Әбілхан Қастеевтің Музей-үйі ашылды

Әбілхан Қастеевтің Музей-үйі ашылды

Бүгін, яғни 17 қаңтар күні Алматы қаласында қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев Музей-үйінің ашылу салтанаты болып өтті. Аталған шара суретшінің туғанына 110 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Белгілі суретші бұл үйде 1958 жылдан 1973 жылға дейін тұрған екен. Музей-үйге суретшінің елге танымал кескіндемелік және графикалық туындыларының көшірмелері мен суретшінің өмір жолынан, шығармашылығынан хабар беретін фотосуреттері, құжаттары, тұтынған заттары қойылған. Әбілхан Қастеевтің ұзақ жыл бойы жұмыс істеген шеберханасы да шынайы экспонаттардың көмегімен қайта жасақталған.

Ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті тарихи-мәдени мұралар басқармасының басшысы Базарбай Алтаев, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Сабыр Мәмбеев, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов, Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің директоры Серәлиев Бақыт, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы Өмірбеков Байтұрсын және де Әбілхан Қастеевтің қыздары Гүлдария, Гүлназия Қастеевалар қатысты.

Алғаш болып сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті тарихи-мәдени мұралар басқармасының басшысы Базарбай Алтаев: «Біріншіден, бүгінгі мемориалдық музейдің ашылуымен Әбілхан Қастеевтің отбасын құттықтағым келеді. Ол кісілердің әке мұрасын насихаттау жолындағы еңбегін атап өткен жөн. Алдағы уақытта музейге келушілер үшін жағдай жасалып, әкімшілік тарапынан қамқорлыққа алынады деген ойдамыз. Мәселен күзет қойылып, көшені кеңейтіп, ертеңгі күн туристер үшін де мүмкіндік жасалуы керек», - деді.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Сабыр Мәмбеев: «Әбекең өте таза, адал адам болатын. Көңілі баладай еді. Біз 20-30 жылдай бірге жұмыс істедік. Мен Суретшілер Одағын басқарып тұрған кезде Мәскеуге жиі бірге баратынбыз. Әбекең үшін Олжас Сүлейменовтің еңбегі зор болды. Әбекеңнің жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі үшін барын салды», - деп, өткен күндерден естеліктер айтып берді.

Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Сұлтанбек Мәкежанов: «Бүгін өнер саласында, мәдениет саласында айтулы күн орын алып отыр. Өздеріңіз білесіздер, 2004 жылы Әбілхан ағамыздың 100 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өттік. Алматы облысы Жаркент қаласында ол кісінің атында саябақ бар, музей бар. Алматы қаласында да үлкен музей жұмыс жасайды. Біз әлі де осындай жұмыстарды кешенді түрде жалғастыра түсетін боламыз», - деген ойын білдірді. 

Өз кезегінде Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің директоры, Серәлиев Бақыт: «Әбілхан Қастеев бүгінгі ашылып отырған Музей-үйде өмірінің соңғы он бес жылын өткізген. Бұл үйде көптеген қазақ зиялылары қонақта болған. Бір дастархан басында отырып, өнер, өмір туралы сыр шертіскен. Біз тек бастамасын жасадық, әлі де атқарылатын іс шаш етектен. Бұл бастама қазақ өнері үшін үлкен жаңалық болары анық», - деген мәтінде қысқаша баяндама жасады. 

Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Өмірбеков Байтұрсын: «Бүгін бейнелеу өнері үшін ғана емес, қазақ мәдениеті үшін үлкен жаңалық болып отыр. Біраз уақыттан бері Қастеев атамыздың осы үйі музейге айналса деген ниетіміз бар еді, мінеки, бүгін іске асып отыр. Біз өте қуаныштымыз!», - деп ағынан жарылды. 

Алматы қаласы мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Омарбекова Жұлдыз: «Әбілхан Қастеев – Ұлы даланың Ұлы перзенті. Алматы қаласында даңқты суретші атында көше бар, өнер мектептері бар, 2004 жылы ескерткіш ашылды. Міне, бүгін музейі ашылып, тағы бір қуанып отырмыз. Алдағы уақытта Алматы қаласы әкімдігі тарапынан музейге қолдау көрсетеміз деп сенім білдіремін», - деді.

Кейіннен Ә.Қастеевтің қызы, суретші, Гүлназия Қастееваны сөзге тарттық. Гүлназия Қастеева: «Бұл үй – тарихи үй. Бұл үйге бірнеше елдің делегациялары түскен. Қаншама суретшілер, студенттер, танымал адамдар қонақта болды. Анам Сақыпжамал қонақжай кісі болатын. Әкемінің шығармашылықпен айналысуы үшін бар мүмкіндігін жасады», - дейді.

Журналистердің «Бұл үйде бұрын ерекше құбылыстар орын алған деп естідік. Бұл туралы нақтырақ айтып бересіз бе?» деген сауалына: «Мен ол кезде тым кішкентай болдым. Бұл туралы Гүлдария айтқан шығар. Иә, кішкентай кезде еден сықырлап, белгісіз дыбыстар шығатын. Әкеміз дүние салғаннан кейін де бұл құбылыс қайталанған екен. Он жылдай әкімшіліктің меншігінде болды ғой. Күзетшілер де қорқып, бұл туралы айтыпты. Бір адам жүрген сияқты көрінеді екен. Білмеймін, бәлкім әкемнің елесі шығар...», - дейді суретшінің қызы.

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің қызметкері Шолпан Нұғыманова Қастеев ұстаған домбырамен күй тартып берді.

Қастеев үйінің самаурыны қайта тұтанды. Кезінде талай қонаққа қызмет көрсеткен самаурын әлі сырын бермепті. Ырымын жасап, от тұтату суретшінің туған жері Жаркент қаласынан келген Панфилов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Жанпейісов Мейрамбектің еншісіне тиді.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Оразақын Асқар естелік айтып, өлеңін оқыды.

Әбілхан Қастеевтің бұл Музей-үйі қазақстандық суретшілер туындыларының толық жинағы сақталған мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің бөлімшесі болып есептеледі. Ә.Қастеев Музей-үйінің басты міндеті – көрнекті суретшіміздің бай шығармашылық мұрасын сақтап, зерттеу және көпшілікке насихаттау. Музей-үйді толық жасақтап, оның экспозициясын жасауға суретшінің қызы Гүлдария Қастеева еңбек еткен.

Әбілхан Қастеевтің Музей-үйі – қала тұрғындары мен қонақтарына XX ғасыр тарихы мен мәдениеті туралы көбірек білуге, суретшінің өмірі мен шығармашылығы жайында танысуға мүмкіндік беретін, оңтүстік астамыздың маңызы зор мәдениет нысаны болары сөзсіз. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Нұржігіт Айдархан

Ш. Талап