Айдана Меденова: Өнер жолын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін

Айдана Меденова: Өнер жолын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін
Фото: kaz.tengrinews.kz

Айдана Меденова — көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген  «Кеш You» тобының  экс әншісі. Бүгінде Айдана бір шаңырақтың сүйікті келіні, аяулы жар, бір баланың анасы. Назарларыңызға әншінің өмірі, алдағы шығармашылық жұмыстары жайында өткен сұхбатымызды ұсынамыз.

˜˜˜– Айдана, қош келдіңіз! Алдымен өзіңізді ана атанып, барған шаңырағыңызға қуаныш сыйлап отыруыңызбен құттықтаймыз. Қыздарыңыздың есімін Әмина деп қазақтың танымымен ұштастыра қойыпсыздар. Құпия болмаса, есімін үйде кім қойды?

˜˜˜– Қызымның есімін әкесі қойды, алайда алғашында Медине деп те қойғымыз келген.

˜˜˜– Кез келген ата-ана баласының болашағына алаңдап, жол сілтейтін бағдаршам іспетті. Болашақта қызыңыздың өзіңіз секілді өнер адамы болғанын қалар ма едіңіз?

˜˜˜– Ең бастысы, қызымыздың дені сау болғаны. Анасы ретінде қызым қандай жол таңдаса да келісемін. Ал жұбайым қызымыздың өнер жолына түскенін қаламайды. 

˜˜˜– Айдана, сіз үшін ана бақыты дегеніміз не?

˜˜˜– Әйел бақыты дегеніміз осы: балалы болу, жақсы жар табу, бақытты, тату отбасы болу.

˜˜˜– Әңгіменің әлқиссасын осы сұрақтан бастаған дұрысырақ па еді? Жарыңыз туралы айтып өтсеңіз? Жарыңызбен қалай таныстыңыз? Қайда таныстыңыз?

˜˜˜– Күйеуімнің есімі – Әлішер. Балқаш қаласында туып-өскен, 1984 жылғы азамат. Көпшілік алғаш рет суретін көргендежарыңыздың ұлты кім деп сұрайды. Әлішер – қазақтың қарапайым жігіті. «Indigo» мен «FM» топтарының продюсері. Таныстығымызға келетін болсақ, біз осы өнер жолында таныстық. Мен «Кеш You» тобында жүргенде. Бір-бірімізді гастрольдік сапарларда жиі көріп тұратын едік. Мен оны бірақ танымайтынмын, ал ол мені сыртымнан біледі екен. Ол маған бір жыл бойы гүл жіберіп, телефон шалып, хат жазып тұрды. Алайда бір жыл бойы оның ұсынысын қабылдаған жоқпын. Оның үстіне сол кездері жұмыс өте қарбалас еді. Оған көңіл бөлуге уақытым болмады. Тағдыр шығар, бір күні екеуміз қалада бір ғимараттың алдында кездесіп қалдық. Содан кейін бір-бірімізбен араласып кеттік.

˜˜˜ Өнер адамы болғаныңызға өкінген сәттеріңіз болды ма?

˜˜˜– Жоқ, ешқашан өкінген емеспін.

˜˜˜– Қазіргі «Кеш You» тобының қыздарымен араласасыз ба?

˜˜˜– Топ қыздарымен таныспын, бірақ етене араласамын деп айта алмаймын. Мен қазір концерттерге аз барамын, сондықтан оларды жиі көрмеймін.

˜˜˜ Жанар Дұғалова мен Камшат Жолдыбаевамен қарым-қатынасыңыз қандай? Бұрынғыдай араласып тұрасыздар ма?

˜˜˜– Әрине, әлі күнге дейін араласып тұрамыз.

˜˜˜ Әншілік өнерден басқа бойыңызда тағы қандай өнеріңіз бар? Егер әнші болмағанымда осы істің басын шалар едім деп қандай мамандықты айтар едіңіз?

˜˜˜– Сурет салғанды, қолөнермен айналысқанды жақсы көремін. Егер әнші болмағанымда, мүмкін дизайнерлікпен айналысар ма едім?!

˜˜˜ Әлеуметтік желілерде көп отырасыз ба? Күніне қанша уақытыңызды арнайсыз? Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жазылған сыни пікірлерді оқисыз ба?

˜˜˜– Әрине, отырамын. Алайда қазір бос уақытым көп бола бермейді. Аяғым ауыр кезде Инстаграм парақшасына көп суреттерімді салмаған едім, қазір ақырындап жаңа суреттер салып жатырмын. Сыни пікірлердің Инстаграм парақшасында немесе басқа да әлеуметтік желілерде жазылғандарын оқып тұрамын. Кейде көңілге тиетін немесе боқауыз сөздерді де көріп қалатын кездер болады. Алайда, оларға аса мән беріп, ашуланып жатпаймын. Себебі өнерде жүргендіктен, барлығына да шыдамды болу керек.

˜˜˜ Қандай қазақ тіліндегі сайттарды білесіз немесе оқисыз?

˜˜˜– Nur.kz  сайтына көп кіремін. Енді Massaget.kz танымдық, ойын-сауық порталына да кірем.

˜˜˜ Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

˜˜˜– Жоспар көп. Көп жұмыс жасау керек. Ана болдым деп шығармашылығымды тоқтатпаймын. Алдымда, халыққа өзімді жеке әнші ретінде көрсетіп, халыққа ұнайтын жақсы ән табу тұр.

˜˜˜ Өзіңіздің ән кешіңізді беру ойыңызда бар ма? Қашанға жоспарлап отырсыз?

˜˜˜– Әрине, ойымда бар. Ол барлық әншілердің ойында жүретін мәселе деп ойлаймын. Алайда, жеке концертімді беруге әлі ерте.

˜˜˜ Қазір шығып жатқан жаңа әндеріңіз жайлы айта кетсеңіз? Бейнебаян түсіресіз бе?

˜˜˜– Бірінші әнім туған жер, ел туралы патриоттық «Алға» әні болатын. Бұл әнім жазда, аяғым ауыр кезде жазылды. Әннің сөзін де, әнін де жазған Бауыржан Бимахан атты жас сазгер. Екінші «Керегі жоқ» атты әнімнің де авторы. Бейнебаянға келсек, егер халық тыңдап, оң бағасын беріп жатса, неге  түсірмеске? Әрине, түсіремін.

˜˜˜– Алдымызда 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні келе жатыр. Елге жолдар тілегіңіз?

˜˜˜– Баршаңызды келе жатқан 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн еліміздің әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Сондықтан еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Әрбір жанұяға бақыт пен береке тілеймін!

˜˜˜ Бізге келіп, жаңалықтарыңызды бөліскеніңіз үшін үлкен рахмет! Отбасыңызға амандық, шығармашылық табыстар тілейміз!

˜˜˜– Сіздерге де рахмет!

Н. Үсенова