"Ана тілінің Анасы"

"Ана тілінің Анасы"

Дана қазақ халқы дәстүрлі мәдениеттің бесігін тербеткен, отбасы, ошақ қасының тірегі болған отананы да, рулы елдің қамын жейтін ел анасын да, айбатымен жау қашырған батыр ананы да дүниеге әкелді. Олардың ізімен қазақтан айдай әлемді аузына қаратқан әнші де, дәрігер де, актриса да, саясаткер де, ғалым да шықты. Соңғылары туралы сөз қозғағанда ең алдымен аузымызға ілінетін бір жан бар. Ол – Сыздықова Рабиға Ғалиқызы.

Ел басына қиын-қыстау күн туған заманда салқын көзқарастар өне бойын аяздай қарыса да ғалым апамыз ұрпақ алдындағы парызын адал атқарды дей аламыз. Оның қазақ әдеби тілінің тарихы үшін жасаған еңбегі, қазақ әбебиеті тарландарының мұрасын әрдайым насихаттап жүруге уақыт табуы да – біз үшін тағылымды өнеге. Қажырлы еңбегімен уақыт тезіне төтеп беріп, аузынан уәлі сөзі, қолынан құнарлы қаламы түспеген Рабиға апай кеңес кезінің жақсылығын да, жаманшылығын да бір адамдай көрді. Бүгін – сол "ана тілінің Абыз-Анасы" атанған аяулы апамыздың дүниеге келген күні.

Рәбиға Сыздықова Ғалиқызы 1924жылы 17-тамыз айында Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали Құтқожин төңкеріске дейін орысша оқыған, көзі ашық адам болған деседі. Балаларын қазақ мектептерінде оқытқан. Алайда, Рабиға апай әкесінен тым ерте айырылды. Әкесі почта бастығы болып тұрғанында 1937жылы дүрбелеңде ұсталып кетіп, қайта оралмайды. Есесіне анасы Жеміс пен әкесінің Еркінғали атты інісі әңгімешіл, ақ жарқын, қиындыққа дес бермес алымды жандар болған екен. Ғалымның төл тіліміздің қамқоры болуына осы екі адамның шарапаты тиді деуге болады.

Рәбиға Ғалиқызы Ақтөбе мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. 1951-1957 жылдары - Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, редакция меңгерушісі, 1957-1961 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері болады. 1961-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1981 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, мәдениет және қазақ тілдері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Рәбиға Сыздықова – сөз тарихына, сөз әсемдігіне, сөз сазына, әуеніне,қолданылу мәдениетіне терең бойлап, білгірлікпен талдау жасаған ірі ғалым. Нәзік жандылығына қарамастан білдей бір институт атқаратын қызметті өзі жасап шықты деуге болады. Сөздің мәнін ашу, көне жазбалардағы сөздердің қалай қолданылғандығын анықтау зор жауапкершілікті, ұқыптылықты, төзімділікті қажет етеді. Профессор бұл қиындықтарды сезіп біле тұра тіл тарихын зерттеуге ерекше ден қойды. «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғасырлар)» атты еңбегінде сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамдарға қызмет етіп отырған,мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі сияқты ірі тілдің тұтас бес ғасырлық тарихын таныту үшін, оның белгілі бір кезеңдердегі күй-қалпын сипаттау, жеке ескерткіштердің тілін талдау, функционалдық стильдерінің пайда болып,әрі қарай қалыптасуын зерттеу, жеке қаламгердің үлесі мен рөлін көрсету сияқты жұмыстардан бастап,әдеби тілдің өзінің статусын айқындау,даму кезеңдерін дәуірлерге бөлу,әр кезеңдегі даму принциптері мен бағыттарын дұрыс табу тәрізді қыруар мәселелерді шешіп алуға айрықша қажыр – қайрат жұмсады.

Ғалым - әдебиетші Қайым Мұқаметқанов оның ғылыми еңбектері туралы былай дейді: «Басқа кітаптарыңызды білмеймін. Мына орфография мен пунктуация жайлы анықтағышыңыздың орны өте ерекше. Бұл кітап арқылы сіз бәрімізге де ұстаз болып отырсыз. Ұстаз бола бересіз». Ал М.Әуезов : «Ол бір өте ақылды, мәдениетті жас» деген екен.

