Димаш Құдайберген Францияға тағы да шақырту алды

Димаш Құдайберген Францияға тағы да шақырту алды
Фото: Sputnik Казахстан

Қытайдағы I am a singer конкурсынан кейін танымал болған Димаш Құдайберген Париждегі Global Gift Gala гала-кешіне қатысады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Global Gift Gala - мұқтаждарға қаражат жинау, балалар, отбасылар және әйелдердің құқық аясын кеңейту проблемасын түсінуге ықпал жасауға арналған халықаралық бастамада. Бұл платформа бизнесмендердің, танымал адамдардың және филантроптардың басын қосады. Шара Global Gift Foundation бастамасымен өтеді. Шараны америкалық актриса Ева Лонгория ұйымдастырады. Ол өзінің "The Eva Longoria Foundation" қайырымдылық қорының атынан шығады.  "16 мамырда Парижде келесі #globalgiftgala кешінде өнер көрсету мен үшін зор құрмет. @globalgiftfoundation @evalongoriafoundation және @unicef_france қолдауға қуаныштымын! Сеніміңіз үшін рақмет @thierry_martino", - деп жазды Димаш Құдайберген Instagram желісінде.

Димашты шарада өнер көрсетуге әйгілі актриса Ева Лонгорияның өзі шақырған. 

Global Gift Gala жыл сайын әлем бойынша өтіп келеді. Осындай гала-кештерде қатысушылар қайырымды істері үшін жүлде де алады.

Еске салайық, мамыр айының басында Димаш Құдайберген француздың France 2 мемлекеттік телеарнасындағы ең белгілі "Les années bonheur" кабаре-шоуына қонақ ретінде қатысып, өнер көрсеткен. Қазақстандық әншіге француздар тұрып құрмет көрсетті. Димаштың өнер көрсеткен толық видеосы 7 мамырда ғана пайда болды.

Дереккөз: Қаз.Тенгриньюс.кз

М. Оңғарова