Қазақстандық әнші халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды

Қазақстандық әнші халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды
Фото: inform.kz

Мәскеу маңындағы Мытише қаласында «Пироговский рассвет» халықаралық эстрадалық орындаушылар конкурсы өтті. 2011 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараға Қазақстан әншілерінің атынан Сая Махамбет қатысқан еді. Бағы да, бабы да қатар шапқан Саяның асығы алшысынан түсіп, атаулы конкурстың бас жүлдесін иеленді.

«Пироговский рассвет» басқауы өз бастауын алғалы Ресей жерінде өтуде. Биылғы дүбірлі додаға 11 елдің жүгін көтеріп келген өнерпаздар қатысты. Атап айтсақ, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Франция, Өзбекстан, Куба, Армения, Польша, Чехия, Украина, Болгария. Қазақстан бұл байрақты бәсекеге үшінші мәрте қатысты.

«Конкурс ережесі бойынша қатысушылар алдымен іріктеу кезеңінен өтті. Сая байқауда екі ән орындады және екеуін де өте жоғары деңгейде алып шықты. Әрине, басында аздап қобалжу болды, дегенмен әділқазыларға ұнады», - дейді әншінің менеджері Гүлнұр Әбиділдақызы.

Конкурстың ережесі бойынша, қатысушы екі ән орындау керек. Бірі – ана тілінде болса, екіншісі – орыс тілінде шырқалу керек. Бірінші кезеңнің тапсырмасы бойынша Сая ана тілінде өзінің авторлық әні «Қазағым» әнін орындады. Одан кейінгі кезекте, Виктор Цойдың «Кукушка» әнін жоғары деңгейде орындап шықты. Осылайша, ең жоғары 70 ұпайдан 68 жинаған Сая Махамбет конкурстың бас жүлдесіне қол жеткізді.

Еске сала кетейік, Сая Махамбет осыған дейін «Арай», «Жас қанат» сияқты республикалық, халықаралық конкурстарға қатысып, лауреат атанған. Қазір ол – «Қазақконцерт» ұйымының әншісі.

А. Қажиев