- Негізгі бет
- Музыка
- Данэлия Тулешова "Голос....
Данэлия Тулешова "Голос. Дiти" байқауының жеңімпазы атанды
11 жастағы алматылық әнші қыз Данэлия Тулешова Украинада өткен «Голос. Дiти» байқауында жеңіске жетті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол финалда "Не твоя війна" атты композицияны орындап, көпшілікті таңдайын қақтырды. Тіпті тәлімгері Монатик жанарына жас алды.
Көрермендер берген дауыс нәтижесі бойынша Данэлия Тулешова "Голос. Дiти" байқауының 4 маусым жеңімпазы атанды. Сондай-ақ ол «Елдің бала дауысы» атағын иеленді және оған Disneyland Paris-де саяхатауға жолдама берілді.
"Голос" - ол менің бала арманым. Адамдар менің әнімді тыңдаған кезде, көпшілігі маған хат жаза бастады. Сенім білдіргендеріңізге рахмет, - деп өз әсерімен бөлісті әнші.
Айта кетейік, Монатиктің командасынан финалға Данэлиямен бірге Нино Басилая шыққан болатын. Отандасымыз финал мен суперфиналда жалпы 5 ән орындады. Ең бірінші кезеңнен-ақ тәнті еткен Данэлия осылайша жарыс жеңімпазы болды. Оған миллиондардың сүйіктісіне айналған Димаш Құдайберген де жылы лебізін білдірді. Жас әнші бұған дейін де еліміздегі байқауларда жүлде алған. Атап айтсақ, 2015 жылы "Аялаған Астана" халықаралық байқауында – жеңімпаз, "Жаңа толқын" байқауында – көрермен көзайымы атанған.
Ж. Жұмағұлов