Ермек Серкебаев - опера өнерінің дүлдүлі

Ермек Серкебаев - опера өнерінің дүлдүлі

 Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев Петропавлда 1926 жылы 4-шілдеде дүниеге келген. Кейін отбасымен Алматыға қоныс аударып, үшінші сыныптан бастап қаладағы № 54 орта мектепте оқиды. Жетінші сыныпта П.И. Чайковский атындағы музыкалық училищесінде оқуын жалғастырып, 1941-1943 ж. П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінде скрипка класы бойынша оқиды. Алайда отбасылық жағдайлармен оқуын жалғастыра алмай, тастауға мәжбүр болады. Радиоға жұмысқа орналасып, диктор болып қызмет атқарады. Скрипкада ойнай алатын Ермекті хор жетекшісі Антон Максимович Москаленко хорға әнші болуға шақырады. Хордан жұмыс істеген сәттен бастап-ақ ол опералардағы белгілі классикалық арияларды орындайды. Мәскеуде әндерін үнтаспаға жаздырып, Левинтанмен танысады. 1946 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына қабылданып, Курганов сыныбында оқып, 1951 жылы оқуын ойдағыдай бітіреді.

1947 жылы Абай атындағы Опера және балет театрының шығармашылық ұжымына жұмысқа орналасады. «Евгений Онегин» операсында – Евгений, «Травиатадағы» – Жермон рөлдерін жоғары дәрежеде шырқайды. Келесі рөлі – «Севиль шаштаразындағы» – Фигаро. Серкебаев орындаған партиялардың ішінде Қожағұл, Амангелді (М.Төлебаев, "Біржан мен Сара"; М.Төлебаев және Е.Брусиловский, "Амангелді"), Абай, Серке (А.Жұбанов пен Л.Хамиди, "Абай"; С.Мұхамеджанов, "Айсұлу"), Тарғын, Артем (Е.Брусиловский, "Ер Тарғын", "Дударай"), Онегин, Елецкий (П.Чайковский, "Евгений Онегин", "Пиковая дама"), Петруччио (В.Шебалин, "Укрощение строптивой"), Фигаро (Дж.Россини, "Севильский цирюльник"), Валентин ("Фауст"), т.б. 

1973 жылы консерваторияда жеке дауыста ән айту кафедрасының оқытушысы болады.

1982 жылдан бері консерватория профессоры.

Әнші репертуарында қазақтың халық әндері, орыс және шет ел композиторларының шығармалары бар. Румыния, Пәкістан, Франция, Үндістан, Қытай, Бельгия, Куба, Швейцария, Швеция, Финляндия т.б. шет елдерінде өнер көрсеткен.


Шәкен Аймановтың "Біздің сүйікті дәрігер" және "Тақиялы періште" кинофильмдеріне түсіп, актерлік шеберлігін көрсеткен.

7-шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, 8-11-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

1953 жылы Будапешт қаласында өткен вокалистер байқауының лауреаты.

1956 жылы Бүкілодақтық вокалистер мен балет әртістерінің байқауына қатысып, 2-жүлдені иеленеді.

1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының және 1977 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.

2000 жылы "Музыка" номинациясы бойынша "Тарлан" сыйлығына иеленген.

 "Отан" 2 мәрте Ленин, Қазан революциясы, Енбек Қызыл Ту ордендерімен  марапаталған.

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