Иманбектің ремиксі "Грэмми" премиясын жеңіп алуы мүмкін

Иманбектің ремиксі "Грэмми" премиясын жеңіп алуы мүмкін
Фото: instagram.com/imanbekmusic

Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтің (Imanbek) Saint JHN орындайтын "Roses" әніне жасаған ремиксі "Грэмми" сыйлығына үміткер атанды. "Roses (Imanbek Remix)" трегі "Best Remixed Recording" номинациясы бойынша қатысып жатыр.

©instagram.com/imanbekmusic

Иманбектің номинациясында сынға түсіп жатқандар тізімі мынадай:

Best Remixed Recording
"Do You Ever (RAC Mix)," RAC (Phil Good)
"Imaginary Friends (Morgan Page Remix)," Deadmau5 (Morgan Page)
"Praying for You (Louie Vega Main Remix)," Jasper Street Co. (Louie Vega)
"Roses (Imanbek Remix)," Saint JHN (Imanbek Zeikenov)
"Young & Alive (Bazzi vs. Haywire Remix)," Bazzi (Haywyre).

Премия жеңімпаздары 2021 жылы 31 қаңтарда белгілі болады. Өзге номинацияларда Beyonce, The Weeknd, Coldplay, Lady Gaga, Dua Lipa, Billie Eilish және тағы басқалары бар.

Иманбек Зейкенов – Павлодар облысындағы Ақсу қаласында тұратын 20 жастағы музыкант. Осыған дейін теміржол саласында жұмыс істеген. Ремикс жасауды, музыканы YouTube-тегі видеолардан үйренген.

2019 жылы Иманбек рэпер Saint Jhn -ның Roses деген әнін байқап, оны билеуге ықшамдап ремикс жасаған. Ремикс өте жылдам қарқынмен танымал бола бастады. Дүниежүзіндегі біршама чарттарда болды. Ремикс YouTube-те 117 миллионнан аса қаралым жинаған.

Ал Shazam қосымшасында бұл ремикске 21 миллионнан астам іздеу жасалған. Осылайша Shazam тарихындағы ең көп ізделген 100 әннің қатарына енді.

Imanbek, Ed Sheeran және Sia: Shazam осыған дейін көп ізделген 100 әнді жариялады

Биыл шілдеде Иманбек туралы The New York Times басылымы жазды.

Тамызда Иманбек ресейлік Effective Records лейблымен келісімшартқа отырды.

Ал қарашада Imanbek Usher және Marshmello-мен бірігіп трек шығарды. Клип бірінші күні жарты миллионнан астам қаралым жинады.

"Грэмми" (Grammy) – 1958 жылдан бері америкалық Өнер және ғылым ұлттық академиясы табыстайтын музыка премиясы. Премия жеңімпаздарын академия мүшелерінің дауыс беріп таңдайды. "Грэммиді" музыкадағы "Оскар" деп те атайды.

Massaget.kz