Р.Сыздықова жыл сайын бір еңбек шығарып отырған. Осындай жарияланған ғылыми еңбегі жағынан алғанда, онымен басқа лингвистеріміз жарыса алмайды.

Р.Сыздықованың басты-басты еңбектерін қысқаша атап өтейік:

1. Қазақ тілі методикасының негізгі мәселелері(1954жыл).

2. Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы бойынша анықтағыш(1959жыл).

3. Қазақ тілі орфографиялық сөздігі (соавтор, 1960ж.).

4. Абай шығармаларының тілі(1968ж.).

5. Абай өлендерінің синтаксистік құрылысы(1971ж.)

6. Сөздер сөйлейді(1980ж.).

7. Сөз сазы(1983ж.).

8. Қазақ әдеби тілінің тарихы(1984ж.).

9.Жаңа сөздер мен тіркестер(соавтар, 1984ж.)

Р.Сыздықованың ғылыми –педагогикалық еңбектері:

1.Қазақ тілі оқу құралдарындағы жаңалықтар.

2.Орыс орта мектебінің 5-7,8-10 кластарына арналған қазақ тілі оқулықтары.

3.Көмекші оқу құралдарын жасау-маңызды мәселе,Қазақ әдеби тарихының программасы.

4. Үлкендерге арналған әліппе және т.б.

Ол қазақ тілінің пунктуациясы мен орфографиясын жетілдіру жөнінде бірнеше

еңбектер жазды:

1.Пунктуацияның кейбір мәселелері.

2.Жазуды жетілдіре білу жайында.

3.Бірге және бөлек жазылатын сөздер.

4.Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш.

5.Орфографиялық сөздік.

6.Қазақ пунктуациясының ережелері және т.б.

Қазақ әдеби тілінің тарихы мен дамуы, тіл мәдениеті мәселелері жөнінде

мына еңбектер жарық көрді:

1.Абайдың прозалық шығармаларындағы кейбір морфологиялық тұлғалардың сипаты.

2.Абай шығармалары мен ХІХғасырдың жазу нұсқаларының тілін зерттеудің маңызы.

3.Абай шығармаларында –ар,-ер,-р жұрнақты тұлғаның қолдануы.

4. Абайдың қара сөздеріндегі –мақ аффиксті тұлға жайында.

5.Қазақ әдеби тілінің нормалары.

6. Абай шығармаларының тілі.

7.Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы.

8.Жамбыл поэзиясының тілі.

9. Махамбет өлеңдерін оқығанда, сахнадан естілер сөз жайында және т.б.

Ғылыми еңбектердің енді бір тобы тілдің теориялық мәселелерін қамтиды:

1.Тіл-қоғамдық құбылыс.

2.Коммунизмді орнату дәуірінде ұлттық тілдердің дамуы.

3.Жаңа сөздер жайынан және т.б.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, тіл мәдениеті мәселелеріне арналған. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салуда Абай Құнанбаев шығармаларының зор маңыз атқарғанын дәлелдеді.

Ғалымның ұстаздық жетекшілігімен немесе кеңесшілігімен қорғаған ғылым докторлары мен кандидаттары өздерінің тақырыпты терең меңгеруімен, құнды маман болуымен ерекшеленеді. Профессор Р.Сыздықова еңбектері үкімет тарапынан да әлденеше рет жоғары бағаланды.

Р.Сыздықова қазақ тіл біліміне осындай көп еңбек сіңірді. Бірнеше аспиранттар диссертацияларына ғылыми жетекшілік жасады, көптеген диссертацияларға оппонент болды. Осы өнімді, жемісті еңбегі үшін 1972 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен және көптеген грамоталармен наградталды. Профессор Р.Сыздықова еңбектері үкімет тарапынан да әлденеше рет жоғары бағаланды. 1984 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы берілді. Есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын кітабына » жазылды (1981), Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атанды. Р.Сыздықованың 130-дан астам ғылыми ғылыми еңбегі, оның ішінде 9 монографиясы, оқулығы, оқу құралы бар

 

Суреттер:abai-inst.kz,tbi.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева