«I'm a singer Kazakhstan» шоуының қазылар алқасына Арай Айдархан қосылды

«I'm a singer Kazakhstan» шоуының қазылар алқасына Арай Айдархан қосылды
Фото: 31 арна

Биылғы жылдың ең айтулы жобасы «I`m a singer Kazakhstan» шоуының дайындығы аяқталып келеді. Байқаудың басталуына екі апта уақыт қалды. Ал біз соңғы жаңалықтардан байқаудың шығармашылық тобының құрамына Қытай елінде танымалдыққа ие қазақ әншісі Арай Айдарханның қосылғанын білдік. Ол продюсер Алуа Қонарова және әнші Әлішер Кәрімовпен бірге сарапшы қазылар құрамын толықтырған.

Арайдың атағы осыдан төрт жыл бұрын Қытай елінде өткен Сhinese Idol байқауынан кейін дүркіреп шықты. Ол байқауда үздік бес орындаушының бірі атанды. Белгілі әнші алғашқы табысымен тоқтап қалмай, «Rising Star» «China Is Listening» («Қытай тыңдайды») атты жобаларға қатысып, бағын сынады. Қытайлық музыка сүйер қауым оның өнеріне жоғары баға беріп, жобаның ең үздік бес орындаушысының бірі деп таныды.  

Қазірде ол Қытайдағы мемлекеттік телеарналардың, көптеген концерттер мен бағдарламалардың тұрақты қонағы. Сонымен қатар, Арай Айдархан продюсерлік кәсіппен  шұғылданады, басқа орындаушыларға арнап ән жазады, әндерді әрлеумен айналысады. 

- Мен өз шығармаларымда қазақтың ұлттық аспаптарын пайдалануға тырысамын. Олар әуенге жан бітіріп, ерекше реңк береді, - деп Арай қытайлық көрермен алдындағы табысының құпиясымен бөлісті. - «I`m a singer» жобасы Қазақстанда өтіп, басқа халықтар ұлтымыздың бірегей, қайталанбас, сұлу музыкасына баға береді деген үміттемін. 

Бүгінде Арай Айдарханның Қытайдағы табысы өз жемісін беріп, ол тәрбиелеген әншілер ірі халықаралық байқауларда жүлделі орындар иеленіп жүр. Соның жарқын бір үлгісі - Димаш Құдайберген. Қытайда өткен «I`m a singer» жобасында Арай Димаштың тәлімгері болған.

 Шоудың алғашқы эпизодын 24 қыркүйек күні сағат 21:00-де 31 арна эфирінен тамашалай аласыздар. Аңызға бастап барар шоудан қапы қалмаңыздар! 

Ө. Сансызбай