Әндері ең көп сатылған музыкант анықталды

Әндері ең көп сатылған музыкант анықталды
Фото: Jessie Cervantes

Британ музыканты Эд Ширан 2017 жылы әлемде альбомдары ең көп сатылған әнші болып танылды. Бұл жаңа рейтинг Фонограмма шығарушылардың халықаралық федерациясы (IFPI) сайтына жарияланған.

Ширанның өткен жылы шыққан Divide альбомы әлемдік бестселлер болып, 36 елде мультиплатиналық мәртебе иеленді. Ал музыканттың ең көп сатылған әні – "Shape of You". Бұл композиция 32 елде мультиплатина деңгейіне жеткен. IFPI рейтингі жасала бастағалы алғаш рет бір әншінің альбомы мен синглы бірінші орынды иеленді.

«Эд – шын мәнінде ғажап автор және орындаушы, оны басқалардан ерекшелейтін нәрсе – хикаяларды жеткізу және сезімдерді ояту қасиеті. Ол қашанда өзін сүйіп тыңдайтын адамдармен ішкі байланыста болады»,– деді әншінің синглдарын Warner Music Group компаниясы үшін жазуға жауапты Макс Лусада.

Жыл әртісі ретінде IFPI сыйлығын бұған дейін рэпер Drake (2016), әншілерден Адель (2015) мен Тейлор Свифт (2014) және One Direction (2013) тобы иеленген.

Бұл жолғы рейтингте Drake екінші, Тейлор Свифт үшінші орын алды. Үздік ондыққа Кендрик Ламар, Эминем, Бруно Марс, The Weekend, Imagine Dragons, Linkin Park және The Chainsmokers топтары кірген.

Дереккөз: Baq.kz 

Н. Үсенова