- Негізгі бет
- Музыка
- "Есте сақта" әні...
"Есте сақта" әні туралы
Есте сақта бір жүрген бақтарды,
Есте сақта сол ғажап шақтарды.
Есте сақта екеуміз көз ілмей,
Армандап қарсы алатын ақ таңды.
Есте сақта мен жазған хаттарды,
Есте сақта мен салған тәтті әнді.
Енді сені сол ғана тербейді,
Өзгесі оралып келмейді... «Есте сақта» деп аталатын бұл ән сіздің есіңізде сақталған ба? Орындаушысы – Ғаділбек Жанай бұл әнді алғаш рет интернет беттерінен тауып алған екен. Бір тыңдағаннан-ақ құлағына жағымды естіліп, көңіліне қонымды көрінген әуен әншіге бірден ұнай түседі. Бірақ болашақта осы әннің орындаушысы болам деп ойламаса керек. Бір күні досымен кезігіп қалып, сыр айтысады. Досының сергелдең сезімдер жолында адасып, махаббаттан жолы болмаған хикаясына қанық болады. Жолдасын осындай қалыпқа түсірген сүйген қызы өзге шаңырақтың табалдырығын аттап, өзге ошақтың түтінін түтеткелі өзге жігітке тұрмысқа шығып кеткен екен. Тәтті сезімдер алауының тұтанып тұрып, арықарай лаулап жанбағанына жаны күйіп жүрген дос жігіт әншіге өз сезімі мен жан қиналысын танытатын әнді дүниеге әкеліп шырқауына колқа салады. Ән аясында сүйгеніне шын жүрекпен бақыт тілейтінін, ендігі жерде оған жанашыр болып жүретініннің айтылғанын қалайды. Досының халін түсінген әнші оған қарсы келе алмастан, айтыскер ақын Ринат Зайтовқа жолығып, әнді тыңдатады. Тыңдатады да, әнге досының сезімін баяндайтын мәтін жазып беруін сұрайды. Өтініш орындалып өлең дүниеге келеді. Аягөзге жол тартып бара жатқан бір сапарда дүниге келген өлең әнмен бірден үйлесіп, жарасым таба қалады. Сол бойы ол ән халықтың есінде сақталып, әлі күнге шейін жаңғырып келеді.
Ән орындаушысы - Ғаділбек Жанай
Ән сөзінің авторы - айтыскер ақын Ринат Зайытов
Осы әннің жалғасы ретінде «Күзгі жаңбыр» әні де тыңдарманның құлағына жол тартқан. Әнді Ғаділбекке «Самал» тобының мүшелері ұсынса, өлеңін тағы да Ринат Зайтов жазып берген екен. Бірінші әнде өкініш басым боғанымен, екіншісі арқылы жұбатқысы келеді.
Есте сақта...
Бәрі де артта қалды ма,
Жаным-ау, бағың жанды ма?
Сағыныш болып күн сайын
Келесің көздің алдына.
Екі жақққа екеуміз
Кетерміз, енді не етерміз?
Бақытқа, бәлкім, жетерміз
Өкініп, мүмкін, өтерміз...
Айналған бұлдыр елеске
Біздің махаббат емес пе?..
Сезімнің сұлу сырларын
Сақта мәңгі сен есте!..
Қайырмасы:
Есте сақта бір жүрген бақтарды,
Есте сақта сол ғажап шақтарды.
Есте сақта екеуміз көз ілмей,
Армандап қарсы алатын ақ таңды.
Есте сақта мен жазған хаттарды,
Есте сақта мен салған тәтті әнді.
Енді сені сол ғана тербейді,
Өзгесі оралып келмейді...
Бола алмасаң да жан-жарым,
Сен жүрегіңе алма мұң.
Кешегі келмес күндерді
Есіңде сақтап қал, жаным!
Орала алмайсың, білем мен:
Бақытың өзге біреумен.
Сонда да өмір сүрем мен
Өзіңе бақыт тілеумен...
Айналған бұлдыр елеске
Біздің махаббат емес пе?..
Сезімнің сұлу сырларын
Сақта мәңгі сен есте!..
Қайырмасы:
Есте сақта бір жүрген бақтарды,
Есте сақта сол ғажап шақтарды.
Есте сақта екеуміз көз ілмей,
Армандап қарсы алатын ақ таңды.
Есте сақта мен жазған хаттарды,
Есте сақта мен салған тәтті әнді.
Енді сені сол ғана тербейді,
Өзгесі оралып келмейді...
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: chitalnya.ru, tsengelsum.wordpress.com, elarna.kz
А. Әбілхан