- Негізгі бет
- Музыка
- Төреғали Төрәлі өнерге...
Төреғали Төрәлі өнерге қалай келгенін айтты
Төреғали Төрәлінің әндеріне жастардың сұранысы басым. Оның орындауындағы «Іздеме» де, «Бол жанымда» да жастар арасында танымал. Әншінің шығармашылығы туралы толығырақ білу үшін Ақ желкен журналы Төреғалидің өзімен сұхбаттасыпты.
– Сізді бұрындары айтыскер ақын деп білетінбіз. Әншілікке бет бұруыңызға не себеп?
– Айтыста жүріп ән айтып кеткен жалғыз мен емеспін. Тоқтар Серіков, Еркін Нұржановтар да айтыстан шыққан. Менің негізгі мамандығым – ән салатын актер. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын музыкалық драма бойынша бітірдім. Бұған дейінгі арман, мақсатым – айтысқа шығу, өзімнің ақындық қырымды байқату болатын. Армандасаң, соған жету жолында еңбектенсең, армандар орындалады екен. 3-4 сыныптарда менен келіп: «Кім боласың?» – деп сұрағандарға: «Айтыскер ақын боламын» – дейтінмін. Біздің Байқоңырда балалардың бәрі ұшқыш болғысы келетін. Есім бір кіріп, бір шығып жүргенде ақын боламын дегенді Құдай аузыма салған шығар, бәлкім. Әншілік те, ақындық та жаныма жақын. Екі өнерді бөліп жара алмаймын. Актерлікті оқығаннан кейін әртістіктен де құралақан емеспіз. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» демей ме?! Менің алғаш үлкен сахнадағы тұсауымды Сәкен мен Мейрамбек ағаларым кескен. 7-сыныпта Қызылорданың Қазалысында «МузАрт» тобы концерт беріп, Мейрамбек ағалар мені сахнаға шығарған.
– Төреғали, жастардың аузында, ұялы телефондарда бірнеше хит әніңіз жүр. Сұхбатқа келерден бұрын ғаламторға кіріп, сіз жайлы деректер іздестірген едім. Ғаламтордағылардың көбі сізді «Еркін Нұржановтың көшірмесі ғой» деп жазыпты. Кейбір әндеріңізді Қайрат Нұртастың орындауына ұқсатқандар да бар екен. Шынымен Еркін Нұржановқа еліктейсіз бе?
– Білуімше, Қайрат Нұртасқа Ернар Айдарды ұқсатады. «Қайратқа еліктейді» дейді. Мені Еркін Нұржановқа ұқсатып жатса, екеуміздің даусымыз да қазақы дауыс қой. Сол жағынан ұқсататын шығар. Еркін менің жақын досым. Аға досым деуге болады. Әрі Еркін де, Қайрат та еліктеуге тұрарлық азаматтар деп ойлаймын. Бірақ өзім оларға емес, кішкене күнімнен «НұрМұқасандағы» Мұқасан ағаға қатты еліктедім. Мұқасан аға әкемнің досы болатын. Қызылордаға концерт беріп келгенде, Байқоңырдағы біздің үйге соқпай кетпейтін. Үлкен-үлкен постерлеріне маған қолтаңба жазып беріп кететін. «Нұр-Мұқасан» домбырамен, қазақы әндерді орындап жақсы шықты. Содан ба екен, Мұқасан аға сияқты болғым келетін. Бірақ сахнада Мұқасан ағаның дауысымен ән айтып, биін қайталаған емеспін. Көшірме өнермен көріне алмайтынымды, танылмайтынымды түсінемін, өйткені.
– Екі-үш күн бұрын «Сайран» автобекетіне барған едім. Шымкент пен Таразға жүретін автобустар сіздің орындауыңыздағы «Бол жанымданы» бірінен соң бірі, кезек-кезек қойып жатты. Ырғақты, жеңіл, ойнақы ән ғой. Екі қанатты жайып жіберіп, билей кетуге сұранып-ақ тұр. Өзіміз де «Бол жанымдаға» талай тойларда елпілдеп билеп жүрміз. Әйтсе де қазіргі эстрадада онсыз да жеңіл ән көп. Біраз уақыт хит болып, соңынан ұмытылып кететін жеңіл әндердің орындаушысы болып қаламын деп қорықпайсыз ба?
