Ғаділбек Жанай: Футбол — бір төбе, эль-класико — бір төбе

Ғаділбек Жанай: Футбол — бір төбе, эль-класико — бір төбе
Фото: massaget.kz

20 қараша күні ұлттың үнжариясына айналып үлгерген «Жұлдыз FM» радиосы біржылдық мерекесін тойлап өтті. Мереке қарсаңында белгілі әнші Ғаділбек Жанаймен сұхбаттасудың сәті түскен еді. «Есте сақта» әнімен ел назарына ілігіп, қазіргі «Ханшайымым-ау» әнімен халық көңілінен шығып жүрген әншімен арадағы сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 Ассалаумағалейкум, Ғаділбек аға! Қош келдіңіз!

 Уағалейкумсалам, мереке құтты болсын!

– Алғашқы сұрағымыздан бастасақ. 2015 жыл да аяқталып келеді. Шығармашылығыңызда жыл жаңалығы ретінде нені айтасыз?

 Өнер адамы үшін шығармашылығындағы басты жаңалық  жарыққа шыққан туындысы. «Ханшайымым-ау» әні халық талғамынан шығып, жүректерге жол тауып жатыр. Бұл үшін қуаныштымын. Әннің мақсаты жарыма деген ризашылықтан туған. Бұл әуен арқылы қазақтың азаматтары өмірлік серіктерін қалай құрметтейтінін байқап риза болдым. Әйтпесе, бұл ән халық арасында кең тарамас еді деп ойлаймын. Көбіне «Жұлдыз FM» радиосын тыңдап отырсам, осы әнімді ер азаматтар жұбайларына арнап қойып берулерін өтініп жатады. Бұл кезде бір марқайып қаласың. 2015 жылғы шығармашылығымдағы басты жаңалық ретінде осы әнімді айта аламын.

 «Ханшайымым-ау» әніне бейнебаян түсіру жоспарыңызда бар ма?

 Әрине, алдағы уақытта осы әніме бейнебаян түсіру жоспары тұр. Негізі «арық айтып, семіз шыққан жақсы ғой». Сол себепті бұл әніме керемет бейнебаян түсіргелі жатырмын демей-ақ қояйын. Кезекте тұрған әндерім де бар. Халыққа пайдалысын сұрыптап, алдағы уақытта ел назарына ұсыну жоспарымда бар.

 Сұрыптау демекші, ән таңдағанда әуеніне баса мән бересіз бе, әлде сөзіне көп көңіл бөлесіз бе?

 Мен екеуіне де баса мән беремін. Десе де сөзіне көбірек көңіл бөлемін. Әр әнші өзінің не айтып тұрғанын, әні арқылы не жеткізбек болғанын біліп тұрғаны дұрыс. Себебі, ән жарыққа шыққаннан кейін оны қайта түзету мүмкін емес. Жарыққа шыққанша түзетіп үлгеруге тиіспіз.

 «Авадағы қыз» деген әніңіз біреуге ұнаса, біреудің көңілінен шықпады. Осы ән туралы айта кетсеңіз.

 Бұл ән туралы көп сындар естідім. Сонша мағыналы әндер айтып келіп, «Авадағы қыз» деген әніңізбен таңдандырдыңыз. Осындай бағытқа ауыстыңыз ба?  деп айтып жатқандар көп болды. Негізінен, бұл ән  әзіл ән ғой. Қазіргі көп уақытымызды алып жатқан ғаламтор туралы. Таныстық та сонда қызып жатыр. Ринат екеуміз әуенін тыңдап отырып, бір әзіл ән болсын деп шығарғанбыз. Көбісі мені мұңды, қайғылы әндер айтады деп бағалайтын. Бір жағынан сол бір стеоротипті «сындырғым» да келді.

 Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?

 Бір ұл, бір қыздың әкесімін. Жұбайыммен Ақтау қаласында тойда жүргенде таныстым. Келіншегім Ақылбек Жеменейдің құдашасы болып келеді. Екі жылдай хал-жағдай білісіп, соңынан шаңырақ көтердік.

