- Негізгі бет
- Музыка
- Роза Рымбаева: «Мағынасы...
Роза Рымбаева: «Мағынасы терең әндерді тыңдағым келеді»
Еліміздің біртуар бұлбұл әншісі Роза Рымбаева Жұлдыз FM радиосына қонаққа келді. Өзінің орындауындағы «Сәлем, саған, туған ел» әнінің жаңа радионың гимні ретінде таңдалғанына қуанышын білдірді. Жаңа радиодан әдемі әндер тыңдағысы келетінін де жасырмады.
– «Жұлдыз» радиосының әуеніне айналған «Сәлем, саған, туған ел» әнін естігенде көз алдымызға бірден сіздің бейнеңіз оралады. Осы ән тарихы мен өзіңіз жайлы айта кетсеңіз?
– Әсем қала Алматыға 1976 жылы келдім. Көптеген сазгерлер менің дауысыма арнап әндер жаза бастады. «Сәлем, саған, туған ел» әні – менің алғашқы әндерімнің бірі. Оның сөзін Шөмішбай Сариев, әнін Кеңес Дүйсекеев жазған еді. Бұл әнді Түркияда өткен халықаралық конкурста шырқап, лауреат атандым. Әнде қызылордалық ырғақ бар, менің шығармашылығымда жаңа бағыт, жаңа стиль, жаңа әуен пайда болды. Әннің ырғағы аралас, сондықтан, әуен өзгеше шықты, халық жадында сақталды.
– Кеңес Дүйсекеевтің айтуы бойынша, сіз өзге елдерде концерт қойғанда кеш шымылдығын осы әнмен ашады екенсіз. Бұл сіздің және Қазақстанның "визит карточкасына" айналғандай...
– Менің "визит картам" – «Әлия» әні. Бұл ән кейіндеу шықты. Концерттерімді, шыны керек, бұл әнмен ашқанымды ұмытып қалдым. Репертуарымда үш жүзден астам ән бар. Бұл әнді көп шырқамадым, тек 1977-1979 жылдар аралығында «Гүлдер» ансамблімен айттым. Қырық жыл өткен соң, әнді де ұмытып қалдым. Ал қазір жастарымыз айтып жүр.
– Осындай медиаресурстардың, оның ішінде радионың қазақ әндерін көпшілік арасында насихаттауының қаншалықты пайдасы һәм ықпалы бар деп ойлайсыз?
– Иә, әрине. Бұл жерде радионың әнді және жеке әншіні көпшілікке кеңінен танытуда маңызы зор екенін айтып өткен жөн болар. Олардың ішінде таза қазақ тілді тыңдарман қауымға негізделіп құрылған радиолардың көп болғаны игі еді, әрине. Енді, міне, жастар радиосы бар. Бұл радио тыңдаушыларға өз әртістерімізді өз тілінде тыңдауға жақсы мүмкіндік береді. Бұл өте жақсы, осыған дейін қазақ әндерін ел қалың ұйқыда жатқанда түнгі 3-тен таңғы 6-ға дейін ғана қоятын. Басқа уақыттардың бәрінде шет елдің әндері орындалып жатады.
– Радио жастарға арналған соң, қандай мазмұнда болғаны дұрыс?
– Біріншіден, салмақты, ұлттық әндерді қою керек, өйткені, жастардың ойлау қабілетін арттырып, бойларына қазақы әуенді сіңіру керек. Олардың тек көңілдерін көтермей, тәрбие де беру керек. Классикалық музыкаларды да, өз әндерімізді де кәсіби әнші болғандықтан, тыңдап білеміз. Қазіргі жастардың орындаушылығы мені аса қатты қызықтырмайды, себебі, бәрі бір-бірін қайталайды. Маған бұл әндердің бәрін бір әнші түрлі дауыста жазып қойғандай көрінеді. Тіпті, ажырата алмай қаламын. Қазіргі жастардың бірен-саранын ғана танимын.
– Жастарды тәрбиелеу үшін қандай мамандар қажет?
– Музыка редакторын, музыка сыншысын даярлау керек. Комиссия мүшелері эфирді қадағалап отыруы қажет. Олар музыкант болуы тиіс. Жастар радиосы болғандықтан, эстраданы түсінетін, содан хабары бар, соны жақсы сынап, талдай алатын музыкалық редакторларды қою керек. Сол кезде, жақсы-жақсы әндер уақытылы эфирде шырқалып тұрады.
– Бір сөзіңізде "Кеңес Дүйсекеевтің әні мұрағатта сақталып қалды, одан кейін тыңдалмады" деп айттыңыз. Сол сияқты құнды әндерді қайтадан сіз секілді әншілерге жаңадан өңдеп айтқызу қажет деп санайсыз ба?
– Міндетті түрде отыз-қырық жыл бұрын айтылған әндерді қайтадан айту ешкімнің мақсаты емес. Біз бүгіннің әндерін айтуымыз керек. Отыз-қырық жыл бұрын біздің композиторларымыз басқаша жазған, біздің оркестрміз де, өңдейтін адамдар да басқа болатын. Сол деңгейге қайтадан түспеуіміз қажет, дәл қазір бүгіннің әндерін орындау керек. Ал бұларды ретро әндер ретінде қабылдауға болады.
– Қазақ жастарына арналған «Жұлдыз» радиосында тек қазақ әндері шырқалады. Өзге ұлт әндерінің де берілгені дұрыс деп ойлайсыз ба?
– Ол енді өздеріңіздің мақсаттарыңызға байланысты. Ал меніңше, қазақ радиосы деген соң, тек қазақ әндерін қойғандарыңыз жақсы.
– «Жұлдыз» радиосында болашақта қандай әндерді тыңдағыңыз келеді?
– Әдемі әндерді тыңдағым келеді. Мен «Аспанға қараймынды» тыңдағым келмейді. Ал мағынасы терең әндерді қуана-қуана тыңдаймын.
– Сөз соңында Жұлдыз FM радиосына өзіңіздің бір ақ тілегіңізді арнасаңыз...
– Мен Жұлдыз FM-ді шынында да нағыз жұлдыздар шығатын радио толқыны деп санаймын. Жастар радиосы болғаннан кейін жастардың өнерін, ұлтымыздың өнерін жоғарғы деңгейге көтеретін нағыз таланттарды насихаттауларыңыз керек. Міне, осы маңызды жолда мен сіздерге шын жүректен шығармашылық табыс тілеймін.
– Үлкен рақмет, сізге де үлкен шығармашылық табыстар тілейміз!
Редакциядан: Радионы мына сілтемеге өтіп онлайн тыңдауға болады.
Сурет: Массагет.кз