Жастарға арналған заманауи радио жұмысын бастады

Жастарға арналған заманауи радио жұмысын бастады

Әуе толқынында тұңғыш рет жастарға арналған заманауи жаңа радио жұмысын бастады. Күніңіздің шуақты, көтеріңкі көңіл күйге толы болуына кепілдік беретін радио еліміздің 18 қаласында хабар тарататын болады. Айта кетелік, радио Астана қаласында сәл кейінірек іске қосылады.

Жастар сұранысын толыққанды қанағаттандыра алатын жаңа радио аты – «Жұлдыз FM». Ресми түрде тұсаукесер рәсімін өткізбесе де, жаңа әуе толқынындағы радио көп күттірмей тың туындыларымен тыңдармандарына жол тартты. Замануи жаңа әндер, радио-шоулар мен қызықты бағдарламалар көпшілік көңілінен шығады деген сеніміміз мол. Әуезді әндермен қатар, еліміздің тыныс-тіршілігі және маңызды ақпараттарды жедел таратып та тұратын болады.

Жаңа толқындағы жаңа радионың ұстанымы немесе «Әнұраны» ретінде Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел» әні таңдап алынған. Танымал композитордың өзі қуана-қуана келісімін беріп, радио басшылығының сөзін жерге тастамапты. Осы орайда, жастарды жаңа бағытқа жетелейтін «Жұлдыз FM» радиосы жобасын жүзеге асырғалы отырған азаматтармен тілдесудің сәті де түскен-ді.

Мәдина Өмірбекова, «Жұлдыз FM» радиосының директоры:

- Бірде достарымызбен бас қосып отырған бір кеште елімізде жастарға арналған радионың жетіспейтіні туралы сөз қозғалды. Бұл жоба туралы ойлар айтылып, кейіннен нықтап қолға алуды жөн деп шештік. Алдымен радио концепциясын жасақтап, толықтырулар мен түзетулер енгізіп отырдық. Әрине, бәрі бірден тез арада шешіліп кеткен жоқ. Радиоорталықты құру үшін біраз уақыт кетті, біраз еңбектендік. Әсіресе, техникалық тұрғыдан жасақтау оңай болған жоқ. Соның барлығын артта қалдырып, бүгін біз әуе толқынында өз хабарымызды тарата бастадық. Радио атауын да таңдау оңай болған жоқ. Алдымызда бірнеше нұсқалар болды. Бірақ, жастарға арналғандықтан, оларға бағыт бағдар болатын шоқ жұлдыздай болсын деп, жастар жүрегіне жақындау атау ретінде «Жұлдыз» деп атауды шештік. Қазіргі таңда алыс шалғайдағы кей жерлерге ғаламтор немесе газеттің өзі жетпей жатады. Ал радио болса, өз толқынымен таралып тұрады. Біз де осы «Жұлдыз FM» арқылы жастарға қызықты, пайдалы дүниелерді тарту етуге бар күшімізді салатын боламыз. «Жұлдыз FM» дәл қазіргі уақытта техникалық тексерістерде қаралып, әуе толқынына шығып тұр. Еліміздің 18 қаласында, яғни ірі аймақтарында хабарын таратуда. Бірақ, әр қалада әр түрлі жиілікте. Бар жоспарымыз, іс-шараларымыз әлі алда. Ресми түрде ашылу уақытын алдағы күндері белгілейтін боламыз. Бұл қараша айының ортасына тұспа-тұс келетін секілді. Сол кезде әуе толқынына арнайы бағдарламаларымызбен шығып, әуезді әуен мен радио-шоуларымызды қоса тыңдармандарымызға ұсынатын боламыз.

df

Әзімхан Ахмет, «Жұлдыз FM» продюсері:

- Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта жастарға арналған бір радио қажет екені байқалды. Өзге елдерде бұл әлдеқашан жолға қойылған. Бұл алғаш біздің басшылықтың ұсынысымен жүзеге асқалы отыр. Ол үшін қуаныштымыз. Радионың келешегі үшін тер төгетін боламыз. Радиоға кез келген музыкамен айналысатын, жоғарғы сапада жазылған әндерді қабылдаймыз. Ол үшін есігіміз ашық. Бізде бәрі тегін. Басты ұстанымымыз да о баста солай құрылған. Әрине, әкелген әннің әуезіне, сөзіне, бастысы сапасына баса мән береміз. Біздің әуендер саясат, дін немесе алалаушылық тақырыптарынан аулақ. Ән арқылы, бағдарламалар арқылы адам жанын достыққа, бауырмалдылыққа, адамгершілікке жетелейтін дүниелер ұсынылады. Әзіл-қалжың бағдарламалары, үздік әндер шеруі ұсынылады. Сонымен қатар, көңілді әрі замануи әндер көпшіліктің көңілінен шығады деген сенімдемін.

Жаңа әуе толқынына қосылған жаңа радиоға шығармашылық табыс тілейміз!

Massaget