 Massaget.kz сайты – танымдық ақпарат құралдарының бірі. Түрлі айдарлармен қатар, спорт бөлімі де бар. Ал сіз өнер жұлдыздарынан құралған «Алатау» клубында ойнап жүрсіз. 21 қараша күні өтетін «эль-класико» мен «ел класикосы» ойындарына қандай болжам айтасыз? Қай клубқа жанкүйерлік танытасыз?

 Өзім бұл спорт түрін жақсы көремін. Жақында біздің «Алатау» клубы Астанада балуандармен жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойынды ұйымдастырудағы басты мақсат  жастарды спортқа деген құлшынысын ояту болатын. Бұл үддеден шықты деп айта аламыз. Осы жолда тер төгіп те келеміз.

Мен үшін футбол  бір төбе, «эль-классико»  бір төбе. Неге десеңіз маған футболдың деңгейі бір бөлек, «эль-класиконың» деңгейі бір бөлек. Себебі, бұл екі клубта әлемнің ең үздік футболшылары өнер көрсетеді. Өзімнің бүйрегім бұратын команда, ол  «Реал Мадрид». Қандай жағдайда (ұтқанда да, ұтылғанда да) командамен бірге болатын жанкүйердің бірімін. Сондықтан бұл «эль-классикода» керемет ойын болсын деймін. «Реалдың» жанкүйері болсам да, мықтысы жеңсін деймін!

Ел кубогында да қай ұжымның қауқары жоғары болса, сол жеңсін деймін. Сондай-ақ ішкі біріншіліктің жүйесі қайта қалпына келсе екен деймін. Себебі, екі алтылыққа бөлген дұрыс емес. «Генерал болуды армандамайтын солдат, солдат емес» демекші, кейінгі алтылықтың жоғарғы нәтижеге деген үмітін үзуге болмайды.

 Спорт туралы әңгіме өрбіп кетті. Футболды жақсы көретініңізді айттыңыз. Құпия болмаса бәс тігесіз бе?

 Мен бәс тікпеймін. Ондайға жоқпын. Жалпы спортты қарайтындарды екіге бөліп қарауға болады ғой: бәс тігетіндер және шынайы жанкүйерлік танытатындар. Мен екіншісіне жатамын. Бәс тігіп, байып кеткен адамды көрген жоқпын. Оңай келген ақша, оңай кетеді. Бәс тігіп, фанат болып жаға жыртысқанша, ақылмен жанкүйерлік танытқан дұрыс. Олар меніңше бір-бірімен жақсы араласатын секілді. Жанкүйерлердің жақ-жақ болып қырылып жататынына күлетін де сияқты. Кейде алаөкпе болып қырылысып жатқан достарыма, «олар сендерді танымайды да, сонша не болды, бұрын руға бөлінсек, қазір «Реал» мен «Барселона» болып бөлінетін болдық қой» деп әзілдеп қоямын.

– «Жұлдыз FM» радиосының біржылдығына  лебізіңізді білдіре кетсеңіз.

 Теледидар, радио, ақпарат құралдары, қазіргі дамыған ғаламтор  барлығы халықтың мәдениетіне үлес қосады. Бұл аталғандардың бағыты оң, үйретер тәрбиелік мәні зор болса, қоғамның да мәдениеті жоғарылайтыны сөзсіз. Оның ішінде, «ән  көңілдің ажары»  дейді. Халыққа жаңа әндерді ұсынып, таланттардың көзін ашып отырған  «Жұлдыз FM» радиосы. Күнде көлікте жүргенде 101,4 желісін қосып, замандастарымыздың жаңа әндерімен таныс болып жатамыз. Радио арқылы ел эстрадасының дамып келе жатқанын байқауға болады. Лайым осындай радиоларымыздың саны арта берсін! «Жұлдыз FM» жағымды жаңалықтарымен бәрімізді қуантудан танбасын!

- Сұхбатыңызға рахмет!

О. Сансызбай