"Жігіттер" квартеті 15 жылдығына арнап ән кешін өткізеді

"Жігіттер" квартеті 15 жылдығына арнап ән кешін өткізеді
Фото: massaget.kz

Қазақ эстрадасының төрінен өзіндік орын алып, қалың тыңдарманның сүйікті әншісіне айналған өнер жұлдыздары аз емес. Аз емес деп қарағанмен, оның ішінде де бірегейлері бар. Солардың бірі - "Жігіттер" квартеті.

Алғашында "Ерке қыз" әнімен ел көңілінен шығып, кейіннен нәзік лирикаға толы әуендерімен тыңдармандар ортасын қалыптастырған квартеттің үлкен сахнаға қадам басқандарына 15 жылдың жүзі болыпты. Аз да, көп те уақыт емес. Бастысы, эстрадада өзіндік дара жолдарын салып, кейінгі жас буынға үлгі-өнеге болар кезеңге де қадам басып келеді.

Өнердегі 15 жыл - атаулы мерейтой. Осыған арнап "Жігіттер" квартеті аста-төк той жасамаса да, Алатау бөктеріндегі "Алматы Аренада" ән кештерін өткізбек. Тыңдармандар да бұл концертті көптен бері күтіп жүрген еді.

Бұл концерт бұрынғы концерттен өзгерек

"Жігіттердің" мерейтойлық ән кеші 2 желтоқсан күні өтеді. Бұл концерттің бұрынғы концерттерден ерекшелігі мен өзгешелігі де бар. Бар құпиясын ашпасақ та, бір жаңалығын жеткізе кеткеніміз артық болмас.

- Бұл ән кешімізге тақырып қоймадық. Бұрын көбіне көктем, күзде өткізіп, арнайы "Құстармен сырласу" деген секілді тақырыптар қоятынбыз. 15 жыл мерейтой болғандықтан, қандай да бір ат қоюды жөн санаған жоқпыз. Концертіміздің тағы бір айырмашылығы - "Алматы Аренада" өтеді. Ауқымды шара болғандықтан, 12 мыңдық аренаға таңдауымыз түсті, - дейді "Жігіттердің" продюсері Ерғали Әбдірайымов.

- Жігіттердің бұл кеші шоуға толы болады. Жылдам айтылатын, халық көңілінен шыққан, бірге шырқай кететін әндерді бағдарламаға қосқанды жөн санап отырмыз, - деп сөзін жалғады.

Мерейтойлық бұл кеште тек "Жігіттер" ғана ән шырқаса ешкім сөге қоймас. Дегенмен квартеттің өнердегі достары жетерлік. Қазақстандық өнер жұлдыздары жігіттермен қосыла, кей әндерде дуэт болып ән шырқамақ.

- Талай концерт өткізіп келеміз. Көпшілігінде өнердегі достарымызбен бірге дуэт айтатынбыз. Бұл жолы да әншілер келеді. Бірге ән шырқайды. Кімдер келетіні құпия болғаны да жақсы. Ерекшелік пен жаңалығы көп, - деді Ерғали Әбдірайымов.

Көрермендер де құр алақан қайтпайды

Концертке келген көрермендер үшін өнердің, өлеңнің бағасы жоғары. Сүйікті әндерін тыңдап, бір сергіп қалғанның өзі - бір бақыт, бір тосынсый. Бірақ "Жігіттердің" тағы бір тосынсыйы болмақ.

- Бір тосынсый болатыны анық. Бірақ қандай екені құпия болып қала бергені дұрыс шығар, - деп жауап берді топ продюсері.

Өзге өңірлерде концерттеріңіз қашан өтеді?

Әңгіменің реті келгенде концерт жайлы, алдағы жоспарлары жайлы сұрап алуды жөн санадық.

- Негізі концертіміздің жоспары басқаша болатын. Жаз бойы облыс-облыстарды аралаймыз, концерт беріп түскен қаражаттарды сол елдімекендерде қайырымдылыққа арнаймыз деп бекінгенбіз. Ол туралы телеарналармен келісіп те, уақытын белгілеп қойғанбыз. Өкінішке қарай, телеарна қаржысына байланысты бұл жоспарымыз кейінге шегерілді.

Пенде болған соң, дүниенің соңына ешкім жете алмайды. Қайырымдылық арқылы тұрмысы төмен жандарға қол созғымыз келді. Енді бұл жоспарымыз - болашақтың еншісінде. Келер жылы жасасақ та, кешікпейміз деп ойлаймын. Келесі концертіміз 2019 жылдың наурызында Астанада, одан кейін облыс-облысты араласақ деген ниетіміз бар. Себебі 3-4 жыл көлемінде біраз жерге концерт беруге бармаппыз да. Облыстардан бөлек өзге елдерде де концерт өткізу жоспарымызда бар, - деді Ерғали Әбдірайымов мырза.

Концертке билеттерді қайдан сатып алуға болады?

"Жігіттер" квартеті ән кешінің билеттері жақын күндері сатылымға шығады. Республика, студенттер сарайының кассаларынан, онлайн тапсырыс беретін сайттардан сатып алуға болады. Сондай-ақ билеттер бойынша +7 701 988 11 22 және +7 705 815 29 29 нөмірлеріне хабарласып білуге болады. Бұл туралы қосымша хабарлайтын боламыз.

О. Сансызбай