- Негізгі бет
- Музыка
- Сон Паскаль: "Қазақстан...
Сон Паскаль: "Қазақстан - менің Америкам"
Сенбі күні Астанада итальяндық әнші Сон Паскальдің қазақ тіліндегі жаңа "Жаным сол" бейнебаянының жабық тұсаукесері болып өтті.
Итальяндық әнші бір жыл бұрын Қазақстанға келіп, өз өнерін осында жалғастыруда. Осы уақытта-ақ ол «You should speak қазақша», «English man in Шымкент», «Көзімнің қарасы» әндерін орындап, халыққа танылды.
Бейнебаян релизі АҚ «ҚТЖ» демеуімен өтті. Тұсаукесер Астананың ең биік нүктесі - "Қазақстан Темір Жолы" ғимаратының 37-қабатында болды.
"Жаным сол" әнінің әуенін Паскальдің өзі жазды. Сонның айтуынша, ол қазіргі мекені - Қазақстанға деген құрмет пен ыстық сезімдерден шабыт алған. Елдің дәстүрлері мен халқына, тұрмыс-тіршілігіне ғашық болған итальяндық әнші қазір Алматыда тұрады. Заманауи ән өңдеуіне қарамастан, әндегі басты инструмент - қобыз болып табылады. Сөздің авторы жас ақын Ғалымжан Молданазар, ал қобызда Ақерке Тәжібаева ойнаған.
Кешті танымал шоумен Мұрат Мұтырғанов жүргізді. Паскаль тұсаукесерде бейнебаян түсіру оңай болғанын айтты. Әу баста оның командасы қымбат, Голливуд кино стилінде бейнебаян түсірмек болған, алайда Сон қарапайым сценарий таңдаған екен. Бейнебаян түсіруге оған осы саладағы маман итальяндық достары көмектескен.
Бейнебаянда Сон Паскаль көңіл-күйі жоқ, ызалы жігітті сомдайды. Алматының көшелері мен тауларын аралаған ол ашулы кейіппен бір нәрсе іздеген адамдай көрінді. Алайда бейнебаянның соңы аяқ асты күтпеген, қызықты оқиғамен аяқталды.
Сон өзінің болашақ жобасы жайлы да айтып өтті. "Паскалистан" деп аталатын бұл телебағдарлама Қазақстанда басынан кешкен қызықты оқиғалары жайлы болмақ. Бағдарлама Италия теледидарынан көрсетіліп, Қазақстанды басқа қырынан танытпақ.
Ал наурызда ол жаңа ән жинағын шығарып, оны сатпай, тыңдармандарына таратпақ. Ән жинағына байланысты Сон Паскаль Ақтаудан Семейге дейін жеке концерттерін бермек ниетте.
Сон Паскаль жоспарларының барлығын Қазақстанмен байланыстырып отыр. Паскальдің атйуынша, оған басында жаңа тұрмысқа үйрену қиын болған, алайда қазір Алматыдан көшкісі келмейді.
"Қазақстан - менің Америкам" деді ол тұсаукесерінде.
Назарларыңызда жаңа бейнебаян:
Арнайы Массагет үшін: Астанадан Сания Аринова
С. А