Домбыра жайлы не білесіз?

Домбыра жайлы не білесіз?
Фото: www.m-astana.kz

Домбыра — ертеден келе жатқан қазақ халқының ең сүйікті, ел арасына кең тараған, түрлі шежіреге бай, музыкалық аспабы. Ол ұлттың тарихында қарапайым халықтың қуанышы мен қайғы-қасіретін тең бөлісіп, қазақтың басын торлаған ауыр кезеңдерінде жұбаныш бола білген алып та ұлы аспап. Домбыра — жазу-сызу мен қазақтың қаламы мен сахнасының қызметін тең атқарған аспап. Домбыра-ішекті аспаптардың  ең көне түрі. Домбыра қасиетін жырлайтын этнологиялық аңыздар өте көп. 

«Домбыра» атауының шығуы жайлы таластар көп. Солардың бір қатары:  «Дембира» деген қыз атынан шыққан болуы керек деп те топшалайды, себебі шығыс елдерінде қастерлі, қасиетті нәрсеге немесе кейбір көпшілік орынға әйел адамның есімін беру үрдісі бар. Пішіні домбыраға ұқсас, төрт ішекті шертпелі асап үнді халықтарында «тампура» деп аталады. Ішекті шертпелі аспап «пандура» гректерде бар. Сонымен нақты атауы қайдан шыққаны әзірге белгісіз. 

Ал енді музыка мен домбыраның арасындағы байланыс не? Біреуі аспап болып, екіншісі сол аспапта ойналатын шығарма болса, олар қалай үндеседі? Егер әнші болса, онда үш түрлі үйлесім бір арнаға шоғырлану қажет. Сондықтан күйге арналған домбырада да әншіге керекті домбырада да айырмашылық бар. Оны әрбір өнерпаз, мейлі ол шебер болсын, мейлі орындаушы болсын бажайлап білуі қажет. 

Күйге арналған домбыраға қойылатын талап:

1. Әр пернедегі дыбыс таза шығуы керек, әрі осы дыбыстардың деңгейі айнымайтын және бір-бірімен үйлесімділігі де таза болуы қажет

2. домбыра жинақы, қоңыр үнді болуы керек, сонда қазақ күйлерінің ішкі жан-дүниесін, тілін кімде де болса тыңдай, түсіне алады.  Дарылдаған шарқыш үнді домбыра адам құлағына түрпідей тиіп, кез келген шығарманы құрдымға жібереді. Оның үстіне мойны жуан, ұстауға ыңғайсыз ішектерінің қаттылығы қолыңды ауыртып әрі іліп тұрса ойнаушының мазасы кетеді. 

Жақсы домбыраның тағы бір сыны — ол ойнауға өте жеңіл болуы, әсіресе пернені қуалай ойнағанда саусақтардың ешбір қиындықсыз жеңіл, әрі қозғалуы. Мұны бір сөзбен айтқанда бауыры жұмсақ домбыра дейді. 

Қазіргі кезде жалғыз домбыраның 20- дан астамтүрлері бар:

  • ән және күй домбырасы 
  • торсық 
  • тұмар 
  • кең шанақты (екі нұсқасы) 
  • балдырған 
  • балашық 
  • шіңкілдек 
  • аша 
  • үш ішекті 
  • қуыс мойын 
  • шертер 
  • оркестр домбыралары 
  • қоңыр дауысты домбыра (альт) 
  • жіңішке дауысты (прима) 
  • ащы дауысты (секунда)
  • бас домбыралар (екі нұсқасы)
  • іші ішекті 
  • әмбебап домбыра
  • бүктемелі домбыра
  • өкшеқұлақ домбыра
  • контрабас 
  • домбыра- тенор

Домбыра- қазақтың осы заманға дейінгі рухтандырып келе жатқан музыкалық аспабы. Ол- елдің қуанышы мен мұңын естіртті, қазіргі кезде домбыра- ұлттық тәрбие мен білімнің кілтіне айналып отыр. 

www.on.kz

М. Ақан