Хабар арнасы "7 ән" сазды сауықтыру бағдарламасын ұсынбақ

Хабар арнасы "7 ән" сазды сауықтыру бағдарламасын ұсынбақ

Хабар агенттігі көрермендеріне тағы бір су жаңа музыкалық бағдарлама ұсынбақ. «7 ән» деп аталатын музыкалық шоу тарихтың тармақтарында сақталған өткен жылдардың пернесінде ойнаған ескі әндерді жаңаша мақаммен, заманауи үлгімен жарыққа қайта алып шықпақ.

Аңызға айналған орындаушыларымыздың ең үздік классикалық әндеріне бүгінгі жас орындаушылар жан бітірмек. Әрине, ол әндер әлі де тірі. Тек бүгінгі өнер жұлдыздары мен күміс көмей әншілер сол аңыз әндерге жаңаша әр бермек. Жақын күндері көрермен назарына ұсынылатын  «7 ән» бағдарламасының мақсаты – осы.

«7 ән» сазды сауықтыру бағдарламасында елге танымал 7 орындаушы өткен жылдардан қалған жеті әнді орындайтын болады. Әр әнді орындаған сайын әнші бір стильмен тоқтап қалмауы керек. Әр әнін әр стильге салып түрлендіруі қажет. Орындау кезінде әнді домбырамын және тағы да басқа музыкалық аспаптармен сүйемелдеуіне болады. Бағдарламаға қатысушы өзінің қандай ән айтатынын өзі таңдамайды, жеребе алу арқылы ие болады.

Бұл бағдарлама арқылы ескі әндер тек жаңғырып қана қоймайды. Әр ән айтылар тұста бағдарлама жүргізушілері сол әнге сипаттама беріп, оның қысқаша тарихына тоқталып өтетін болады. Қатысушылардың өнерін сынауға бірнеше арнайы маман мен атақты ән өнеріне қатысы бар сарапшылар қатысатын болады.

Шоудың жеңімпазына шетелге демалуға жолдама беріледі. Жобаның Бас продюсері – Мақпал Қаратайқызы, жауапты продюсер – Ринат Тәттібай.

Жаңа жобаны асыға күтейік, көрермен!

Сурет:  www.khabar.kz

А. Әбілхан