- Негізгі бет
- Тұлға
- Ли Бен Хон...
Ли Бен Хон мен Ли Мин Чжонның некелесу рәсімі
Қос ғашық 10 тамыз күні сағат 18:00 де Сеул қаласының "Grand Hyatt" қонақ үйінде некелесті. Некелесу рәсімін жүргізген – актер Шин Ен Ген, ал тойды басқарған – актер Ли Бом Су мен Шин Дон Еп. Тойға барлығы 900 адам келді. Пак Чжон Хен (Лена Пак), Ким Бом Су, Пак Сон Джу мен Dynamic Duo құттықтау өлеңдерін айтты. Ал той соңында қалыңдық гүлі Ли Мин Чжонның құрбысына бұйырды.
Той алдында Ли Бен Хон «Біз әр күнімізді бақытпен өткіземіз. Бұл өмірімнің екінші бөлімінің басы, сол себепті әрбір атқан таң қуаныш сыйлайды деген үміттемін. Мен осыған дейін жақсы актер болу үшін барымды салып аянбай жұмыс жасадым және болашақта да осы жолдан таймаймын» деген.
Ал Ли Мин Чжон: "Табиғаттың тылсым күшіне таң қаламын. Той болатын күні жаңбыр жауып, найзағай соқса рәсімнің шырқын бұзады деп ойлайтынмын. Халқымызда «Тойда жаңбыр жауса, қос ғашықтың ғұмыры ұзақ әрі баянды болады» деген аталы сөз бар. Жаңбыр да жауды, күн де күркіреді, яғни біз мәңгілік бақытты боламыз!" дейді.
Жас жұбайлар бал айын 12 тамыздан бастап Мальдив мемлекетінде өткізетін болады. Болашақта Ли Бен Хонның Кванджуда орналасқан үйінде тұрамыз деп жоспарлауда.
Мұнымен қатар Ли Бен Хонды голливуд актеры Брюс Уиллис те құттықтады. Брюс сұхбаттардың бірінде: "Екеуіміз түсірілім барысында жақсы тіл табысып кеттік. Бірге түскен екі жобада Ли Бен Хонның ойынына таңқалдым. Оның қатысуымен экшн көріністердің барлығы шынайы болып көрінді..." - деген екен.
Ли Бен Хон: «Мен осы күнге дейін түрлі актерлермен жұмыс жасадым. Алайда голливуд актерлерінің өзі маған қолдау көрсетіп жатқанына әлі де сене алмаймын» деген сәтінде Брюс Ли Бен Хонға бұрылып: «Үйлену тойыңмен құттықтаймын!» деп айқайлап жіберген.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: daramu.ru
Қ. Бүйенбай