- Негізгі бет
- Музыка
- Коачелла – музыка...
Коачелла – музыка мерекесі
Міне, осы апта бойы әлемдегі теңдесі жоқ үздік музыка фестивалі Коачелланың өткені көпшілікке әлеуметтік желілер арқылы белгілі болды. Біздің тойшыл жұлдыздардың бұл шарада түскен бір де бір суретін көрмесек те, мұхиттың арғы жағындағы хас өнерпаздардың бірі қалмай Калифорнияны тұрақ еткенін байқап үлгердік.
Жалпы, Coachella (оқылуы: Коачелла) – Американың Калифорния штатында орналасқан Коачелла алқабында өткізілетін музыка мен өнер фестивалі. Толық нұсқасы Coachella Valley Music and Arts Festival аталатын шараны Goldenvoice компаниясы ұйымдастырады.
Бұл шара алғаш рет 1999 жылы өткізілген, ал 2001 жылдан бері сәуір айының үшінші немесе төртінші жексенбісінде басталып, 3 күнге созылады.
Фестивальге инди-рок, хип-хоп, электронды, поп-музыка сынды түрлі бағытта өнер көрсететін ұжымдар қатысады. Шара шеңберінде мүсін және көркемсурет көрмелері ұйымдастырылады.
Фестиваль өткізілетін алаңда бірнеше сахна орналастырылады, олар: негізгі сахна (Coachella Stage), ашық театр ( Outdoor Theatre), Гоби-тент (Gobi Tent), Мохави-тент ( Mojave Tent) және Сахара-тент ( Sahara Tent).
Шараға қатысушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Осы себепті Goldenvoice компаниясы 3-күндік музыка мерекесін арасына 1 апта салып екінші рет ұйымдастыруды қолға алды.
Бұрын Коачелла тек 60-шы жылдардағы хиппи және 70-ші жылдардағы этника, бохо, гранж стильдерінде киінген қонақтарымен ерекшеленсе, қазір киім үлгісіне ешқандай шектеу жоқ. Нағыз сәнқойлар мерекесіне айналған. Тіпті, кейбіреуі осы шара үшін бір жыл бұрын дайындалып, ешкімді қайталамас эксклюзивті дизайндағы киім тіктіреді. Биыл сондай аса талғампаздар қатарынан белгілі әнші Бейонсе де табылды. Оның сахнада мінсіз болғаны сонша, поп жұлдыз өнер көрсеткен күні фестивальді Бей-челла деп атап кетті.
Биылғы Coachella Valley Music and Arts Festival 2018 өткен аптаның бесінші күні басталды. Шара осы аптаның жексенбісінде аяқталады.
А. Оралқызы