Вивальди жауһарлары

Вивальди жауһарлары
Фото: vk.com

Антонио Вивальдидің атақты туындылары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрінің тамаша орындауында шырқалатын болады. Әйгілі венециялық сазгердің 340 жылдығына арналған «Вивальди музыкасы» концерті 17 маусым күні театрдың Камералық залы сахнасында өтеді.

Сондай-ақ осы кеште «Астана Опера» солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Құрмет» орденінің кавалері керемет сопрано Айзада Капонова тыңдарманға өз өнерін паш етпек. Оған шебер аспапшы музыканттар – оркестр солистері, бірінші скрипкалар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен Айсұлу Байкенова, Әнел Шәкірова (скрипка), Курванжан Ахатов (виолончель) қосылады.

- А.Вивальди шығармалары түрлі елдегі тыңдарманның сүйіп тыңдайтын әрі жиі орындалатын туындылары қатарына жатады. Ол оркестрді жетік меңгеріп, ерекше жылдамдықпен музыка жазған. Ұлы итальяндық композитордың әсерлерге бай көркем музыкасы өмір мен шығармашылық қуанышқа толы. Осы концертте біз ғасырлар бойы тыңдаушылардың шаттығын тудырып жүрген А.Вивальди фантазиясының молдығына, оның туындыларының табиғилығына, жаңалығына, асқан шеберлігіне деген таңданысымызды тыңдармандармен бөліскіміз келеді, - деді «Астана Опера» оркестрінің солистері.

Антонио Вивальди – барокко дәуірінің ең ірі өкілдерінің бірі, жеке аспаптық концерт жанрының негізін салушы, оркестрлік бағдарламалық музыканың іргетасын қалаушы. А.Вивальди барша Еуропаға ғана танымал композитор болған жоқ, сонымен қатар оның жаңа драмаланған «ломбардтық» орындау мәнерін бекіткен шебер скрипкашы ретіндегі атағы да шыққан. Бұдан бөлек, ол атақты ұстаз, дирижер және католиктік дін қызметкері болған. Оның ауқымды шығармашылық мұрасы 700-ден астам атаудан құралады.

«Музыка және оның шығарушылары» топтамасы концертінің бағдарламасында кемеңгер маэстроның аспаптық және вокалдық музыкасы орындалады. «Жыл мезгілдері» топтамасынан оркестрмен жеке орындайтын скрипкаға арналған «Жаз» концерті шырқалады. Осынау жарқын опус әлемдегі ең танымал классикалық туындылардың бірі болып табылады. Бірегей концерттер асқан шеберлік пен еліктіріп әкететін кантиленаны ғаламат  үйлестіре отырып, А.Вивальдидің таңғажайып жаңашылдығын көрсетеді.

Сонымен қатар елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына А.Вивальдидің сопраноға арналған «In furore iustissimae irae», оркестрмен скрипка және виолончельге арналған концерті, оркестрмен екі скрипкаға арналған №8 концерті ля минор, А.Вивальдидің №11 Concerto Grosso ре минор туындысы ұсынылады.

А. Оралқызы