Алматы аспанынан жан тебірентер сазды әуен жауған күн

Алматы аспанынан жан тебірентер сазды әуен жауған күн
Фото: massaget.kz

Бүгін Алматыда Абай атындағы Республика Сарайында сағат 17.00-де The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі басталды.

Екі күндік шара ертең, яғни, 21 мамыр күні де жалғасын табады. Айта кетейік, бұл фестиваль биыл бесінші рет өтіп жатыр. Бұл жолы фестивальге қатысу үшін 13 музыкалық топ келді.

Фестивальді "Барабаны Алматы" жобасы, көмеймен ән айтудың шебері - Тываның "Хуун-Хуур-Ту" тобы, сондай-ақ, Литваның Marga Muzikа тобы ашты. Орындаушылар бастапқыда медитатив сарынмен, кейіннен барабанмен, ритммен рок жанрында өнер көрсетті. 

Ал кейінірек сахнаға "Катя Ямщикова" фолк-жобасының музыканттары шықты. Жобаның көшбасшысы Екатерина Ямщикова фестивальге үшінші рет қатысып жатыр екен. Ол 2015 жылы "Арғымак" этникалық тобымен арнайы қонақ болып келді, былтыр ол өзінің ұжымы - "Катя Ямщикова" фольк-жобасымен өнер көрсетті. Ал биыл ұжымның репертуарындағы әндер көбейген, солист ескі туындылармен қоса жаңа альбомға жазылған "Хмель", "Иван Купала", "Куда ж ты летишь, кукушечка" атты славян әндерін шырқады. 

Ал қалған музыканттар The Spirit of Tengri сахнасында бірінші рет өнер көрсетіп отыр. Олардың қатарында Oki Dub Ainu Band, Гвинеядан келген Sekou Kouyate, Роберт Юлдашевтың ұжымы - башқұрстандық "Курайсы" тобы, Литваның Marga Muzika тобы, Алжир мен Франциядан келген Speed Caravan, Бурятиядан Shono, сондай-ақ, Израильден келген Dudu Tassa & The Kuwaitis тобы бар. Бұл топтар шараның екінші күні сахнаға шығатын болады.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек дәл қазір өтіп жатқан The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалінде сөз сөйледі.

"Мен сіздерді The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалінің бесінші мерейтойлық кешінде көруге қуаныштымын. Бұл фестивальдің Алматыда пайда болғаны қуантады. Бірнеше ғасырлар бұрын да Алматы мәдениет мен мың жылдық тарихты жақындататын жер болған еді. Алматылықтар өздерінің ата-бабаларының әдет-ғұрыптарын сіңіріп алды. Біз әрдайым ұлы мәдениеттің әлемге әйгілі жалғастырушылары болып қала береміз. The Spirit of Tengri  - ұлттық деңгейдегі мәдени бренд. Сондай-ақ, осы фестиваль Еуразияның бірегей әрі маңызды жобасы болып саналады", - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, бүгін сахнаның аумағында қолөнершілердің жәрмеңкесі ашылды. Онда қонақтар қолдан жасалған заттар мен музыкалық аспаптарды және киім-кешектерді сатып алады. Сонымен қатар, биыл фан-зона аумағында арнайы тамақтанатын жер ұйымдастырылған. Осылайша, фестиваль қонақтары музыканттардың жанды даусын тыңдап қана емес, сондай-ақ, түрлі халық мәдениетінің hand-made туындыларымен және қазақ халқының, еуропалықтардың дәстүрлі тағамдарымен таныса алады.

Фестиваль шеңберінде оңтүстік астанаға келген музыканттардың айтуынша, олар фестивальдан жаңа достар мен көптеген мүмкіндіктерді күтеді.

Ертеңгі күнді асыға күтуші Marga Muzika тобы әндерді литва, латвиялық, белорус, поляқ, тыва және көптеген басқа тілдерде орындайды. Шығармашылығында халық әндері мен заманауи аспаптардағы әндерді біріктірген топ Литваның халық әндеріне джаз, поп, рок және прогрессив сияқты музыка стильдерін қоса отырып, барша алматылықтарды таңқалдырды.

Сондай-ақ, биыл Израиль музыканттары The Spirit of Tengri фестивалінде алғаш рет өнер көрсетпек. Олардың атынан батыс пен шығыста жоғары бағаға ие болған Dudu Tassa & The Kuwaitis жобасының музыканттары шыққан болатын. Музыканттар Франциядағы Babelmed Music Showcase шоуы, АҚШ-тағы SXSW Showcase фестивалі, World Music Expo сияқты танымал фестивальдерде өнер көрсетіп жүр. Қазақстанға бірінші рет келіп отырған топ мүшелері концертке жиылған қауымның көп болғанынан шабыт алғандарын айтты.

Айта кетейік, қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі - The Spirit of Tengri 2013 жылдың 8 маусымында бірінші рет өткен болатын. Оған 11 музыкалық ұжым қатысты. Арасында "Алдаспан", Hapanasasa топтары мен Найя, Қорлан сияқты орындаушылар болды. Фестивальді рок-сахнаның отандық ардагері - "Роксонаки" тобы ашты. Ал былтыр фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатыcқан еді. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары.

Бүгін расымен Алматы аспанынан жан тербірентер сазды әуен жауған күн болды. The Spirit of Tengri фестиваліне келген шаһар тұрғындары мен қонақтары ұлттық музыка аспаптарының теңдессіз әсеріне еліте әлі билеп жүр.

А. Оралқызы