Музыка тілі: битбокс

 Музыка тілі: битбокс
Фото: YouTube

Музыка – түрлі жанрлар тоғысынан тұратын, адамның құлағы арқылы жан дүниесіне әсер етуші құбылыс. Әуеннің толқындары арқылы адам өзіне жақын, сүйіп тыңдайтын музыкасын іздейді.

Музыканың жанрынан бөлек жаңа жаһандану заманында пайда болған элементтері бар. Соның бірі бесінші элемент, хип-хоп мәдениетінің бірі – битбокс.

Битбокс – биттің, ритмнің, әннің адам ауызы арқылы орындалатын өнер түрі.

Тарихы

Битбокс ең алғаш АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында дамыды. Ол хип-хоп жанрының бір бөлшегі. Сөздің шығу тегі «Beat Box».

Хип-хоп, соның ішінде рэп айту үшін ритм мен бит керек екені баршаға түсінікті. Дегенмен техникалық жабдық кез келген адамның мүкіншілігінде болма бермейді. Сондықтан рэпті айту кезінде оған сүйемелдеуші құрал ретінде адамның өз табиғи үні керек болды. Осы себептен битбокс қалыптасты. Оның алғашқы өкілі – Doug E.Fresh.

Битбокс өнері 1970 жылдардың соңына қарай туды. Бірақ арада он жыл өткеннен кейін бұл өнерді жаппай қолдану етек ала бастады. Бір сөзбен айтқанда 1980 жылдардың соңына қарай аталған өнер белгілі бір дәрежеге көтеріліп кетті. Алғаш пайда болған кезде әрбір рэпер битбоксты ауыздың көмегімен өздері сала бастады. 1990 жылдары бұл өнер ғана емес, брейк данс жанрының да тоқырап қалғаны музыка әлеміндегі жанкүйерлерге таныс жайт. Бірақ арада біраз жыл өтіп 2002 жылы қайтадан өрлеу дәуірі басталды. Битбокс музыка әлемінде революция жасай алды. Ал бұл революцияны жасаушы – британиялық битбоксер Alex Tew a.k.a A-Plus.

Битбокс – өзінің белгілі бір музыкалық тілі бар, адамның ауыз қуысы (тіл, тіс, таңдай, көмей) арқылы, өкпеден келетін ауаны пайдаланып жасалатын хип-хоп жанрының бөлшек түрі. Қазіргі кезде техниканың дамыған заманы болса да, адамдар арасында бұл өнерге қызығушылық көп. Әсіресе Youtube әлеуметтік желісінде бұл өнердің табынушылары көп. Қарқынды даму, өсудің нәтижесінде битбокс өнерін үйренушілерге арналған арнайы курстар мен мектептер де бар.

М. Ақан