Шакира ағылшын тілін қалай үйренді?

Әлемге әйгілі колумбиялық әнші Шакира ағылшын тілін үйренуде қандай тәсілдер қолданды? Шетелдік баспасөз таратқан ақпаратқа сүйене отырып, латынамерикалық жұлдыздың тәжірибесін назарларыңызға ұсынамыз.

Бала күнінен өнерге, жалпы шығармашылыққа біртабан жақын өскен Шакира әншіліктен бұрын би өнерін меңгерген. 4 жасында өлең құрастырып, 8 жасында әннің сөзін өзі жаза бастаған. Оның жазуға деген махаббатының артқаны сонша, 7 жасқа толғанда ата-анасынан баспа машинкасын сатып беруді сұраған екен. Әншінің өсе келе ағылшын тілін меңгеруіне түрткі болған өлең жазуға деген құштарлығы еді.

Шакираның ана тілі – испан тілі. 1990 жылдардың соңында оның испан тіліндегі әндері Колумбияда кеңінен тарап, халық арасында жоғары бағаланды. Осы уақытта әншінің менеджері бұл әндерді ағылшын тіліне аударып, ағылшын тілінде орындау керек деген ұсыныс тастайды. Көп ұзамай Шакираның әндері ағылшын тіліне аударыла бастады. Бірақ әндерінің аудармасына Шакираның көңілі толмады, себебі әннің түпкі мағынасы, идеясы өзгеріске ұшыраған еді. Осы кезеңде әнші ағылшын тілін үйреніп, өз әндерін өзі аудара алатындай деңгейге жетуді мақсат етті. Мамандар ұсынысы бойынша ол тіл меңгеруде мынадай тәсілдерді қолданды.

• Грамматикаға көңіл бөлді

Әнге мәтін жаза алу үшін, сөзсіз грамматиканы жетік меңгеру керек. Шакираның негізгі мақсаты осы еді. Сауатты мәтін жазу, ойды қағазға еш кедергісіз түсіру үшін ол әр күн сайын ағылшын тілінде жазылған мәтінді көшіріп жазып отырған.

• Ағылшын тілінде классикалық көркем әдебиет туындыларын оқыды

Ағылшынтілді халықтың мәдениетін бойға сіңіріп, оны сезіну үшін Шакира классикалық поэзияны оқуға ден қойған. Шакира үшін ағылшын тілін үйренуге ең көп көмегін тигізген де осы тәсіл.

//
 

• Сөзді дұрыс дыбыстауға мән берді

Әншіге әр әріпті, сөзді дұрыс дыбыстай білу аса маңызды. Шакираның ағылшын тіліндегі алғашқы альбомы шыққаннан кейін, әнші тарапына түрлі сын айтылды. Америкалық музыкасүйер қауым колумбиялық әншінің дауысына, дарынына тәнті болды, дегенмен оның әнді айту кезіндегі тілдік олқылықтарын да жасырмады. Америка шоубизнесіне аяқ басқан өнерпаз халықтың сынын жақсы қабылдады және сыннан нәтиже шығара алды.

Шакира шетелдік БАҚ-қа берген сұхбаттарында жоғарыда жазған тәсілдерді қолдану арқылы ағылшын тілін меңгергенін айтады. Бұл тәсілдердің қаншалықты нәтижелі болғанын төмендегі видеодан көрейік. Шакира ағылшын тілінен бөлек испан, португал, итальян, француз, каталан тілінде еркін сөйлейді.