The Spirit оf Tengri-2016 Алматының мыңжылдығына арналады

The Spirit оf Tengri-2016 Алматының мыңжылдығына арналады
Фото: © Николай Колесников

Халықаралық IV The Spirit оf Tengri-2016 заманауи этникалық музыка фестивалі Алматы қаласының мыңжылдығына арналады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Еліміздегі ең басты музыкалық шоулардың бірі Алматы әкімдігінің қолдауымен өткелі отыр. 

Алматы қаласы Мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұралар бөлімінің басшысы Ләззат Сағындықованың айтуынша, Алматының мыңжылдығын тойлау – тарихи-мәдени мәні бар ие шара. 

"Өмір сүруге өте қолайлы Алматы қаласының аумағына адамдар мың жыл бұрын қоныстана бастаған. Археологиялық зерттеулер барысында бұл аймақта адамдардың тас дәуірінде де өмір сүргені дәлелденді. Алматы қаласының жасын анықтаған кезде адамдардың бұл аймаққа қоныстанған мерзімі емес, қала белгілері пайда бола бастаған уақыт есепке алынады. 

Ғалымдардың айтуынша, X-XI ғасырларда мұнда сауда, билік, кәсіпкерлік, мәдениет пен идеологияның әкімшілік орталығы болған. Бұл Ұлы Жібек жолы арқылы сауда байланысының дамып тұрған шағы. Алматы қаласының 1000 жылдығын атап өту – ең алдымен, ғалымдар еңбегінің нәтижесі. Жазбаша және археологиялық деректерді сараптау арқылы ғана Алматының қала ретінде X-XI ғасырларда қалыптаса бастағаны анықталды", – деді Сағындықова. 

"Бұл фестиваль Қазақстандағы музыкалық ауқымды шаралардың бірі. Заманауи этникалық музыка фестивалінің аудиториясы жыл сайын өсіп келеді. Шара алматылықтарды ғана емес, қала қонақтарын да қуанышқа бөлеп жүр. Биыл шараны әкімшілік төртінші рет қолдағалы отыр, ал фестиваль Алматының 1000 жылдығына арналуы қаламыздың мәдени дамуына зор үлес қосады", - деді Сағындықова. 

"Алаш Медиа Групп" холдингінің бас директоры Батыр Қазыбаев фестивальдің музыкалық шара ғана емес, жыл сайын белгілі бір идеологияны тарту ететінін айтты. "Әр жылдары біз фестивальді түрлі мазмұнда ұйымдстырдық: музыка аспаптары, жартасқа салынған сурет, қатысушы елдердің географиясы. Биыл шара Алматы қаласының 1000 жылдығына арналады. Холдингтің күшімен қазір Алматының 1000 жылдығына арналған фильм түсіріліп жатыр. Бұл қала тарихын тереңнен ашатын кішігірім ғылыми жұмыс болады. Нәтижесі фестиваль кезінде көрсетіледі", - деді ол. 

The Spirit of Tengri – әлем елдерінің этникалық дәстүрін қазақ даласында көрсетуге арналған мульти-мәдени жоба. Жоба Tengri FM ұлттық радиостанциясымен құрылған. 

"The Spirit of Tengri фестивалінде әдеттегідей сапалы орындаушылар қатысатын музыкалық шоу көрсетіледі. Этникалық музыканы заманауи өңдеу өзінше бір сый. Халық әуенінің заманауи орындалуы ерекше әсер береді. Фестиавльде өз елінде тыңдарманы мол керемет орындаушыларды көре аласыздар. Мен бізді төрт жыл қатарынан қолдап, фестивальді жоғары деңгейге жеткізуге, халықаралық деңгейде мойындатуға көмектескен серіктестерімізге алғыс айтқым келеді", - деді Қазыбаев.

Екі күнге созылатын The Spirit of Tengri фестивалі 4-5 маусым күндері Алматыдағы Абай алаңында өтеді. Концерт былтырғыдай open-air форматында болады. Концертке келушілерге кіру тегін. Сахнаға шығатын орындаушылардың толық тізімі жақын арада жарияланады. Шараның бас серіктесі – Kaspi.kz


С. Ерсін