Желтоқсанның 10-ы күні Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында Димаш Құдайбергеннің "Arnau" атты жеке концерті өтті. Қазақстандық әншінің концертіне билеттер 13 қыркүйекте сатыла бастаған, 1,5 ай ішінде Димаштың жанкүйерлері барлық 7000 билетті сатып алған. Оның 75 пайызы америкалықтар болған.
Димаштың Лондонда өткен концертінде де жанкүйерлері осында белсенділік танытқан еді. Indigo at the O2 концерт залы орындаушының алғашқы жеке концертіне әлемнің 45 елінен 4600 көрерменге орын тарту етті.
Димаштың концертіне жиылған қауым
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған концерт Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндеріндегі ерекше шара болды. Тартымды шоу бағдарламасы мен әншінің елітер сахналық образдарын қазақстандық жас мамандар тобы дайындады.
Концертке дейін фанмитинг өтті. Кездесуді жанкүйерлері клубы Dimash USA ұйымдастырған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz. Жанкүйерлердің жабық кеші Димаштың шығармашылығымен жіті таныс 54 мемлекет азаматының басын қосқан.
Димаш Barclays Center сахнасының төрінде алғаш рет өнер көрсетіп тұрған жоқ. Осыған дейін ол ресейлік әнші Игорь Крутойдың мерейтойлық шоуына қатысқан болатын. Сол күні концертте Димаш Құдайбергеннен бөлек, Филипп Киркоров, Ирина Аллегрова, "А-Студио" тобы, Николай Басков өнер көрсеткен еді.