Біз де осындай суреттер қорын ашсақ деген ойдамыз.

Қадыр Мырзалиев

- Сіз ашқан «Фотоөнер» атты бірлестіктің мүшесі Сәрсенбек Қызайбекұлының суреттерін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі рұқсатсыз алып, қаладағы билбордқа іліп қойған жайы бар. Бұл мәселені қалай шешу керек?

- Иә, ондай жағдайлар болды. Негізінде Қазақстан авторлар қоғамына бірлестік атынан ұсыныс жасап, осы мәселенің шешу жолдарын талқылауды мақсат етіп отырмыз. Себебі автордың рұқсатынсыз суреттерін пайдаланатын жағдайлар көп. Газет-журналда жүрген адамдар суреттің де біреудің мүлкі екенін ұға бермейді. Сурет уақыт өткен сайын құнды бола түседі емес пе?

- Massaget.kz сайтының оқырмандарының ішінде фотография саласына барамын деушілер де бар. Оларға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Фотографиямен айналысамын деуші жастар бұған шын көңілмен, жауапкершілікпен қарауы керек. Бірде АҚШ президенті Барак Обаманың жеке фотографы болып Питер Суза (Pete Souza) есімді азамат тағайындалады. Президенттің фотографы, әрине, танымал адам және одан барлығы сұхбат алуға тырысады екен. Сол сұхбаттарының ішінде бір журналист қайтер екен дегендей қитұрқы сұрақ қояды: «Сіздің ең керемет суретіңіз қайсы?». Сонда фотограф «Мен ол суретті ертең түсіремін» деп жауап берген екен. Міне, сондықтан да жастарға айтарым, бәрі де алда.

- Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Сұхбаттасқан: Ардақ Құлтай

Сурет: Асылхан Әбдірайымұлы

А. Құлтай