"Жетісі өтіп кеткен". Белгілі әнші байқаудан кейін қайғылы хабар алғанын айтты

"Жетісі өтіп кеткен". Белгілі әнші байқаудан кейін қайғылы хабар алғанын айтты
Фото: Фото: tahmina_ashimbekova

Белгілі әнші Тахмина Әшімбекова байқауға қатысамын деп жүріп, анасынан айырылып қалғанын білмегенін айтты. Ол бұл туралы "Менің өмірім" бағдарламасында әңгімелеп берді.

"1999 жылы қатты бұршақ жауды. Анам далада нан көміп жүрген. Сөйтіп, қан қысымы ұстап, құлаған. "Азия дауысының" өзіне емес, ішіндегі "Қазақ әндері" деген байқауына қатыстым. Бірақ ешқандай зауқым жоқ. "Байқау тезірек бітсе екен, әнімді айтып, үйге кетсем екен" деп тұрдым. Ешқашан менде ондай болмайтын еді. Түнде ұйықтап жатыр едім. Айғайлап, шошып ояндым. Түсімде қап-қара киініп алған адамдар жүгіріп шығады. Аспанда ұшақтар ұшып жүр, үйге бірнәрсе тастап жатқандай болды. Шошып оянып, жыладым", - деді әнші.

Әнші ол кезде байқауда жүргенін айтты.

"Дайындық болып жатыр. Дайындықта әнімді айттым да, кетіп қалдым. Дискімді ұмытып кетіппін, қайта келдім. Қаншама адам жүр. Жолда кіреберіс жерінде әпкем жүр. "Сені көруге, сенің әніңді тыңдайын деп келдім" дейді. Кейін әпкем қасымда жүрді. Дипломымды алдым, конкурс бітті. Үйге қайтып келе жаттым. Әпкем қайта-қайта көзіне жас алады. "Неге жылап жатырсыз?" десем, "жас шығатын болыпты" деді. Үйге келсем, бәрінің көңіл күйі жоқ. Кішкентай інім бар, сол ғана жүгіріп ойнап жүр. Анамды сағынып келдім. Құшақтасып, мен ғана күліп жарқылдап жүрмін. "Анам қайда?" деймін. Әкем "сені Тараздан теледидардан көруге кетті" дейді. Залда отырғанда, көршілер кіріп келді. "Анаң марқұм болып кетті" деді. Төбемнен тас ұрғандай болды. Жетісі өтіп кеткен, маған айтпаған. Ағайындарым жиналып, "жейтін наны ғой, айтпай-ақ қойыңдар, сонша дайындалды ғой" деген. Ол кезде "Азия дауысы" көп әншіге кәдімгідей арман еді. Сөйтіп, анамды көрмей қалдым. 20 жаста едім. Соңғы көргенімде, пойызда шығарып салғанда, терезеден қарасам, әлі кетпей тұр екен. Вагоннан қайта түсіп, анамды құшақтап, біраз тұрдым. Пойыз жүргеннен кейін өзімнен өзім жыладым. Әкем анамнан кейін 7 жыл өткен соң өмірден өтті", - деп еске алды әнші.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Тахмина Əшімбекова (@tahmina_ashimbekova)

Ж. Қадыржанова