Өлім — өмірдің соңы емес

Өлім — өмірдің соңы емес
Фото: plus.google.com

Death Is Not The End.
Өлім – бәрі бітті деген сөз емес.
Боб Дилан

Өткен жыл даңқты рок әнші Дэвид Боуидің мезгілсіз өлімімен басталды. Ол «Blackstar» атты энигматикалық (құпия, жұмбақ) альбомы жарыққа шыққаннан кейін 2 күннен соң өмірден озды. Ай жылжыған сайын музыка әлемінің қабырғасын қайыстырып, о дүниеге сапар шегіп кеткендер саны арта берді: Jefferson Airplane тобының мүшесі Пол Кантнер, Eagles тобының мүшесі Гленн Фрай, Earth Wind & Fire тобының мүшесі Морис Уайт, Джордж Мартин, Кит Эмерсон, A Tribe Called Quest тобының мүшесі Файф Дог, Принс, Алан Вега, Леон Рассел, Леонард Коэн, Шэрон Джонс және Джордж Майкл.

Бірақ, тыңдарман жанын жадырататын бір құбылыс бар: ұлы музыканттар өмірден кеткенімен, олардың адам жанына ауадай қажет шедеврлері қалады. Тіпті, бұрынғыдан да көбейе түседі. Иә, бұл парадокс әрі шындық. Өйткені музыка саласындағы арнайы ұйымдар ұлы тұлғалардың тыңдармандарына жұбаныш ретінде өздері көзі тірісінде жарамсыз деп тапқан композицияларын жарыққа шығарады.

Мысалы, Дэвид Боуидің жылдар бойы тыңдауға болатын көлемді «Blackstar» альбомымен бірге белгісіз себептермен шықпай қалған «The Gouster» альбомын сатып алуға мүмкіндік туды. Музыка өндірісі автор өлімінен соң «Who Can I Be Now? (1974-1976)» атты бокс-сет жасады, оған аталмыш 2 альбоммен қоса, «Lazarus» мюзикліне саундтрек ретінде жазылған жаңа 3 әнін де қосты.

Музыка саласында мұндай альбомдар толассыз шыға береді. Өйткені, бақилық болған майталмандардың артында әлі ешкім естімеген жүздеген минуттық композициялар мен ондаған альбомдар қалды. Бұл – нағыз қазына.

Саз өнерінің табынушылары үшін тәңірмен тең тарландар тірілермен таласардай теңдессіз әрі шексіз байлық тастап кетті. Олар, тіпті, әлі дүниеге келмеген ұрпақ толқындарының кумирлеріне айналарлық қуатқа ие. Бұл – өнердің құдіреті. Бұл – шексіздік. Бұл – мәңгілік.

Демек, өлім — бұл өмірдің соңы емес.

А. Оралқызы