– Дұрыс айтасыз, әрине. «Іздемені» жаздырғанымда мен айтыста жүрген едім. Елдің алдында айтыскер ақын болып танылып қалғаннан кейін өзімнің әншілік қырымды байқату үшін тәуекелге бару керек болды. Тойларға беташар айтуға шығатынмын. Ол кезде «Іздемені» менің орындайтынымды жұрт біле бермейтін. Тойларда «бұл әнді мен орындаймын» деп, аузын жыбырлатып, ақша алып кеткендерді көзім көрді. Мен үлкен сахнадан орындамай жатып-ақ, бұл ән ғаламтор арқылы, телефон арқылы тарап кетті. Тойларда жиі айтылып жүрді. Қазір де халық «Іздемені» менің орындайтынымды көп біле бермейді. Халыққа үлкен дүниені тыңдату үшін, алдымен арзан дүниені ұсыну керек сияқты. Өйткені, ине өткен жерден жіп өтеді демей ме? Әуелі осындай ырғақты әндер орындасам, кейіннен толғанысқа толы үлкен шығармалар жаздыру жоспарымда бар. Әлі менің орындауымдағы жақсы әндердің тыңдарманы боласыздар.
– Дегенмен сіз орындайтын әндердің сөзі жақсы. Орындауыңыздағы әндердің сөзін өзіңіз жазасыз ба?
– Кеше ғана айтыстың есігін жауып шығып, әйтім-шәйтім дейтін, арзан ұйқасты ән айтсам, болмайтын сияқты. Ең алғашқы әнімді жаздырған кезден бастап-ақ, тыңдарманның құлағын «айым-күнім, күйем-сүйем» дейтін арзан ұйқаспен ауыртпаймын дегенмін. Өзім де бірнеше әнге сөз жазып көрдім. Өнерде жүрген аға-әпкелер, бауырлар өтініш жасаған кезде анда-санда түртіп қоятыным бар. Қиын да емес, өлең жазу ақын үшін бұйым да емес. Жүрек жабығып, көңіл сыздаған кезде бір шумақтар келеді, әйтеуір. Бірақ бір ақындар сияқты композитор ұсынған кез келген музыкаға сүйкеп өлең жаза салмаймын. Ертең титрда өлеңін жазған деген жерде менің атым тұрады. Өз есімімді арзан ұйқастардың иесіне айналдырмауым керек. Еркін Нұржановпен бірігіп орындайтын «Ботам-ай» деген әннің сөзін өзім жазғанмын. Халық жылы қабылдаған сияқты. Қазір ізденісте жүрмін. Ән табу деген өте қиын екен. Әр әншіде стиль деген болады. Мысалы, менің орындауымдағы әндерді ешқашан «МузАрт» тобы айтпайды, бәрібір. «МузАрттың» әндерін «Нұр-Мұқасан» айтпайды деген сияқты. Әр әншінің табиғатына келетін ән болады. Соны табу үлкен ізденісті қажет етеді екен. Қазір «Бол жанымда» әнінің авторы Құрал Молжановпен, «Іздеменің» әнін жазған Шымберген Сүлейменовпен шығармашылық байланыстамын. Бұл екі әннің де сөзін айтыскер ақын бауырым Қайнар Алакөзов жазған.
– «Айтыстың есігін жауып шыққаннан кейін» деп қалдыңыз. Бұдан кейін мүлде айтыспайсыз ба сонда?
– Эстрадаға бет бұрғаннан кейін әншілікті жолға қойып алуым керек. Бірақ болашақтағы шығармашылық кештерімде міндетті түрде қолыма домбырамды алып, айтысамын. Еліміздің облыстарын, аудандарын аралап концерт бергенімде залдағы көрермендердің 50 пайызы үлкендер болады. Олардың көбі мені айтыс арқылы білетін шығар деп ойлаймын.
– Айтыстан мардымды жүлде алып па едіңіз өзі?
