Табылды Досымов - қазақтың тұңғыш бард ақыны

Табылды Досымов - қазақтың тұңғыш бард ақыны

XX ғасырдың 80-90 жылдары студенттік өмірге аяқ басқан жастар Табылдының әндерімен қауышатын. Жастық дәурен - қызығы мол думанды кездерге толы. «Көңілді отырыс өтеді, ән айтылады, би кеші болады»,- десе жастардың елең етіп, бар ісін ысырып қоятыны айдан анық. Есте мәңгі қалатын отырыстарда гитара асынған қазақтың қара домалақ баласы, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов өзінің иірімге толы лирикалық әндерін шырқап, кештің шырайына өң беріп тұратын. Бірте-бірте алпамсадай Табылдының өзі сол бір кеште отырмаса да, бүкіл қазақ жастары әндерімен тербелді. Ақынның сыршыл да сұлу,сағынышқа, сезімге, тәтті мұңға толы әндері айрықша.

Жанарыңа қарауға жасқанамын еркем-ай,

Ару қызы сен бе едің астананың-ай,

- деген әнінде Алматының жастар шаһары ретіндегі болмысы мен келбетін айрықша сипаттаған.

Ол серіліктен де алыс емес еді. Ақан серілердің арқада өткізген серілігі, салдығы алып шаһар Алматы қаласына ауысып, нағыз романтиканы суреттеді. Болмысы бөлек бард ақынның өміріне, шығармашылығына, поэзиясына, әндерінің әуендеріне 1986 жылы болған оқиға үлкен өзгеріс алып келді. Өйткені елім деп, жерім деп алаңға шыққан жалынды жастардың қатарында Табылды да болатын. Желтоқсан дүмпуінен кейін Табылды Досымов оқудан шығарылып, туған жерге кетуге мәжбүр болды. Бір жылдан соң, әсем қала Алматыға қайта келіп, оқуын жалғастырады. Бір жыл мәдени ошақтан алыс бола тұра, шығармашылықтан қол үзбей, жастарға өнеге боларлықтай бардтық үлгіде патриоттық, ұлтқа деген сүйіспеншілікті оятар әндер алып келді. Бард, біздіңше жырау. Бардизм португалия халқының гитарамен айтылатын жеңіс жырларынан бастау алады. Сол бір жеңіс тұғырынан көрінген тәуелсіздік «Желтоқсандағы жыр-ән», «Қазақ едім дегенше...», «Әулет диалогы» және т.б. жырларының өмірге келуіне себепші болды. Алаштың ұлы, Аяштың ұлы Табылдының бардтық әндерін тыңдаған жан еңсесін көтеріп, елім деп еміреніп, жұртым деп жалындайтыны анық.

Мен қазақпын, мен қазақпын, қазақпын деп айтам ән,

Халқым үшін қан-додаға кірмей қалай жай табам?!

Менің қаным тебіренсе тентек Каспий секілді,

Қинайтұғын, ұйымайтұғын, арнасына симайтұғын қайтадан.

 

Иә, қазақтың тұңғыш бард ақыны 45 жасына қараған шағында ұйқысынан оянбай қалды. Құдды бір өзінің өлімін сезіп кеткендей. Нағыз ұлылар өз болашағына байлам жасап, өмірінің жетер жерін айтып кеткен. Мінекей, арыстандай Табылды осылардың бірі еді. Оның салған әні, өткір сөзді поэзиясы халық жүрегінен мәңгіге орын алды. Лапылдап өткен маздақ жан.

Форумда талқылау

Суреттер alashainasy.kz, kerek.info сайттарынан алынған