- Негізгі бет
- Музыка
- Димаш елбасының қабылдауында...
Димаш елбасының қабылдауында болды
Кеше миллиондаған тыңдармандардың жүрегінен орын алып үлгерген талантты әнші Димаш Құдайберген елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдауында болды. Мемлекет басшысы әншіні Қытайда өткен "I аm а Singer" байқауындағы жетістіктерімен құттықтап, батасын берді.
Кездесу барысында Димаш Елбасын жеке қолдауы үшін және Қазақстан атын шығаруға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.
"Мені MTV Music Awards номинацияларының біріне ұсынғалы жатыр деп естідім. Өзімнің арманым - үлкен аренада жанды дауыспен концерт беру. Сол арманыма қол жеткізуге үлкен демеу көрсетіп жатқаныңызға көп рақмет айтамын", - деп өзінің ыстық ықыласын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, сонымен бірге әнші Ассамблея сессиясында сөз сөйледі. "Құрметті Елбасы, сізге және осы уақытқа дейін мені қолдап келген барша өнерсүйер жерлестеріме үлкен рақмет айтуға рұқсат етіңіз. Сіз қазақ елін әлемге таныттыңыз. Өнерім арқылы, әнім арқылы қазақтың болмысын, табиғатын, өшпес тарихын, ата-бабаларымыз әуелетіп кеткен халық әндерін әлем сахналарында орындау, шарықтату — менің басты мақсатым болды, алдағы уақытта болып қала бермек", — деді Димаш.
Тағы айта кетерлік жайт, ғаламтор бетінде әншінің Ассамблея кезінде қолын жүрегіне қойып еліміздің әнұранын қосыла шырқап тұрған видеосы да пайда болды. Сондай-ақ әншінің концертіне билеттер сатылымға шықты. Билетті мына сілтемеге кіріп, онлайн тапсырыс беріп ала аласыз.
Ж. Жұмағұлов