Данэлия өзі қонақ болған америкалық шоуларда не айтты?

Данэлия өзі қонақ болған америкалық шоуларда не айтты?
Фото: junioreurovision.tv/

The World's Best шоуына қатысып жатқан қазақстандық жас әнші Данелия Тулешова талантына барша Америка жұртшылығы тәнті болды. Бүгін оның "Rise up" әнін орындаған видео-жазбасы Youtube желісіне жүктелді. Оны бейжай тамашалау мүмкін емес.

Шоуды жүргізушісі Джеймс Кордон да, әділқазылар қатарындағы даңқты Голливуд актрисасы Дрю Бэрримор, актер Ру Пол мен "Грэмми" иегері, кантри стиліндегі әндер орындаушысы Фэйт Хилл да 12 жасар таланттың харизмасына төтеп бере алмады.

Дрю көзіне жас алса, Ру "Нағыз феноменалды перформанс!" - деген баға берді. Фэйт: "Сенің әдемі күлкің, көркем жүрегің үшін, сондай-ақ, осының бәрін бізбен бөліскенің үшін рахмет," -деп алғысын жаудырды. Олар Данэлияны Vocal Wonder деп атайды.


1 миллион доллар мен адам сенгісіз атақ пен абырой тігілген бәйгеде осал қарсылас жоқ. Жарыс енді басталғанымен, қатысушылар түрлі шоулардың қонағы болып үлгерді. Данэлияны алғашқылардың бірі боп шақырған Universal Studios шоуының жүргізушісі Таника Рэйге берген сұхбатын кішкене жұлдыз сүйікті әншілерінен бастады. "Ариана Грандені жақсы көремін. Бейонсе - менің патшайымым!" - деген сөзіне, Таника: "Сіңлім, Бейонсе - менің де патшайымым" - деп Данэлияны өзімсінгенін жасырмады. Интервьюер Кар Бидің өнерін бағалайтын қазақстандық қызға әншінің Okurrr (catchphrase) сөзін айтқызып көріпті.

Шоумендердің "Әнді ағылшын тілінде мінсіз орындайды",- деген бағасы орынсыз емес. Данэлия ағылшын тілінде ойын еркін жеткізеді. The Real шоуында соның куәсі болдық. Данэлияны CBS көрермендеріне таныстырған Тамера әңгімені "Өз талантыңды қашан байқадың" - деген сұрақтан бастады. Жас жұлдыз "Украина дауысы" шоуына қатысқан кезден, яғни, 10 жасында әншілікке келгенін айтты."Мен бұған дейін гимнаст болдым, жарақат алғаннан кейін, әншілікке бет бұра бастадым"- дей бергенде Дженни Мэй: "Құдай саған қос талант берген бе?" -деп таңқалды.

Джеймс Кордон жүргізетін Carpool Karaoke шоуының Данэлия ұнататын шығарылымы 

Калифорниялық өмірден нені ерекше ұнаттың деген сұраққа бала көңіл Elmer's glue-мен слайм жасағанды сағынатынын айтты. Лони Лавтың шоу алдындағы қобалжу туралы сауалына: "Әрине, Дрю Бэрримор, Ру Пол мен Фэйт Хилл алдында ән айтуға жүрексіндім. Джеймс Кордонның алдында да. Оның Carpool Karaoke бағдарламасын түгел қарап шықтым. Әсіресе, Карди Бимен болған шығарылым қатты ұнайды. Кордонның "Қанша көлігің бар" деген сұрағына "Менде көлік көп, бірақ жүргізе алмаймын" -дегені есімнен кетпейді" - деді Данэлия күліп. Оның бұл сөзіне шоумендер сүйсіне қарады. Сөз соңында кішкене жұлдыз болашақтағы жоспарларымен де бөлісуді ұмытпады.

А. Оралқызы