Димаш туралы әлем халқының пікірлері

Димаш туралы әлем халқының пікірлері
Фото: vk.com

"Қазақстан" тобы фэйсбук парақшасына отандасымыз Димаш Құдайбергеновтың Қытай елінде өтіп жатқан "I am singer" тележобасының 1-кезеңінде айтқан ''Sos Dun Terrien En Detresse'' әнінің видеосын салған болатын.

Аталған видео вирус секілді тез тарап, осы кезге дейін 5 миллион көрілім жинады, 6 мыңнан астам пікір жазылып, 130 мыңға жуық қолданушы өз бетіне бөлісті. Пікір қалдырушылардың басым көпшілігі батыс елдерінен (Қытайда фэйсбук әлеуметтік желісіне тыйым салынған). Сол пікірлердің бірнешеуін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Ingrid Masseaux (Франция)

Мүмкін емес! Мен ұшып барам. Бұл әуен менің басымда күні бойы ойнап тұрды...

Robin Williamson (Техас, АҚШ)

Бұл қай әнші және қандай шоу екенін білмеймін...бірақ, Уау! Оның диапазонына сенгің келмейді. Нағыз ғаламат!

Christin Orbst (Германия)

Бұнда тенор мен сопрано арасында барлығы бар, ер және әйел! Денем тітіркеніп барады...

Agnes Dany De Vos (Бельгия)

Бұл мүмкін емес! Не деген дауыс...Тәңірдің сыйы! Мен жылап отырмын...мүмкін емес...мүмкін емес...

Victoria PapaYaw Mortensen (Дания)

Ғажап! Неткен талант! Уау! Өзінде барлығы жақсы болатынына сенем, өсуі, жетілуі, бәрі! Тамаша!

Agneta Frej (Швеция)

Уақытымды жақсы өткізудемін. Бұл әнді бірнеше сағаттап тыңдауға бармын! Міне, дауыс! Сүйем!

Christina Carlisle Delmendo (Огайо, АҚШ)

Адамдардың маған қарап күлетінін білем. Себебі мен бұл әннің бір сөзін де түсінген жоқпын. Бірақ оның дауысы сондай әдемі. Әнді тыңдап отырып, көзімді жұмсам, жүзімді жас жуып кете берді. 

Isabelle Chauffeton Saavedra (Франция)

4 рет қарадым. Daniel Balavoine бір аунап түскен болар. Өзінің әнін дәл осындай жоғары деңгейде орындалғанына қуанған шығар... Данышпан, нағыз данышпан! Әннің кей сөздерін дұрыс айтпаса да оның эмоциясы сондай шынайы, сондай керемет болды! Таңғажайып дауыс, сондай ерекше дарын! Маған шынайы әлемге оралу қажет...

Fatima Vicente (Португалия)

Ммммм, қанша эмоция, денем тітіркенді...Мұны тыңдау қандай ғажап! Бұл барлық уақытта көзіңді жұмып тыңдайтын әндердің бірі! ...бөліскендеріңізге рақмет! Әдемі!

Silvanja Bailando (Италия)

Әдеттен тыс, егер кімде кім бұл әншінің атын білсе, маған хабарлаңыздаршы, өтініш.

Jonathan Erwin Malnoury (Франция)

Өте керемет! Айтылу кезіндегі қателіктер кешірімді. Кеуде қуысынан шығатын дауыс өте жақсы! Уау!

Tuula Hastbacka (Финляндия)

Ғаламат орындау, таза, тұнық, әуен үндестігі, тамаша түсіну... Ғажап әнші!

Ж. Жұмағұлов