Ержан Максим ресейлік "Голос.Дети" шоуы жеңімпаздарының бірі болды

Ержан Максим ресейлік "Голос.Дети" шоуы жеңімпаздарының бірі болды
Фото: kp.ru

Ресейлік "Первый канал" арнасы "Голос.Дети" шоуында финалға шыққан қатысушылардың барлығын жоба жеңімпазы ретінде таныды. Олардың қатарында отандасымыз Ержан Максим де бар.

Конкурстың арнайы шығарылымы тікелей эфирде өтті. Бұл жолы Микелла Абрамовадан басқа финалға жолдама алғандардың барлығы өнер көрсетті. Ең бірінші Пелагея, одан кейін Светлана Лободаның командасында болған жас таланттар шықты. Соңғы болып Валерий Меладзенің шәкірттері өз өнерлерін паш етті.

Жарыс жеңімпазы болып ең бірінші Ержан Максимнің есімі аталды. Ол арнайы шығарылым кезінде "Адажио" әнін орындады.

- "Первый канал арнасында ештеңе сатылмайтынын сен енді білетін боласың, - деді арнаның бас директоры Константин Эрнст жобаның тікелей эфирі кезінде.

Ержаннан өзге Нино Чеснер, Валерий Кузаков, Рената Таирова, Роберт Багратян, Анастасия Сисаури, Михаил Григорян, Мариам Абделькадер  және арнайы шығарылымға қатыспаса да, Микелла Абрамова жеңімпаз болып танылды. Олардың бәріне демеуші тарапынан 1 млн рубльдің (5,8 миллион теңге) сертификаты табыс етілді.

Константин Эрнст "Голос.Дети" жобасының келесі кезеңде де жалғасатынын айтты.

- Соңында барлықтарыңызға айтарым, "Голос" жылдағыдай өз жалғасын таба береді. Ешқандай да таныс, ешқандай ақша мұнда рөл ойнамайды. "Голоста" талантыңды мойындатып барып қана жеңімпаз атанасың. Келер маусымда жүздескенше, - деді.

Айта кетейік, Ержан Максимнің суперфиналда өнер көрсетіп, екінші орын болатын. Алайда кейін дауыс беру қорытындысына байланысты дау туындап,  ресейлік арна алтыншы маусым нәтижесін қайта қарап, жоққа шығарған еді. Сөйтіп арнайы шығарылым көрсету жөнінде шешім қабылданған-ды.   

Ресейлік арнадағы "Голос Дети" шоуы - халықаралық The Voice Kids жобасының ресейлік нұсқасы. Конкурсқа 14 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Қатысушыларды үш әділқазы іріктеп алады. Ал финалдық кезеңде жеңімпаз көрермендердің дауыс беруі арқылы анықталады.

Н. Үсенова