– Айтыста төрт жыл жүріп, төрт көлік мінгенмін. Әсілі ақынның ақындық қуаты алған жүлдесімен, мінген көліктерінің санымен өлшенбесе керек. Бірақ көрермен бәрібір сөйтіп қарайды. Сіз де маған бұл сұрақты сол мақсатта қойып отырсыз. Ақшалай да сыйлық алдым. Айтысқа өкпем жоқ. Кішкене күнімде 6-7 сыныптан бастап аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, жетістікке жетіп жүрдім. 9-сыныпты бітіріп, Өнер академиясының колледжіне түскенімде, студенттердің айтысына шығатынмын. Талдықорғандағы кезекті бір айтыста Жандарбек Бұлғақовпен сөз жарыстырдым. Содан кейін Жандарбекпен жақсы дос болып кеттік. Жандарбек мені үлкен айтысқа шығуға үгіттеп жүрді. Өзім де үлкен айтысқа шығуды бұрыннан армандайтынмын. Астанадағы алғашқы айтысымда бас жүлде алдым. Содан Жүрсін Ерман ағам республикалық айтысқа қосып, аламанға салып жіберді. Үш айдан кейін Халықаралық айтысқа қатыстым. Аллаға шүкір, айтыста да тыңдармандарым болды ғой. Шама-шарқымша халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтадым. Жандарбекпен 12-13 рет айтыстым. Бір-бірімізді алма кезек жеңіп жүрдік. Бекарыс Шойбековпен екі рет айтысып, біреуінде тепе-тең түстік, біреуінде сәл басымдық таныттым. Айтыстағы алғашқы қарсыласым Ринат Зайытов болды. Ринат шайнап тастайтын шығар деп қорыққаным есімде. Көп айтыста қазылар «жас қой, бетінен қақпайық» деген шығар, кім біледі.
– Айтыста әнші бала атанғаныңызды білеміз…
– Иә, хит әндердің әуеніне салып айтысып, халықты серпілтіп тастайтынмын. «Қызыл өріктің», «Ауырмайды жүректің» әуенімен талай айтыстым. Әкем Төлеп Төрәлі айтыста біраз жерге құлашын сермеген ақын болды. Содан да болар, ойын қуғаннан гөрі теледидардан айтыстарды көріп, жаттап жүру маған қызық болатын. Әкемнен домбыра тартуды үйрендім. Ол кісі солақай болғандықтан, мен де домбыраны сол қолыммен тартып үйренгенмін. Байқасаңыз, домбыра тартқанда солақаймын. Әкемнің аздап әншілігі де бар. 90-жылдары «Бауыржан-шоу» театрының дүрілдеп тұрған кезінде сол театрда ойнаған. Кейіннен анасы жаман ауруға шалдығып, Байқоңырға қайтыпты. Әйтпесе өнерде біраз биікті бағындырар еді. Мен жетпеген жетістікке жетсін деді ме екен, әкем мені жастайымнан өнерге баулыды. Қазір өзімнің өнердегі жол бастаушым, продюсерім болып жүр. Қаржылық мәселелердің бәрін әкем шешеді. Тойға шығар кезде де әкем келіседі.
– Репертуарыңызда неше ән бар?
– «Іздеме» деген атпен 14-15 шақты әннің басын құрап, алғашқы альбомым жарыққа шыққан. Қазір екінші альбомымды жарыққа шығаруға дайындық үстіндемін. Орындауымдағы әндерді санамаппын шынымды айтсам.
– Айтыста жүргеніңізде бір топ ақынмен қажылыққа барғаныңызды білемін. Қажылықтың мән-мағынасын түсініп бардыңыз ба Меккеге? Мұсылмандықтың шарттарын қаншалықты орындап жүрсіз?
– Қайрат Сатыбалды ағамыз біраз ақынды қажылыққа апарған, арасында мен де бармын. Кіші қажылыққа барғанмын. Қай жаста барсаң да мұсылмандық парызыңды өтеудің ерте-кеші жоқ. Қажылықты түсініп бардым дей аламын. Аллаға құлшылықты әркім өзі үшін жасайды ғой. Құлшылығыңды жария қылмау керек сияқты.
– Отбасыңыз, жеке өміріңіз туралы айтсаңыз…
– Фариза, Дина есімді екі қарындасым бар. Анам орыс тілі пәнінің мұғалімі. Қазір үй шаруасында. Қарапайым қазақы отбасында тәрбиелендім. Халықты алдымен әншінің жеке өмірі емес, өнері қызықтырса екен деймін.
– Қолыңыз босай қалса, айналысар сүйікті ісіңіз бар ма?
– Бос уақытымның бәрін студияда өткіземін. Әндерімнің бәрін Баян Есентаеваның «Shine Prodakshin» орталығында жаздырып жүрмін. Қолым қалт етсе, кітап оқимын. Қазір Есенқұл Жақыпбек ағамыздың «Тазқара құстың тағдырын» оқып жатырмын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарлыға ИБРАГИМОВА
(«Ақ желкен», №1. 2015 жыл)
сурет: xmusic.kz