Айқын ешкімнен ән ұрлаған жоқ

Айқын ешкімнен ән ұрлаған жоқ

Таяуда көрермен назарына Айқын Төлепбергеннің «Жалаң аяқ қыз» әніне бейнебаяны ұсынылды. Бейнебаянды Айқын көктем мезгілінде Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарында түсірген екен. Бейнебаян шыға салысымен тыңдармандар әннің өзбек әншісі Шохрухханның 2012 жылы шыққан әніне қатты ұқсайтындығын айтып, плагиат дегендер де болды. Біз бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін әншінің менеджеріне хабарласқанымызда, «Бұл ешқандай да плагиат емес, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған сазды өңдеген осы өзбек әншісі Шохруххан» - деп күмәнді сейілтті.

Осы арада, 27 тамыз күні Айқын көпшілікке шығармашылық өміріндегі екінші күйтабағының тұсаукесерін жасады. «Асылым» деп аталатын альбомға Айқынның тыңдармандардың көңілінен шыққан ескі әндерімен қатар, жаңа әндері де енген. Жалпы альбом 16 әннен тұрады. Бұған дейін 2006 жылы әншінің «Корабли» күйтабағы жарық көрген болатын.

«Асылым» күйтабағының тұсаукесеріне Айқынның өнердегі достары мен жақындары келіп құттықтап, әндерін арнап, тілектерін жаудырды.

Әншіге қолдау білдіріп келгендердің қатарында жақында ғана «Арманға» күйтабағының тұсаукесерін жасаған Әли Оқапов та болды. Ол Айқынға деген лебізін жасырмады: «Мен Айқынның бұрыннан жанкүйерімін. Сонау «Superstar.kz» кезеңінде оны қолдап, смс жолдағаным да есімде. Сондықтан оның шығармашылығын бұрыннан бақылаймын және жоғары бағалаймын. Екеуміздің өнердегі жолдарымыз қатар келіп, бірге жұмыс жасап жүргенімізге өте қуаныштымын».

Тележүргізуші Асхат Садырбай да Айқынның өнерін жоғары бағалайтынын айтты: «Айқын эстрадада өз орны бар әнші ғой. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін, жаңалыққа құмар. Таланты бар, даусы бар, ойы, түрі, харизмасы, стилі бар әнші. Тек сәттілік тілеймін! Жақсы әндері көп болсын!»

Айқын Төлепбергеннің менеджерінің сөзіне сенсек, алдағы уақытқа әншінің шығармашылық жоспарлары орасан зор. Қазіргі кезде әнші Қазақстан бойынша гастрольдық сапарын бастап кеткен. Сонымен қатар жаңа әндер жазуды жалғастырып, көрермендерін жаңа бейнебаяндарымен қуанта бермек. Біз де өз кезегімізде әншіге шығармашылық табыс тілейміз!

Сурет: Instagram.com

Автор: Анар Мұстафина

A. Mustafina