Музыканың адамға әсері

Музыканың адамға әсері
Фото: Женский журнал QLi

Ұлы Абайдың «Әннің де естісі бар есері бар» дейтін дана сөзі бар. Әуеннің иіріміне түскен толқын құлақтан кіріп бойыңызға тараған кезде түрлі әсерде боласыз. Дегенмен әр музыканың адамға әртүрлі әсер ететінін ескеру керек. Себебі музыканың бәрі бір жанрға негізделмейді. Олардың: хип-хоп, джаз, лирикалық, рок, рок-н-ролл сынды көптеген жанры бар. Әр жанрдың толқыны түрлі болады. 

Адам қандай жанрда музыка тыңдаса да ең бастысы әуенге деген махаббаты магнитше ұстап тұрады. Бұл – барлық адам баласына тән қасиет. Ал бұл қасиеттің адам баласына әсер ету күші қандай, неге өзімізге ұнайтын музыканы тыңдай бергіміз келеді, жауап іздеп көрсек. 

Музыка – адам жанының кілті

Адам музыка тыңдау арқылы ішкі жан дүниесін сыртқа шығарады. Мұңайған сәтте қуану үшін ең жақсы көретін музыкаңызды тыңдау жеткілікті болуы да мүмкін. Тіпті сөзбен жеткізе алмай тұрған сезіміңізді сіз тыңдап отырған әуен жеткізе алады. Жан дүниенің нәзік қылдары әуенмен бірге толқиды. Бұл – жанның тыныштығы. Ішкі әлемнің сырын ақтаруға әсіресе лирикалық жанрдағы сазды әуендер әсер етеді.

Музыка – дәрігер

Музыка жаныңыздың тыныштығын сақтап қана қоймайды. Сіздің ішкі эмоцияңызбен күресуге көмектеседі. Желпініп тұрған, сабырсыз мінезіңізге әуен әсер еткен болса, сіз сабырлыққа үйренесіз. Ал ол үшін арнайы кесте жасаудың қажеті жоқ. Сізге әсер еткен әуенді тыңдаңыз. Музыка – дәрігер. Бұл тіркес кейінгі кезде пайда болған тіркес емес. Себебі ежелден бері адамдар музыканы емге пайдаланған. Сенбеуіңіз де мүмкін, бірақ музыка дегеннің бәрі барабан мен гитара немесе арнайы бір құрылғы емес. Табиғаттың да өз әуені барын ұмытпаңыз. Әрбір құстың сайрауы, судың сылдыры – бәрі адам миына әсер ету күші бар табиғи емдер.

Музыка – қару

Музыка адам жанының кілті ғана емес, ол – қару. Қоғамда түрлі әлеуметтік жағдай өріс алып жатқаннан кейін, музыканы қару ретінде пайдалануға болады. Мәселен қылмыскерлердің шындығын мойындату үшін кей түрмелерде, жындыханаларда бір дыбысты әуендер қосылады. Ол әуен адам миының белсенді жұмыс істеуін тоқтатады. Не айтып не қойғанын білмейтін дәрежеге жетеді. Бұл ғана емес түнгі клубтарда қойылатын музыкалардың толқынына еріп кетсеңіз өзіңізді таппай қалатын деңгейге жетесіз. Кейбір әндердің әуендері ғана емес сөздері де адамға әсер етеді. Оның әсерінен адам мәңгілік «түнекке» енуі мүмкін, өзіне қол жұмсауы да ғажап емес.

Әр ритмге, әр әуенге селқос қарамаңыз. Себебі адам миы мен жүрегі сезімтал және сырттан келетін кез келген дүниені қабылдауда белсенді. Бәрін өзіңізге жақын тарта берсеңіз аурып қалуыңыз да мүмкін. Музыканы да талғаммен тыңдай біліңіз.  

М. Ақан